ҚАРТТАРҒА ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН

ҚАРТТАРҒА ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН

ҚАРТТАРҒА ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН
ашық дереккөзі
238

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!». Ақын Исраил Сапарбай қайран қалған қазақ қыздарына бұл жолы біз де таңданып қайттық. Бір топ қазақтың қарагөздері «Алматы қалалық медбикелік күтім ауруханасында» қызмет етіп жатыр дегенді естіп, аурухана есігін қаққан едік.Бұл аурухана жайлы білетіндерден білмейтіндер көп. Аурухананың басты жұмыс күші – медбикелер. Соңғы уақытта медбикелердің кәсіби деңгейін арттыру қолға алынып жатыр. Айта кетейік, бұл мәселеге «Нұр Отан» партиясы да көз жұмып қарап отырған жоқ. Медициналық қызметтің сапасын арттыру, медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеру туралы «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық құжаттарында да айтылған. Бүгінде Қазақстанда 150 мыңнан астам медбике қызмет етеді. Олардың қызмет сапасын арттыру үшін «Нұр Отан» партиясы келелі істер атқарып келеді. Медбикелердің кәсіби мерекесі қарсаңында арнайы шара­лар өткізуді де дәстүрге айнал­дыр­ған. 
Мүгедек жандарға, ауруы асқы­нып, жүріп-тұрудан, сөйлеуден қалған қарт­тарға медбикелік күтім жасайтын ауру­хананың есігінен кіргеннен-ақ емделушілердің қиналған ащы дауыс­тары естіледі. 1992 жылы тұ­сауы кесілген «Алматы қалалық медбикелік күтім ауруханасына» Алматы қаласы мен Денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетеді. Әуелден-ақ қарттарға, өз-өздеріне көмек көрсете алмайтын мүгедектерге арнап ашылған аурухана 22 жыл бойы өз міндеттерін қалтқысыз атқарып келеді. 
Аурухана мемлекеттік тапсырыс бойынша жылына 960 науқас қабыл­дайды. Емделушілердің медбикелік кү­тім ауруханасында жылына 1 рет тегін жатуға мүмкіндігі бар. Нау­қас­тарға 25 күн бойы медбикелер толық күтім көрсетеді, денсаулығында кінәрат бар кісі ем-дом алып, мас­саж қабылдайды. Сонымен қатар, медбикелер емделушілердің туған-туыстарымен де тығыз байла­ныста болады. Науқастардың қамқор­шы­ларына медбикелер арнайы кеңес береді. «Бізде көбінесе созылмалы аурулармен ауыратын адамдар жатады. Олардың көпшілігі өздігінен жүріп-тұра алмайды, тамақтана алмайды. Сондықтан оларға ерекше күтім керек. Ондай науқастарға кү­тім жасауды барлық адам бірдей біле бермейді. Ал біздің медбикелер емделушілеріміздің туыстарына дұрыс күтім жасаудың жолдарын да үйретеді», – дейді аурухананың директоры Гүлнара Ерғазықызы. 
Бұл ауруханаға науқастар қалалық ем­ха­на­лардан арнайы портал арқылы келіп түседі. Порталда ауруханадағы бос орындар саны және науқастардың есепте тұрған ауруы, олардың барлық анализдері көрсетіледі. Сол арқылы науқастарды ауруханаға қабылдайды. Ауруханадағы емделушілердің басым көпшілігі қарт адамдар. Сондықтан өлім жағдайы да кездеседі екен. Кәріліктен, аурудың әбден асқынуынан қайтыс болатын науқастардың барын аурухана директоры да жасырмады. Аурухана директоры Гүлнара Тұрсынованың мәліметіне сүйенсек, бір жылда 90-ға жуық науқас қайтыс болады. Ал биылғы жылы өлім көрсеткіші өткен жылға қарағанда 2 пайызға төмендеген. Ауруханаға келіп жатқан науқастар арасында ешбір құжатсыз, көше кезіп жүрген қарттар да кездеседі екен. Биыл ешбір құжатсыз ауруханаға түскен 12 адам тіркелген. Оларға белгіленген 25 күн ішінде медбикелік күтім көрсетілгеннен кейін бейімделу орталығына жіберіледі. Ары қарай құжатсыз жандармен сол орталық жұмыс істейді. 
Гүлнара Ерғазықызы: «Бізде тек қа­на медбикелік күтім жасалады. Ауруха­на­мызда реанимация жоқ. Тәулік бойы қада­ғалап отыратын дәрігерлер де жоқ. Дәрігерлеріміз тек консультанттар. Келіп, емделушілерді тексеріп кетеді. Біздің ең басты назар аударатынымыз – олардың тағамы. Емделушілердің барлығы арнайы диеталық тағамдармен тамақтанады. Екінші – ойық жараның алдын алу. Одан кейін гигиеналық талаптарды сақтау, массаж жасау деген қызметтерді атқарамыз. Аяқ-қолы істемей қалғандармен де жұмыс жасаймыз. Медбикелердің міндеті – науқастарды күнделікті қадағалау. Яғни қан қысымын, пульсын, температурасын өлшеу, гигиеналық тазалықты сақтау. Ал кіші медбикелердің қызметі тіптен қиын. Олардың міндетіне бөлмені таза ұстау, науқастардың төсек-орнын, киімдерін тазалау кіреді», – дейді. Ауруханада қазір 33 медбике, 34 кіші медбике қызмет атқарады. 33 медбикенің 13-і жоғары санатты. Олар жыл сайын екі рет біліктіліктерін тексеру үшін сынға түседі екен. Бұл ауруханадағы медбикелер дәрігерлерден тәуелсіз жұмыс жасайды. Көпшілік медбикелерді дәрігерлердің көмекшісі секіл­ді қабылдайды. Ал бұл аурухана­ның қызметкерлері мұны жоққа шы­ға­рып, өздерінің біліктіліктерін дәлел­деп келе жатыр. «Алматы қалалық мед­би­келік күтім ауруханасы» тек Алматы қаласының тұрғындарын ғана қабыл­дайды. Өйткені аурухана Алматы қала­сының жергілікті бюджетінен қаржы­ланады. Бюджеті аз аурухана ұжы­мы демеушілер табуға мүдделі. Сонымен қатар, аурухана өзін-өзі қаржылан­ды­руды да қолға ала бастады. Қазір ауруханада ақылы бөлім де бар. 25 күн тегін ем қабылдаған науқастарға туыстары ары қарай дұрыс күтім жасай алмаса, оларды ақылы бөлімге ауыстырады екен. Ақылы бөлімнен бөлек ауруханада неврология және терапия бөлімдері жұмыс жасайды. Дәл қазір ауруханада 100-ге жуық науқасқа күтім көрсетілуде. 
Ауруханада жатқан емделушілермен тілдесуге рұқсат берген директор екінші қабатқа жіберді. Төсекке таңылып жатқан науқастардың қиналып жатқандығын бірден ұғуға болады. Бірі сөйлей алмай қиналса, енді бірі орнынан тұра алмай қамығып жатыр. Жүруден, отырып-тұрудан қалған қарт емделушілердің палаталарын аралап жүріп, режиссер Қалдыбай Әбеновті көзіміз шалып қалды. Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» фильмін түсірген режиссер Қалдыбай Әбенов те осындағы медбикелердің шапағатын көріп жатқан науқастардың бірі екен. Режиссерді сөзге тартпақ болып жанына барғанымызда, бірден медбикелерге алғысын жаудыра бастады. Инсульт алып, жүріп-тұрудан қалған Қалды­бай Әбеновті қайта тірілткен осы ауру­хананың медбикелері екен. Медби­келер­дің сөзіне сүйенсек, бұл кісі әуелде ауруханаға түскенде қозғала алмайтын жағдайда болған. Ауруханада көрсетілген күтімнің арқасында науқас 3-4 күн ішінде аяғын баса бастапты. «Бұл жерде жатқан науқастардың бәрі о дүниеге бір барып қайтқандар ғой. Мұнда жүрген қыздардың барлығы қазақтар, тек қазақ тілінде сөйлейді. Ең алдымен, соған қатты қуандым. Медбикелер тарапынан барлық күтім жасалып жатыр. Бізді тамақтандыратын да, жуындыратын да, киіндіретін де, тіпті, әжетханаға жетектеп апаратын да осы медбике қыздар. Біздің жанымызды арашалап қалған осы жандар. Мен алғаш мұнда түскенде мүлдем отырып-тұра алмайтын едім. Осы қыздардың арқасында аяғыма тұрып, жүре бастадым. Алғаш келгенде бұл жерде жатпаймын деп бас тартқанмын. Кейін аяққа тұрып, өзім жүре бастаған соң қыздарға риза болдым. Бұған дейін көп жерлерде емделгенмін. Мұндай қарттарға көмек көрсетіп, солардың көңілін табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұлардың жасап жатқаны ерлік. Осы қыздар туралы ешкім білмейді. Олардың жасап жатқан ерлігін өз көзіңмен көрсең таң қаласың. Қазақтың қарагөз қыздарына менің алғысым шексіз. Осы жерде жатқандардың барлығы алғыстарын білдіріп жатыр. Істері алға баса берсін», – деп ақтарыла сөйледі режиссер Қалдыбай Әбенов. Қалдыбай ағамыз қыздардың еңбегіне риза болғандықтан олардың жасап жатқан жемісті еңбектерін ел білсе екен, көрсе екен деген тілегін де жеткізді. 
Ауруханаға келіп, медбикелердің көрсеткен көмектерінің арқасында сауығып кеткен науқастардың алғашқысы Қалдыбай Әбенов емес. Бұған дейін де талай сырқат жанның аяққа тұруына ықпал еткен аурухана қызметкерлері өз жұмыстарын үлкен махаббатпен істейтіндіктерін айтады. «Басқа ауруханалардан ауыр халде келіп, кейін аяққа тұрып кетіп жатқандар бар. Қазіргі таңда біздің ауруханада 100 орын бар. Геронтолог, терапевт, психиатр, невропатолог жұмыс істейді. Бұл кісілердің жасап жатқан ем-домына, күтіміне емделушілер дән риза. Біздің ауруханада 4 мезгіл тамақ беріледі. Барлық қызметкерлер шын көңілімен жұмыс жасайды. Менің осы жерде жұмыс істегеніме 5 жыл болды. Емделушілердің берген ақ батасының арқасында біз шаршамай, талмай жұмыс істейміз», – дейді неврология бөлімінің аға медбикесі Шакизада Үсенова. 
Жұмыстары ауыр болса да, науқастарға өз ата-аналарындай қарап, күтім көрсететін қазақ қыздарының қайсарлығына тағы бір мәрте куә болдық. Ата-анасын, баласын көшеге тастап қашып кететін көкек аналар мен қайырымсыз балалар көбейген бүгінгі заманда «Алматы қалалық медбикелік күтім ауруханасы» қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағаламасқа болмайды.
Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары