ЕҢСЕСІН ТҮЗЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР

ЕҢСЕСІН ТҮЗЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР

ЕҢСЕСІН ТҮЗЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР
ашық дереккөзі
149

18 қазанда «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральды газ құбыры пайдалануға берілді. Инновациялық жобаның құрылысы Елбасының жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес «Алматы облысын 2020 жылға дейін кешенді газдандыру бағдарламасы» аясында жүргізілді. Елді мекендердің әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын түзеуге айрықша көңіл бөліп отырған «Нұр Отан» партиясының «Біздің ауыл» жобасы да игі іске бастамашыл болды.Газ құбырының алауы «Талғар» автоматты газ бөлу стансасында жағылды. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғалиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әлихан Тойбаев пен Николай Логутов қатысты. Облыс басшысы мен ресми де­ле­гация өкілдері тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға табиғи газ бе­рілуінің нышаны ретінде от тұтатты.
ҚР Энергетика министрлігінің жа­­нындағы ведомствоаралық комис­сия өңірлік газдандыру сыз­­­басын бекіт­кеннен кейін, «ҚазТрансГаз–Алматы» компания­сы магистральды газ құбырының құры­лысын 2010 жылы қолға алған бола­тын. Құбыр­дың ұзындығы – 64,4 км, жобаның жалпы құны – 7,8 миллиард теңге. Жоба құры­лысының басты ерек­шелігі ретінде бұл салада алғаш рет отандық өндірушілер ұсынған металл құбырлар мен құрал-жаб­дықтар қолданылғанын да атап өту керек.
«Алматы–Байсерке–Талғар» газ­ құбырының 380 мың халқы бар 60-тан астам елді мекенді жы­лына өнімділігі 2,4 млрд. текше метр газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Алматы қаласының газ­бен жабдықтау жүйесін тұрақтан­ды­руға мүмкіндігі бар. Жыл соңына дейін Талғар қаласы, Өтеген батыр кенті мен Байсерке, Покровка ауылдарының тұрғындары газбен қамтылмақ.
Талғарлықтарды қуаныштарымен құт­тық­таған облыс әкімі іске қо­сыл­ған құбырдың арқасында көгіл­дір отынға қол жеткізген облыс хал­қының үлесі 11%-дан 30%-ға артатынын жеткізді. «Алматы облысын газдандыру үшін салынып жатқан «Алматы – Талдықорған» газ құбырының маңызы зор. Қазіргі таңда 140 шақырымның құрылысы аяқталды. Газдандырудың бірінші кезеңінде облыстың жеті ауданы мен Талдықорған қаласы жаб­дықталса, екінші кезеңде газ құбы­рын Үшарал қаласына дейін жеткізу арқылы Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын қамтамасыз ете аламыз. Яғни 172 елді мекендегі 430 мыңнан астам адам көгілдір отынның игілігін көре алады», – дейді Амандық Баталов.
«Қазақстан – Қытай» транзиттік магис­тарльды газ құбырының құры­лы­сы да ерекше маңызға ие. Бұл жоба Еңбекшіқазақ, Панфилов және Ұйғыр аудандарындағы 94 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді. Егер облыс бюджеті есебінен қолға алынатын тағы бір ірі жоба – «Байсерке – Қапшағай» газ құбыры­ның құрылысы сәтті аяқталар болса, Алматы облысының 80%-ы көгілдір отынмен қамтылады екен.
Жерлестерінің қуанышына ортақ­тас­­қалы келген ҚР Мәжілісің депутаты Әлихан Тойбаев көгілдір отынның ел тұрмысындағы маңызына тоқталды. «Бүгін – аудан халқы үшін ерекше күн. Өйткені талғарлықтар көгілдір отынды көп күтті. Мен де Талғар ауданының түлегімін. Көмір жағудың тауқыметін білемін, тұр­ғындардың қыстан қысылып шық­қанын да талай мәрте көрдім. 90-жылдардың басында табиғи газ деген бізге ертегідей көрінетін. Бүгін ақиқатқа айналып отыр. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын», – деді депутат өзінің құттықтау сөзінде.
Іске қосылған газ құбыры арқы­лы көгілді отын бірінші кезекте Талғар ауданындағы №7 бөбекжай-бала­бақшаға берілді. 2 мен 7 жас ара­лы­ғындағы 380 баланы тәрбиелеп отыр­­ған балабақша ұжымының қуаны­шында шек жоқ. «Осы уақытқа дейін сұйық отын жағып келдік. Оның жеткізілу жолы қиындық тудыратын, бағасы да көңіл көншітпейді. Енді жылу мәселесі шешімін тапты. Ата-аналар балалары үшін алаңдамайтын болды», – дейді бөбекжай меңгерушісі Алуаш Отарова. Балабақшаға облыс әкімі мен ресми делегация өкілдері арнайы ат басын бұрып, жылыту қазандығына жалғанған көгілдір отынның алауын тұтатты. Алғашқы газ алауының балабақшада жағылуын жақсылықтың нышанына баладық. Бұл – ұрпағын ұлықтайтын ұлт екендігіміздің дәлелі.

Анар ЛЕПЕСОВА

Сыбайлас жемқорлықпен күрес — ортақ міндет

Ақмола облысында аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы Ақмола филиалының төрағасы С. Кулагиннің қатысуымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының, «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының бірлескен отырысы өтті.

Жиында партияның аумақтық филиалдарының сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыстары, Ақмола облысының білім басқармасының өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі салалық бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауы, бюджеттік ұйымдардағы мемлекттік сатып алулардың ұйымдастырылуының «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының талаптарына сай жүргізілуі сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, өңірдегі мемлекеттік мекемелердің бюджет қаржысын заңсыз пайдалану фактілерінің алдын алу мен жою бойынша атқарылып жатқан шараларға талдау жасалды.
Биылғы жылдың шілде айында «Нұр Отан» партиясы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес жөнін­дегі 2015-2025 жылдарға арнал­ған бағдарламаның жобасын жұрт­шылықтың назарына ұсынғаны белгілі. Құжат жобасы өңірде қызу талқыға түсті: 6 мыңнан аса бастапқы партия ұйымдарының отырыстарында, өңірлік партиялық кеңестерде және Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымдастырған дөңгелек столда талданды. Партия мүшелері, сараптамалық қауымдастық және интернет қолданушылары бар, ұзын саны 900-ден астам ұсыныстар мен толықтырулар келіп түскен.
Басқосуда сөйлеген сөзінде облыс әкімі С.Кулагин сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардан нәтиже шығу үшін қоғам тарапынан қолдау қажеттігін қадап айтты.«Қоғаммен бірлесіп, оның белсенді қолдауын таппаса бағдарлама ішінара ғана жүзеге асырылады. Осыған байланысты партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бағдарламасы азаматтық қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуге, қоғамдық бақылау жүйесін дамытуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес проблемасы, біздің қоғамымыздағы өте өзекті проблемалардың бірі болып табылады, ал одан қорғанудың жаһандық емі жоқ. Сондықтан біз бәріміз бірігіп жұмысты жетілдіруді, қоғамдық және партиялық бақылауды қамтамасыз етуді, азамат­тар­дың құқықтық санасы мен сыбай­лас жемқорлыққа төзбеушілігін қалып­тастыруды жалғастыруымыз керек» – деді өңірлік партия ұйымының төрағасы С.Кулагин.
Расында да, сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат болса, сол жерге тамыр жаятын қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, бұл дерт біздің елімізді де айналып өткен жоқ. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлық – сылып тастайтын сыртқы жара емес, тамырын тым тереңге жайған дерт. Сондықтан бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары