ТАРИХЫМЫЗ ЖАНҚОЖА, КӨТЕРІЛІСІН ЖАНАЙ ӨТІП ЖҮР
ТАРИХЫМЫЗ ЖАНҚОЖА, КӨТЕРІЛІСІН ЖАНАЙ ӨТІП ЖҮР
Молдахмет Қаназ, жазушы:
О бастан Ел мен Ер егіз ұғым. «Ер есімін ел сақтар, ел үмітін ер ақтар» деген қазақ мақалы осыны меңзейді. Жат елдіктердің үздіксіз шабуылына ұшыраса да, тарих толқынынан аман шыққан халықтың ұлт-азаттық күресі ешқашан толастаған емес. Ол күрес ұлан-байтақ қазақ елінің барлық түкпірінде үздіксіз жүріп жатты. Сондай халық қозғалыстарының бірі, Хиуа, Қоқан хандықтарына және патшалық Ресейге қарсы жарты ғасырға созылған Сыр бойы шаруаларының көтерілісі. Оған басшылық жасаған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774–1860) аталған елдердің зорлық-зомбылығына қарсы тұрып, еліне қорған болып, жарты ғасыр бойы аттан түспеген ұлт батырларының бірі ретінде тарихта қалды.Биыл батырдың дүниеге келгеніне 240 жыл толып отыр. Соған байланысты Қызылордада облыстық көлемде Жанқожа батырға арналған мерейтойлық іс-шаралар өтті. Осыған орай Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ұлт тарихындағы орны мен ол бастаған көтерілістің маңызы жайында көптеген еңбектер жазып, бірнеше кітап шығарған көрнекті жазушы Молдахмет Қаназға жолығып, бірнеше сұрақтар қойған едік. Биыл да батыр мерейтойы тұсында «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» (Денсаулық. 2014 ж) атты құжаттар мен деректерге негізделген жаңа кітап шығарып жатқан жазушымен сұхбатымыз, негізінен сол кітап жайында өрбіді.
– Жанқожа Нұрмұхаммедұлы сияқты халқының азаттығы жолында басын бәйгеге тігіп, ел мен жер тұтастығы үшін қол бастап қан майданға шыққан және оны елу жылдан астам уақыт бойы тоқтатпаған ұлт батырының, қандай қиын замандарда ел жадынан өшпеуінің себебі неде?
– Қарапайым халық арасынан шығып, бірімен-бірі текетірескен төрт бірдей мемлекеттің көкпарына түскен қара халқының қайыспас қамқоры, батыр әрі би, халқы әулие тұтқан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жайлы өлең, жыр, дастан, талай-талай ауызекі әңгімелермен қатар деректер де өзі тарих қойнауына кеткен соң ұзамай қағазға түсе бастаған. Оның басты себебі, әрине, қайсар батырдың биік адами тұлғасы мен халықтың риясыз сүйіспеншілігіне бөленуі.
Қоғамдық формация, мемлекеттік құрылым, саясат, ұрпақ – бәрі де өзгереді. Өзгермей келе жатқан бір қасиетті ұғым бар. Ол – бостандық, ел-жұртыңның азаттығы. Бұғаудан құтылған азат ел ғана жері мен суының игілігін көріп, еркін дамиды, жұртына азат елдің ұрпағы ғана тіреу бола алады. Сол азаттық жолына құрбандыққа шалынған қазақтың талай қаһарман ұлдарының қатарынан Жанқожаның да шоқтығы биік көрінеді. Ата жұртының ауық-ауық еске ала беретіні де содан.
– Батыр жайлы алғашқы деректер хатқа қалай түсті, оған кімдер атсалысты?
– Жапандағы жалғыз үйінде намазға ұйып тұрған қарттың қара құлқыны үшін жатжұрттықтардың қолшоқпарына айналған сатқындардың қолынан мерт болғанына бес жыл өткізбей-ақ, 1865 жылы, дұшпандары орыс зерттеушісі, осы істерге куә Л.Мейер, одан кейін М.Н.Галкин, В.И.Макшеев қаламдарына іліккен болса, батыр тұлғасының соған лайық болғаны да. Одан бергі бүгінгі күнге дейінгі бір жарым ғасырда талай су ақты, талай алмағайып заман өтті.
Сонан кейін 1890 жылы И.В.Аничков ұсынып, жарық көрген «Батыржан Хуженур Маһмуд ұғлының қиссасы» деректі мақаласы болып жалғасып келеді. Басқыншы атаулыға тән ұстаным – олардың ешқайсысы да жергілікті ұлттың озық қасиеттерін көре білмейді. Бола қалғанда да өктемдікпен таптап, әрқилы тәсілдермен тәуелді халықтың ұнжырғасын түсіріп, мәңгүрттендіріп, кемсітіп, басқаруға оңтайлап алады. Үлкен саясаттағы осы дәстүр қарадан шыққан қазақты қалай аттап өтсін, халық жоғын жоқтаушы батыр патшалы Ресейге айтса да, айтпаса да дұшпан.
– Жанқожа батырға арналған жаңа кітабыңызға кірген материалдар жөнінде не айтасыз? Кеңес дәуірінде бұл тақырыпқа кімдер барды?
– Батыр жайлы көркем шығармалар әр кезде жарық көріп келе жатқандықтан мерейтойды өткізу жөніндегі комиссияның әбден орынды ұйғарымы бойынша бұл жинаққа дәрежелерінің әрқилылығына қарамастан деректі, зерттеу мәніндегі мақалалар мен тақырыпқа қатысты құжаттар ғана іріктелді.
Бұрын бұл тақырыпқа байланысты бөлек жинақ құрастырылған емес.
Феодалдық дәуірдегі жазу-сызуы кемшін көшпелі ортада батыр бастаған көтерілістің үздік-үздік көріністері тек ауыз әдебиетінде. Жанқожа Нұрмұхаммедұлының орыс қағазына еріксіз түсетін тұсы ішін бермесе де олармен қарым-қатынас орнатуға мәжбүр – шамамен 1840 жылдардан басталады. Орыс әкімшілігі өз мүддесі үшін қазақтың бас көтерер кісілерінің бәрінен де көз жазбай мұқият бақылап отырған. Олар ізіне халық ерген әйгілі тұлғамен санаспай отыра алмайды. Бұл кезде дария бет сүргін, батырды, әсіресе, Хиуаның дүркін-дүркін қайталанған шапқыншылықтары титықтатқан. Жұртына қорған болуы мүмкін хандық жойылған. Халық тыныштығы үшін орыс күшін пайдаланудан өзге амал жоқ-тұғын.
Орыстар кіші жүз жеріне ішкерілеп, бекіністер сала бастаған кезде Жанқожа кемеліне келіп тұрған халық аузындағы батыр, елдің қорғаны, қатардағы көп билердің бірі емес, өте ықпалды «народный судья(бий)», талай түйінді мәселелерге төрелік етіп отырған өңірдегі ірі саясаткер.
1937 жылдың зобалаңы, одан кейінгі Кенесары көтерілісінің дауынан соң зиялы қауым арасын үрей жайлап, Сыр бойы шаруаларының көтерілісі тақырыбы жабулы қалды. Материалдарды түгендеуге ешкімнің батылы бармады. Тіпті жұрт ел аузында қалған әңгімелер мен қиссаларды жинап, қағазға түсіруге де үрейленетін. Сөйтіп талай деректер біржола келмеске кетті.
Кеңес дәуірінде – 1940 жылы – онда да кәсіби тарихшылар, онда да жау алуы қиын орыс авторлары А.Якунин мен В.Шахматов бастағанға дейін бір де бір қазақ тарихшысы көтерілістің себеп-салдарына қалам тартқан емес. Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымов туралы зерттеуіне білдірген қырын пікірі үшін кейін қазақ тарихшылары тарапынан көзтүрткіге айналған Т.Шойынбаевтың жинаққа түгелге жуық енгізіліп отырған монографиясы көтеріліс барысын түбегейлі, байыпты қарастырған мәнді еңбектердің бірегейі.
– Жинақтың құрылысы мен тақырыптық жүйеленуі ондағы материалдардың маңызы туралы айта кетсеңіз?
– Жинақталған материалдардың жосығына орай кітап «Патшалы Ресей дәуірі», «Кеңес кезеңі», «Қазақстанның егемендігінен кейін», «Құжаттар мен пікірлер», «Тарих тұжырымдары» атты бес тарауға бөлініп отыр.
Негізгі құжаттар Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында сақталғанымен, Мәскеу, Ташкент, Орынбор қалаларында да санаулы зерттеушілер пайдаланғанымен, көпшілік көзіне түспеген деректер жатыр.
Қазақстан тарихына қатысты патшалы Ресейдің, оның басқыншылық пейіліне айғақ талай-талай астыртын әрекеттерді жалғанның жарығына шығаратын аса құпия деректерінен «тазартылған» жинақ Кеңес өкіметі құрылғаннан 44 жылдан соң 1961-1964 жылдары әрең жарық көрген екі томдық «Казахско-русские отношения в ХVIII-XIX веках» жинағына енгізілген. Бұнда батырдың жеке басына және сол кезеңдегі қоғамдық ахуалға байланысты бірсыпыра мағлұматтар бар.
1856-1857 жылдардағы Қазалыдағы кішкене шектілердің көтерілісінің ішкі жайттарына байланысты құжаттар Ресей Федерациясы Орталық Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайынан (ЦГВИЯ РФ) алынды. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында сақтаулы көтерілісті басып, қатысушыларды тонап, оның басшыларының көзін жоюды ұйымдастырып, жүзеге асыру, жандайшап жендеттерді марапаттау жөніндегі айғақ құжаттардың бірсыпырасы тұңғыш рет жарияланып отыр.
Жинақтан көзіқарақты оқырман бұрын жарық көрмеген тың деректер табады.
1844 жылы Хорезм ханының Есет Көтібаровқа Жанқожаның көзін жою туралы әйгілі хаты бұрын айналымда жүрген болса, Мұхаммедәмин хан бин Аллақұлдың батырға жазған тағы бірнеше хаты, Ермұхаммед Қасымовтың батырды өлтіргендігі туралы өз қолымен жазған есебі – екеуі де араб харпінен кириллицаға аударылып, тұңғыш рет жарияланып отыр.
– Жинақтан Жанқожа батырға берілген ресми тарихтың тұжырымдамасын оқи аламыз ба?
– Қандай да бір болсын, ықпалды оқиғаларға әрқилы, тіпті бір-біріне кереғар пікірлерді сараптай келе ұлт мүддесі тұрғысынан әділ баға беретін мемлекеттің ресми тарихы. Біздің тарих аталған көтеріліске баға беруге келгенде ұятты.
1949 жылы жарық көрген кеңестік «Қазақ ССР тарихынан» бастап 2010 жылғы «Қазақстан тарихына» дейінгі төрт бірдей ресми томдықтардан тақырыпқа тиісті тарауларда көрінетін біріне-бірі кереғар сапырылысқан сан-алуан пікірлерді саналы оқырман саралар деген мақсатпен «Тарих тұжырымдары» бөліміне топтап, жинақтың түйінделер тұсына қосып отырмыз.
– Сіз бұдан бұрын да «Ел қорғаны – Ер Жәкем» атты кітап құрастырып, ол 2007, 2008, 2012 жылары үш рет басылды. Онда Жанқожа батыр жайлы жазылған бірер құжат үлгілері келтіріліп, бірнеше зерттеу мақалалар енгізілгенімен, негізінен, көркем әдеби туындылар қамтылған болатын. Ал мына кітап деректі дүниелердің басын біріктірген, ғылыми салмағы бар еңбек екен. Ендеше, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жайындағы барлық деректі осы кітаптан таба аламыз ба?
– Әр кезеңде, әртүрлі басылымдарда жарияланған кейбір, тіпті көтеріліске куә орыс әскерилерінің, жазбаларының қай басылымнан алынғандығы жинаққа тартылған әр мақаланың өз тұсында көрсетулі. Оқырманның қабылдауына қолайлы болу үшін тақырыптардың қай-қайсысының да жылнамалық ретін сақтап, бұрыштамаға көрсетіп бердік.
Жинаққа батыр жайлы қолға түскен пікірлердің қай-қайсысы да алаланбай, қол тигізілмей сол күйінде енгізілді. Асан Досжанов ықтиятпен аударған И.В.Аничковтың «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты еңбегінен өзге мақалалар мен құжаттар әу басқы тілінде беріліп отыр.
Құжаттардың ескілігінен, әртүрлі кісілер жазғандықтарынан, түсініксіз, тіпті өшіп қалған сөздер кезігеді. Қате жазылған кейбір жер-су, ру, кісі аттары да түпнұсқадағы қалпында сақталды.
Құжаттар мұрағаттардан ксерокөшірме мен фотоаппаратқа түсіру арқылы жинақталғандықтан, бұрын қаламмен көрсетілген ескі қағаздардағы беттерде бірер ауытқулар кездесуі мүмкін.
Жинақты дайындауға бөлінген уақыт қысымшылығынан әлі де қамтылмай қалған деректердің басы баршылық. Олар ресми тарих үшін елеусіз болып көрінгенімен кезеңдегі оқиғалардың өрбу барысын, «мыңмен жалғыз алысқан» батыр тұлғасын түсінуге, дәуір тынысынан мағлұмат беріп, сол оқиғаларға қатысқан кісілерді әлі де таныта түсер еді. Батырдың күрес жолына, оның үстіне сол кездегі ел тағдырына байланысты арпалыс, дұшпандары мен тілеулестері жайлы деректер бұл жинақта ақи-тақи түгенделе қалды деуге ерте.
– Әңгімеңізге рахмет.
Дайындаған
Ахмет ӨМІРЗАҚ