ӘНШІНІҢ ЖАЛҒЫЗ ШАПАНЫН ҚЫЗҒАНБАЙЫҚ
ӘНШІНІҢ ЖАЛҒЫЗ ШАПАНЫН ҚЫЗҒАНБАЙЫҚ
Ұлттық әндерді де, эстрадалық әндерді де нақышына келтіріп орындайтын өнер иелерінің бірі – Тамара Асар. Өнерде де, өмірде де батылдығымен көзге түсіп жүрген талантты әнші өнерді бала кезден өзіне серік еткен. Өнерге ерте араласқан әнші Тамара жуырда Астана қаласында кезекті жеке ән кешін өткізбекші. Концерттің алдында Тамара Асармен сұхбаттасудың сәті түскен еді.– Сіздің батылдығыңыз, қайсарлығыңыз туралы жұртшылық жиі айтады. Расында, Тамара Асар қаншалықты батыл?
– Мен де пендемін. Өзімді «мен батырмын, қайсармын, жүрек жұтқанмын» деп айтудан аулақпын. Барлық адамдар секілді менің де қорқып, үрейленетін кездерім болады. Сахнаға шыққан сайын қатты қорқам. Халықтың сөзі де өткір, көзі де өткір. Одан кейін жан-жағымда жүрген жақын жандар үшін қорқам. Олардың жанымда төрт көзі түгел жүргені мен үшін өте маңызды. Жақын-туыс, дос-жаранның азайғанынан қорқам. Шынын айтсақ, қазақтың бәрі батыр. Бабаларымыз жаугершілік заманда қолына найза алып, жауға шапқан болса, қазіргі бейбіт заманда да ерлік жасап жатқан ұлттың ұрпақтары да аз емес. Ұлт үшін ерлік жасағандардың жанында менің батылдығым жайында сөз қозғаудың өзі ұят екен.
Маған жігер беретін ата-анам, балам, жанкүйерлерім, өнерім. Рухы мықты жандар қолтығымнан сүйеп тұрғанда құламайтынымды білемін. Қиындық әркімнің басында болатын нәрсе, тек оны жеңудің кілті – жүректе. Өмірге ғашық жан кез келген қиындыққа төзімді болып келеді. Арнайы жүректі жұдырықтай қылып түйіп, белгілі бір мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде қайсарлық танытатыным бар. Содан кейін кез келген ортада сөзден тосылмай батыл жауап беретінім бар. Мәнді сөйлеу, ойыңды тосылмай жеткізу деген қанмен келген қасиет шығар. Алла маған өз бойыма сай күш-қуат берді. Ал маған сенім артатындардың қатары көп. Жақындарымның үмітін ақтау – менің парызым.
– Танымал әншілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме? Әншілер ешқандай қолдау көрсетілмейді дейді. Бір қарасаң әншілердің ішкені алдында, ішпегені артында. Қайсы сөзге сенуге тиіспіз?
– Әншілердің басты қолдаушысы да, қорғаушысы да – халық. Бізді өсіретін де, өшіретін де тыңдармандарымыз. Өнер адамдарының халық назарына жақсы, сапалы дүниелерді жиі ұсынуының өзін тыңдарманның ыстық ықыласы мен үлкен сұранысының арқасында десем қателеспесім анық. «Ішкені алдында, ішпегені артында» деген баршылықты біз үшін халық туындатып отыр. Себебі халық ұнатқан әншілеріне, өнер адамдарына шапан жауып, ат мінгізуі ерте кезден-ақ келе жатқан дәстүр. Біздің қазіргі тыңдармандарымыз да бұл дәстүрді жалғастырып жүргенін айту керек. Оны жасырудың қажеті шамалы. Мұны біз халықтың бізге көрсеткен ілтипаты, ықыласы деп білеміз. Әрдайым бізді қолдайтын халқымыздың амандығын тілейміз. Сондықтан шапаны жабулы, аты мінулі әншілерге кейбір мамандық иелері басқа көзбен қарайды. Әншілерді халықтың қалтасына түскендей жазғырып жатады. Бұл – қате пікір. Қазақта «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деген жақсы нақыл бар. Өнер адамына жабылған шапанның уақыты келгенде тозатыны, халықтың мінгізген атының да жасы келгенде өлетіні белгілі. Сондықтан әншілердің артында жинақталған қор жоқ екеніне мен куәмін. Әртістердің барлығы бірдей асып-тасып, шалқып өмір сүріп жатқан жоқ. Ал сондай биікке жеткендер өз еңбектерімен табысты болды. «Қасқырды аяғы асырайды» дейді ғой. Барлығы да қазақ өнері үшін жанын салып еңбектеніп жүр. Олардың еңбектеніп тапқан жалғыз шапанын қызғанудың қажеті жоқ секілді.
Үкімет тарапынан да қолдау жоқ деп айта алмаймыз. Кейбір кезде концерт өткізген залымыздың ақысын төлеп береді, кейде мемлекет тарапынан арнайы сыйлықтар алып жатамыз. Мәселен, еңбек сіңірген әртістер үшін белгілі бір медициналық көмектер 50 пайызға төмен бағамен көрсетіледі. Мемлекет тарапынан әншілер ешқандай қолдау көріп жатқан жоқ деп айту ұят. Бұл деген – нағыз ауызды қу шөппен сүрту. Үкімет халық үшін жұмыс жасап жатыр. Ал әншілер халықтың бір тамшысы ғана.
– Қазір мағынасыз, сапасыз әндер көбейіп кеткенін жасыра алмаймыз. Сіз әннің мәтініне қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Қазіргі өнерде жүрген жастардың көпшілігі әннің мәтініне көңіл бөлмейді. Репертуардың мазмұнды болуы үшін көп еңбектену, іздену керек. Уақыт өткен сайын репертуарыңның жаңарып, түрленіп отыратыны рас. Әндеріміздің жаңарған сайын мән-мазмұнын жоғалтпауына мән бергеніміз абзал. Әннің де естісі бар, есері бар. Халықтың көңілінен шығатын есті әнді таңдап алу – әншінің міндеті. Есті ән ұйықтап жатқан жүректерді оятады, жүректің қылын тербейді, санаңа түрлі ой салады. Сол себепті, мен әннің мәтініне баса назар аударамын. Репертуарымдағы әндерімнің мазмұнды болғанын қалаймын. Тыңдармандарыма сапасыз әндер ұсынғым келмейді. Әннің мазмұны мен үшін бірінші орында. Әрине, саз бен сөз үйлесім тапқанда ғана еңбегің жемісті болады. Әншінің өзіне лайықты ән табуы оңай шаруа емес. Сөзі ұнағанда әні көңілден шықпауы немесе керісінше болуы мүмкін.
Музыкалық тілде өлшем, әннің ырғағы деген түсініктер бар. Осыған байланысты кейде өңдеушілер маған наразылық білдіріп жатады. «Мына әннің сөздері өлшемге келмейді. Тым ұзақ», – деп ренжиді. Ал мен «Бұл сөздің мазмұнына мән беріңдерші. Өте мағыналы дүние емес пе?», – деп ақталамын. Бірақ ән өңдеушілерді әннің мәтінін өзгеріссіз қалдыруға көндіремін. Сол мәтінмен әнді бір өлшемге түсіріп береді. Сөзі нашар, мағынасыз әнді айта да алмаймын. Тіпті, мен үшін ол әннің сөздерін жаттау да мүмкін емес. Орындаған әрбір әнім халықтың көңілінен шығуы үшін, жоғары баға алуы үшін көп ізденемін.
– Шетелдік әндерді орындауға құмартқан әншілер қатары көбеюде. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
– Қолынан келсе, қонышынан бассын. Мүмкіндігі жетіп тұрса, қалаған әнін орындасын. Шетелдік әндерді орындаймын деген әншілерді кінәлаудың қажеті жоқ. Көңілі соны қалап тұрса, неге айтпасқа? Әлбетте, таңертеңнен қара кешке дейін шетелдік әндерді айтып тұрсын демеймін. Бірақ арасында репертуарға өзге елдің әндерін қосып отыруға болады. Оның еш әбестігі жоқ. Әртүрлі халықтардың әнін айтқан тәжірибені арттырады. Орындаушының тынысы, дикциясы ашылады. Әрбір орындалған ән әнші үшін үлкен жаттығу. Жаттығудың әр түрін жасап тұру керек. Сондықтан шетелдік әндерді орындама, тек қана мынадай әндерді айт деп бір шеңберден шығармау деген дұрыс емес.
Менің өзіме шет тіліндегі әндердің әуені ұнаса, орындай беремін. Репертуарымнан көңіліңіз қалаған әнді табасыз. Тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағылшын, француз тілінде әндер де бар. Шетелдік әндер қазақ эстрадасына бүгін ғана келді десек қателесеміз. Көршілес қырғыз ағайындардың «Жылқышы» әнінің бізге келгеніне жарты ғасырдан асып кетті. Қазір әншілерімізді «қырғыздың әндерін орындап жүр» деп кінәлап жүрміз ғой. Алайда сол қырғыздың әуендері халықтың сұранысына ие. Әншілер қауымы халық үшін еңбек ететін болғандықтан, тыңдармандарына ұнаған әндерден неге бас тартуы қажет? Бір таңданарлығы, біздің әуенде ұлт болмайтындығын ескермейтініміз кедергі болып отырған секілді. Еліміздің мақтанышына айналған әнші апамыз Роза Бағланова да көптеген тілдерде ән орындады. Оның орындауындағы «Ах, Самара-городок» әнін айтып әлемге танылған орыс әншісін айтып көріңізші?! Роза Рымбаева да шетелдің талай әнін әлемге танытқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселе, әуеннің шетелдік болғанында емес. Орындаушының әнді сезіне, жеткізе білуінде. Шетелдің әнінен қорқудың қажеті жоқ. Сол әндерді қабілетіне қарамай жұрт алдында орындауға талпынғандардан қорқу керек.
– Астана қаласында ән кешін өткізгелі жатыр екенсіз. Бұл кеш бұрынғылардан несімен ерекше болмақ? Кешке дайындығыңыз қалай?
– Алла қаласа, қазан айының 31-ші жұлдызында Астана қаласындағы «Қазақконцерт» залында жеке ән кешім өтеді. Ән қоржыныма біраз ән жиналып қалды. Кешке қазір қызу дайындық үстіндеміз. Соның әсерінен қазір мүлдем бос уақытым болмай тұр. Мен жеке ән кешімді ұйымдастыру үшін ұзақ ойланамын. Ән кешімнің ерекше болып өткенін қалаймын. Жаңашылдықты ұнататындықтан әрдайым сахнаға үлкен дайындықпен шығамын. Бұл жолы да концертімнің ерекше өтуі үшін көп тер төктік. Концерттің арнайы сахнасы дайындалған. Осы кеште өзімнің арманымды орындайтын бір тосын сыйым бар. Бұйыртса, ол сыйды кешке келген халыққа ұсынамын. Алдын ала кеш туралы, концерттегі тосын сыйым туралы ешнәрсе айтпай-ақ қояйын. Мұны әзірге құпия сақтағым келеді. Кешіме келген сүйікті тыңдармандарым, өнер сүйер барша қауым менімен бірге барлық қызықты сол концертте көреді. Сол күні жеке әнжинағымның да тұсауын кеспекпін. Еңбегімді тыңдармандарым елеп жатса, олардың көңілінен шықса қуанамын. Менің үлкен жеңісім – халықтың маған берген жоғары бағасы. Концерт ойдағыдай өтіп, әрі қарай денсаулығым жақсы болса, Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, кешімді өткізуді жоспарлап отырмын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әсел ӘНУАРБЕК