ЭКСПО МЕКТЕПТЕРГЕ КЕЛДІ

ЭКСПО МЕКТЕПТЕРГЕ КЕЛДІ

ЭКСПО   МЕКТЕПТЕРГЕ КЕЛДІ
ашық дереккөзі
164

Ғаламдық оқиғадан қазақстандық жас өрендер тыс қалмайды. 2017 жылы Астанада өтетін бүкіләлемдік көрме жайлы жан-жақты ақпарат беру үшін ұстаздар қауымы оқушыларға түрлі инновациялық сабақтар өткізуді қолға алған. Осындай ізденістің нәтижесінде «Болашақ бүгіннен басталады: EXPO-2017 Астана» атты әдістемелік құрал жарыққа шықты.Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы ұжымының бастамасымен қолға алынған жоба әуелгіде шеберлік сыныптары түрінде өткізілген екен. Тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, география, орыс тілі мен әдебиеті пәндердің мұғалімдері ЭКСПО тарихына, мақсатына, мазмұнына арналған сабақ үлгісін осы жерде ортаға салған. Ең үздік, ең соны деген сабақ үлгілері іріктеліп, жаңа жинаққа енгізіліп отыр. Жинақтың шығарылуына ҚР Тұңғыш Президенті мұражайынан бөлек «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы және Астана қаласы білім басқармасы бірлесе атсалысқан.
Бұл әдістемелік құрал мектеп мұғалімдері үшін жас ұрпаққа ЭКСПО көрмесі жайлы тартымды әрі пайдалы сабақ өткізуге көмекші құрал болады дейді шараны ұйымдастырушылар. Мұнда сабақтарды семинар, конференция, дөңгелек үстел, саяхаттау, байқау, жарыс, дәріс және ғылыми жоба сияқты сан алуан әдіс арқылы өткізудің жай-жапсары баяндалып, дайын үлгілер көрсетілген. Осының бәрі мұғалімдер үшін өзіндік тәжірибе алмасудың бір жолы екеніне дау жоқ.
Жинақтың бір тарауы мектеп оқушылары мен студенттердің баламалы қуат көздеріне қатысты ғылыми жобаларға арналуы оның құндылығын арттыра түскен. Бұған қоса, «Астанатану» курсының материалдары да енгізіліпті. ЭКСПО тарихы мен Қазақ елордасының тарихы, даму көкжиегі, өсу жолдары осылайша бір кітапта бір-бірімен өріле баяндалады.
Осы аптада әдістемелік құралдың тұсаукесері өткізілді. Осы жиынға қатысқан жинақ авторларының бірі, Астанадағы №13 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әсел Қуанышеваны сөзге тарттық:
– Сіздің сабақ үлгіңіздің атауы «Путешествие по ЭКСПО или Welcome to Kazakhstan» деп аталады екен. Осы үлгіні сіз мектепте сабақ түрінде өткіздіңіз бе?
– Иә, №13 мектепте былтыр 10-сыныпта осындай сабақ өткіздім. Соның үлгісі бүгін мына жинақта жарық көріп отыр. Осы тақырыпта сабақ өткізген мұғалімдер көп болды. Бірақ жинаққа тек озық жоба деген үлгілер енгізілген. ЭКСПО жайлы айтатын әңгіме көп. Атақты Эйфель мұнарасы осы ЭКСПО үшін салынған, Шыны сарайы да ЭКСПО-ға арналып құрастырылған.
– Ал балаларға ЭКСПО жайлы сабақ не үшін керек деп ойлайсыз?
– Бұл сабақтар жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеу үшін өте маңызды. Олар кешегі кеңестік кеңістікте Қазақстанның осы бүкіләлемдік көрмені өткізу мәртебесіне ие болған бірден-бір мемлекет екенін біліп өсуі тиіс. Бұған дейін ЭКСПО негізінен Еуропа елдерінде, одан соң Қытай мен Жапонияда ұйымдастырылды. Ал Қазақстан туралы әлемде екінің бірі біле бермейді. ЭКСПО қазақ елінің атын әлемге әйгілейтін бірден-бір шара. Халықаралық деңгейдегі мұндай шара туралы жас ұрпақ білуі керек.
– Ұстаз ретінде бұл жобаның сіз үшін берері не?
– Мен үшін бұл жоба ЭКСПО туралы балаларға әңгімелеп берудің мүмкіндігі. Себебі балаларымыз ЭКСПО туралы там-тұмдап әр жерден естіп жүр. Бірақ әлемдік деңгейдегі шараның маңызын жетік түсінбейді. Бұл ЕҚЫҰ саммиті сияқты екі күн ғана емес, Астананың төрінде үш ай бойы өткізілетін ауқымды шара. 100 елден делегаттар, қонақтар келеді. Олар алып келген білім, тәжірибе, көрме үшін салынған ғимараттар, жасалған ғылыми жобалар – бәрі осында, өзімізде қалады. 11-сыныпта өткізілген сабақта оқушылардың таңданысы әлі есімде. «Сонда шынымен осының бәрі үш айға созыла ма?», – деп сұрайды оқушылар. «Иә, үш ай бойы жалғасады», – деймін мен. ЭКСПО қалашығының сызба-макетін көрсеттім. «Шынымен де осының бәрі бізде салына ма?», – дейді олар. «Иә, осының бәрі бізде болады», – деймін мен. Енді, міне, мына әдістемелік құралдағы сабақ түрлерін де өткізіп көремін деген ойдамын. Бұл жинақта ұстаз ретінде мен үшін өнеге болатын түрлі жобалар бар екен.
Кітап Астана қаласы мектептеріне тегін таратылып, облыс орталық­та­рындағы білім ордаларына оның электронды нұсқасы жолданады. Болашақта мұндай әдістемелік құрал шығару ісі жалғаса бермек. Ендеше, ЭКСПО мен Қазақстан байланысы туралы мектеп оқушылары егжей-тегжейлі білетін болады.

Шынар САМЕТОВА

Серіктес жаңалықтары