Украина Қырым мен Донбассты қайтара ала ма?
Украина Қырым мен Донбассты қайтара ала ма?
Мәскеуде
Домодедово әуежайына жақын жерде орналасқан «Милан» деген қонақүйге орналастым.
Таңғы асымды ішіп, сыртқа беттеп бара жатып, үстел үстінде жатқан екі газетке
көзім түсті. Біреуі өзімізге ежелден таныс «КоммерсантЪ» газеті де, екіншісі
ағылшынша “The Moscow Times” деп аталады екен.
Қандай қызық бар
екен деп, ала салған едім. Кешке жақын парақтап отырып, газеттің Ресей билігіне
оппозициялық бағытта екендігін байқадым. А3 форматында, 16 бетті, түрлі-түсті
газеттің 8-бетінде «Opinion» («Көзқарас») деген айдармен екі мақала жарияланыпты.
Екеуі де Украинаға қатысты. Біріншісі, «Why Putin is so angry» («Путин неге
сонша ашулы?») деп аталса, екіншісі, «Can Ukraine Get Crimea and Donbass Back?»
(Украина Қырым мен Донбассты қайтара ала ма?) делінеді. Біріншісінде, Путиннің
Миландағы келіссөздердегі өзін ұстауы әңгіме болса, екіншісінде аты айтып тұрғандай Украинаның Ресей басып
алған өлкелерін қайтарып алу мүмкіндігі жайында сөз болады. Мақала авторы Андрей
Малгин, журналист, әдебиет сыншысы және блоггер деп үкіленіпті.
Журналистің
пайымдауына қарағанда, Қырым үшін Украина халқы қара тырнағын қыбырлатпапты.
Олар тіпті ол үшін күресуге пейілділік те танытпаған. «Қырымды басып алу (аннексиялау)
көрер көзге ап-анық заңсыз және халықаралық стандарттарға қайшы болғаны анық.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2014 жылы наурыздың 27-сінде қабылдаған резолюциясында
Қырымды қашанда Украинаның бөлшегі ретінде тани беретіндіктерін, Ресей оны
өзінікі деп танытуға қанша күш салса да, оның маңызы болмайтындығын айтты» деп
басталады мақала. «Рас, украиндықтар Қырымның оккупацияланған аумақ екендігін дұрыс
айтып отыр. Бірақ, көкейге келген бірнеше сауалды ақтармаса болмайтын секілді.
Егер, Қырымды күшпен бөлшектеп алғаны рас болса, Украинаның жауынгерлері неге
қарсылық танытпады? 1941 жылы Германия Украинаға баса-көктеп кіргенде,
жергілікті жауынгерлер, қырымдықтарды қоса алғанда, өз аумағын қорғау үшін
барын салды емес пе? Неге жергілікті халық тарапынан жаппай бас көтеру,
қарсылық таныту шарасы жасалмады. Қырымды Украинаға қайтару мақсатында жасалып
жатқан қандай батыл қадамдар бар? Егер Ресей Қырымды сондай жеңіл және оңай
жолмен басып ала салмағанда, Владимир Путиннің Шығыс Украинаға баса көктеп
енуге батылы бара қоймас еді. Наурыздың 1-інде Федералдық консул Украина
территориясына әскерилерін енгізуге рұқсат берген кезде, Қырымнан өзге де
қалалардың аты аталды. Олар: Донецк, Луганск, Херсон, Днепропетровск, Харковь
және Одесса. Ресейдің әскерилерін Украинаның шығысына енгізу жоспары әуелден-ақ
белгілі болғаны айқын. Кремль бақылауындағы ақпарат құралдарының «Ресей көктемі»
фильмін таңертеңнен кешке дейін аталған қалаларда көрсеткені жасырын емес. Ресейлік
белсенділер аталған қалалардағы муниципалитеттің төбесіндегі Украина туларын
жұлып тастап, оның орнына ресейлік үш түсті туды орналастырды. Облыстағы
резиденцияларға Ресей жауынгерлерінің келетінін жергілікті билік біліп отырды.
Малайзиялық MH17 ұшағы құлаған кезде, Путин
Ресейлік бүлікшілерді қолдауын азайтып, қаруды күрт азайтып жіберді. Осы сәтті пайдаланған
Украина әскерилері басып алынған аумағының үштен бірін өзіне қайтарып алды.
Алайда тамыздың 24-інде Путин алдыңғы ойынан айнып, Украина территориясына
әскерін қайта жіберді. Украиндықтардың басым бөлігі, өз елдерінің Қырымнан ғана
айырылмағанын түсінді. Олар Донбасты да қайтара алмайтын болды. Украина
аумағының бөлшектенгеніне қуана қоймаған шығар, алайда Киев бұл бөліністің позитивтік
жақтарын да көріп отырған сыңайлы. Өйткені, Қырым мен Донбасстағы экономикалық
ахуал өте нашар еді. Бұл өңірлер Киевтен субсидия алып отыратын. Ал қазір ше?
Ауыр экономикалық жүк Путиннің иығына артылды. Ресей бюджеті Батыс
санкцияларының салдарынан шатқаяқтап тұр. Оның үстіне Қырым мен Донбассқа бөлінетін
субсидияларды қосыңыз. Украиндықтар шындыққа тіке қарауы тиіс. Олар кезіндегі
қос Германия секілді немесе қазіргі екі Кореядай бөлінуі керек. Украина бұл
аумақтарын кейін экорномикалық даму сатысы жоғарылағанда және халқын иландыра
алған жағдайда Берлин қабырғасын сөгіп, қайта қосылған Германиядай біртұтас ел
бола алуы мүмкін. Бірақ оған жету үшін олар ең әуелі жемқорлықты ауыздықтап,
реформаларды жүзеге асыра білуі керек. Егер Украина экономикасын даму жолына
түсірмесе, бұл аумақтарды да қайтарып ала алмайды» деп аяқталады мақала.
Дәл осы ойды
осыдан біраз уақыт бұрын «Мир» телеарнасы арқылы Ресей және Белоруссия
журналистеріне сұхбат берген Беларусь президенті Лукашенко де айтқан еді. Демек, ел арасында украиндықтардың өз аумағы
үшін күресе алмағандығы, бүгінде беттеріне салық болып жатқан сыңайлы.