Ел назары «ЭКСПО-2017»-де

Ел назары «ЭКСПО-2017»-де

Ел назары «ЭКСПО-2017»-де
ашық дереккөзі
308

Осы апта астаналық ЭКСПО көрмесіне қызу дайындықтың қандай деңгейде ұйымдастырылғанын көрсететін межеге айналды. Әуелі апта басында елордаға Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес ат басын бұрды. Жоғары деңгейдегі кездесулер мен сан түрлі жиындар барысында 2017 жылғы халықаралық мамандандырылған көрмеге жасалып жатқан дайындық мәселелері сөз болды. Ал кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылар бас қосып, арнайы жиын өткізді. Халықаралық қатысушылар жиыны ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған арнайы форумға ұласпақ.Сейсенбі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталесті қабылдап, алдағы көрмеге дайындық мәселелерін талқылаған еді. Бұл – соңғы екі жылда Висенте Лоссерталес мырзаның Қазақстанға осымен төртінші рет арнайы ат басын бұруы. 
Бұл жолы да Лоссерталес мырза қазақстандық жоба жайлы жылы пікір білдіріп, көрмеге дайындық деңгейін жоғары бағалады. «Құрылыс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, тіпті бекітілген жоспардан озып кетті. 25 жылдық жұмыс тәжірибемде мен құрылыстардың осындай қарқынды әрі қажетті деңгейде жүргізілгенін көрген емеспін. Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ойдағыдай өтетініне сенімдімін», ‒ деді Лоссерталес мырза. 
Кеше Халықаралық қатысушылар жиынына қатысып, сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев та көрме құрылысының бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап көрсетті. Оның айтуынша, құрылыс барысын Елбасының өзі арнайы барып, бақылап жүр. 
Халықаралық көрмелер бюросының лауазымды өкілдері бастап, ЭКСПО Комиссары хатшылығының мамандары қостаған шараға 80-нен аса елден арнайы өкілдер келген. Бұл жиында Қазақстан алдағы көрмеге дайындықтың жай-жапсары жайлы баяндап, қонақтарды көрме кешені құрылысы барысымен таныстырады. Бұдан басқа алқалы басқосуда негізгі тақырып бойынша жасалатын зерттеулер деңгейі, жергілікті және халықаралық деңгейде көрмені насихаттау мәселелері талқыланды. Жиын аясында «Болашақ энергиясы» атты форум өткізу де жоспарланған.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияев: «Бұл жиынның негізгі мақсаты – Қазақстанның «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге қажетті әлеуетінің жеткілікті екеніне халықаралық қатысушылардың көзін жеткізу», ‒ деді.
Еліміздің туристік қабілетін насихаттау, әлемдік деңгейдегі шараға халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, ықыласын арттыру, ғаламдық деңгейдегі насихатын күшейту – басты назарда.
Осы мақсатта алдағы уақытта «Astana Official Guide» имидждік басылымы жарыққа шықпақ. Бұл жер-жерден келетін туристер үшін басты жолаушы бағдары болады. Онда елорданың көрнекті жерлері сипатталып, тарихы баяндалып, астаналықтардың мәдени өмірі жайлы, сауық-сайран құратын орындар, әлеуметік нысандар туралы қажетті мағұлмат беріледі. Сондай-ақ халықаралық көрмеге қатысу шарттары туралы жан-жақты ақпарат ұдайы жарияланып отырмақ. Жаңа басылымның алғашқы саны жарты жылдан соң жарыққа шығады деп жоспарланып отыр. 
Ал бүгін басталып, екі күнге созылатын «Болашақ энергиясы: шығарылатын СО2 мөлшерін азайту» атты халықаралық форумда көмірқышқыл мөлшерін азайту, қуат көздерін үнемдеу, олардың тиімділігін арттыру, жалпыға арналған қуат, жаңа өмір салты сияқты өзекті мәселелер талқыланады. Форум жұмысына биылдың өзінде энергетика саласының 500-ден аса маман, ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форум жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналмақ. 
ЭКСПО халықаралық мамандан­ды­рылған көрмесі Қазақстан үшін бас­ты стратегиялық жобалардың біріне айналды. Көрме тақырыбы етіп таңдалған «Болашақтың қуаты» аймақтық емес, ғаламдық деңгейдегі ізденіс пен зерттеу нысанына айналуға лайық. Мұны әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен ғалымдар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері де мойындайды. Қазақстан көтерген мәселе барша әлем үшін өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бәлкім, ЭКСПО-2017 ғаламдық экологиялық апаттардың алдын алып, жер шарының табиғи қорларын сақтауға сеп болар. 
Осы орайда, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бұл салада Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері бар екенін атап өтті. «ЭКСПО-2017 қайталанбалы баламалы қуат көздері саласы мен қуат көздерін тиімді пайдалану мәселесін шешуде адамзаттың ең озық жетістіктерін таныстыру алаңқайы болуы тиіс. Болашақтың қамын ойлаған халықаралық қауымдастық сияқты Қазақстан да «жасыл» экономиканы енгізуді белсенді түрде қолдап отыр», ‒ деді ол. 
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, астаналық көрменің басты тақырыбына арналған ғылыми-зерттеу жобаларының алаңқайына айналады.
Осылайша, Халықаралық қаты­сушылардың басқосуы мен­ «Болашақ энергиясы: СО2 шы­ға­рын­дыларын азайту» форумы – 2017 жылғы халықаралық маман­дандырылған көрмесін лай­ық­ты деңгейде өткізуге жасалған дайын­дықтың үлкен сатысы. Қазақстан бүгінге дейін атқарылған шаруаларды қорытындылап, алдағы екі жарым жылда тындырылатын шаруаларды тағы бір рет пысықтады. «Көп түкірсе – көл» – ЭКСПО-ның ойдағыдай өтуінің басты қағидасы осы, шамасы.
К.ЖЕҢІС
Астана 

Серіктес жаңалықтары