СЫРДЫҢ БОЙЫН ДҮБІРЛЕТКЕН

СЫРДЫҢ БОЙЫН ДҮБІРЛЕТКЕН

СЫРДЫҢ БОЙЫН ДҮБІРЛЕТКЕН
ашық дереккөзі
363

Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтары мен патшалық Ресей басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – қазақ тарихында алатын орны биік алып тұлғалардың бірі. Биыл Қызылорда облысында Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде аталып өтілді.
Мерейтой 14 қазанда басталып, алғашқы шара – Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық кітапханасында батыр мерейтойына орай Жанқожа Нұрмұхаммедұлы атындағы қордың демеушілік етуімен жарық көрген көрнекті жазушы Молдахмет Қаназдың мұрағат деректерінен құрастырылған «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты кітабы, Нұрлан Көбегенұлының «Жанқожа батыр туралы жырлар» дастандар кітабы, жыршы Сардарбек Қожағұлдың «Жанқожа батыр» жинағы және Әбсаттар Оспановтың «Наркескен» кітабының тұсаукесері болып өтті.
Келесі күні Қызылорда қаласы теміржол вокзалы алаңында Жанқожа батыр ескерткіші ашылып, оның ашылу рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, республика ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбай, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов сөз сөйлеп, жиналған халықты ұлт батырына арналған еңселі ескерткіштің тұғырға қонуымен құттықтады.
Мерейтойлық шара одан әрі қаладағы студенттер сарайында жалғасын тауып, онда «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияда баяндама жасаған көптеген білікті ғалымдар Жанқожаның ұлт тарихындағы орны мен ол бастаған халық көтерілісінің маңызына ерекше тоқталды. Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы Жанқожа батыр бейнесінің эпостық жырларда суреттелуі мен сомдалуы жөнінде ғылыми мәні зор пікірлер айтты.
Қазанның 16-да Қазалы ауданының орталығында жалғасқан батырдың тойы таңертеңгі сағат 9-да Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр ескерткіш кесенесіне халықтың тағзым етуімен басталды.
Сағат 11-де Қазалы ауданы орталығынан 40 шақырым жердегі Жанқожа батыр ауылында «Тағзым» алаңының және «Жанқожа батыр саябағының» ашылу рәсімі болып, онда жиналған халықтың назарына «Жәдігер Тұрсынов» атындағы Қазалы ауданы халық театрының өнерпаздары «Елі үшін туған Ер Жәкем» атты театрландырылған қойылым ұсынып, концерттік бағдарлама көрсетілді. Одан соң Жанқожа батырдың өмірі мен ерлігіне арналған жыраулар фестивалі болып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Қармақшы ауданынан келген жас жыраулар батырға арналған дастандарды орындады.
Әйтеке би кентінде «Түйе палуан» атағы үшін қазақша күрестен сайыс өткізіліп, оған 36 спортшы қатысты. Облыстың ең мықты балуандарының арасында биыл «Қазақстан барысында» Сыр өңірінің намысын қорғаған қармақшылық балуан Айбек Серікбаев қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдеге тігілген автокөлікті қанжығасына байлады.
Аудан орталығындағы №249 мектеп-лицейінің кең залында «Халқына қорған болған батыр баба» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 14 ақын аламан айтыстың көрігін қыздырып, жоғары ұпай жинаған алтауы ақтық сынға жолдама алды. Оза шапқан ақындар «Құлмамбет айтыс» жасады. Яғни алтауы бірдей сахнаға шығып, айтысты. Өте тартысты өткен айтыс соңында жүлдегерлер марапатталып, бас жүлдені түркістандық Бекарыс Шойбеков (2 миллион), бірінші орынды шиелілік Мейірбек Сұлтанхан, екінші орынды Әсем Ережеқызы иеледі. Жалпы айтысқа қатысқан барлық ақынға да жүлде берілді.
Мерейтойдың соңғы күні, 17-қазанда батырдың мерейтойына арналып ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өткізіліп, бәйгі жеңімпаздарына 7 жеңіл автокөлік берілгенінің өзі жарыс деңгейінің өте жоғары болғанын көрсетсе керек. Сөйтіп, Аламан бәйгенің 4 жеңімпазы, құнан бәйге, тоқ бәйге және жорға жарыстың әрбірінің бір жеңімпазы автокөлікке ие болды.
Осы той тұсында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінің көптеген көшелері асфальтталып, Жанқожа батыр ауылына баратын үлкен жол жаңадан салынды, батыр атындағы ауылда «Тағзым алаңы», «Жанқожа батыр саябағы» ашылды, Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі №269 мектепке Жанқожаның аты қойылды. Өзбекстан Республикасымен шекарада Қызылқұм өңіріндегі бабамыздың мүрдесі жатқан бейітіне жақын орналасқан №2019 әскери бөлімнің шекара бекетіне халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді.
Ия, еліміздің батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен бірдей ағылып, төрт күн бойы Сырдың бойын дүбірлеткен қалың ел өз батырының мерейін көтеріп, рухын аспандатты. Бұл – халқының азаттығы үшін жанын аямаған хас батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлындай ер тұлғаға лайықты құрмет еді.

Серіктес жаңалықтары