«ЕХРО-2017» КӨРМЕСІ БИЛЕТТЕРІНІҢ ҚҰНЫ БЕЛГІЛЕНДІ
«ЕХРО-2017» КӨРМЕСІ БИЛЕТТЕРІНІҢ ҚҰНЫ БЕЛГІЛЕНДІ
«ЕХРО-2017»
көрмесі билеттерінің орташа бағасы белгілі болды. Бұл туралы Астанадағы Тәуелсіздік
сарайында өткен «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушылардың бірінші
кездесуі кезіндегі баспасөз мәжілісінде «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы»
АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев хабарлады.
«Тіркеу құжаттамасында көрме
билеттерінің орташа құны көрсетілген, шартты түрде 28 еуро және одан жоғары.
Мұның бәрі EXPO-ның қандай табыс әкелетініне байланысты. Біз 283 миллион еуро
түсіруді жоспарлап отырмыз. Егер билеттер үш ай ерте сатылып кетсе, өз
бағасында болады, ал егер кейінірек сатылса, басқаша болады. Аз қамтылған
отбасылар үшін өтемақылар ойластырылған, әзірше оның мөлшері белгісіз», – деді Талғат
Ермегияев.
Сонымен қатар Ермегияев мырза
Астананың қонақ үй қорына байланысты мәселелерді де сөз қылды. Қатысушылар үшін
еліміз инвестициялық қаржы есебінен қонақүйлер салады. Қонақүйлер бойынша
арнайы департамент жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ туристер келетін барлық
қонақүйлермен меморандум бекітуді жоспарлап отырған көрінеді. «ЕХРО-2017»
көрмесіне қатысушыларға баспана ретінде қолданылатын 1300 пәтер де салынып
жатыр екен. Халықаралық көрмеге қазір 142-ден астам елге шақыру жіберілген.
«Қазір бұл елдердің көрмеге қатысуы туралы
келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мен көрме комиссары ретінде EXPO-ға қатысу
жөнінде келісімшарттар бекіту және шақыру тарату үшін сапарларды бастадым.
10-ға жуық ел өздерінің қатысатынын растады. Келер жылы көп мейман шақырылады
деп отырмыз. EXPO-2017 көрмесі халықаралық қатысушыларының жиыны аясында
Қазақстанға 86 елден 200-ден астам қатысушы келді. Келер жылы біз 80-нен астам
елге барып, олардан көрмеге қатысу туралы мақұлдаулар аламыз. 2016 жылы біз
30-35-ке жуық елге барып, көрмеге шақыру тапсырамыз», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев.