КЕРЕКУДЕГІ ҚАЗАҚША КҮРЕС

КЕРЕКУДЕГІ ҚАЗАҚША КҮРЕС

КЕРЕКУДЕГІ ҚАЗАҚША КҮРЕС
ашық дереккөзі
1032

Қазақша күрес соңғы жылдары өрісі кеңіп, онымен шұғылданушылар саны күннен күнге арта түсуде. Қазақстаннан бастау алып, әр елде өз федерациялары, одан қала берді дүниежүзілік федерация ұйымдастырып, әр елдің өз біріншілігі, Азия, Еуропа, әлем чемпионаттары өткізілуде. Өткен жылы Тараз қаласында «Еуразия барысы» атты дүбірлі сайыс ұйымдастырылған болатын. Енді міне, қазан айының 25-жұлдызында Павлодарда қазақ күресінен тұңғыш рет «Әлем барысы» атты халықаралық турнир өтті. Оған әлемнің 35 мемлекетінен 38 спортшы, күрестің осы түрінің ең мықтылары жиналды. Олардың ішінде Еуропа, Азия, Африка, Латын Америкасы және Аустралия палуандары болды. Жарыс алдында өткен баспасөз брифингінде Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Марат Шәмшінұровтың айтуына қарағанда, қазақ күресіне қызығушылық күннен күнге арта түсуде.

«Әлем барысы» халықаралық турнирі тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар – Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясы мен Павлодар облыстық әкімдігі. Бұл ретте, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауын бөле-жара атап өткен жөн. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры жарысқа демеушілік жасады. Жарыстың жалпы қоры – 150 мың АҚШ доллары болды. Жеңімпаз балуанға 100 мың АҚШ доллары берілді. Екінші орын алған спортшы 20 мың АҚШ долларын қанжығаға байласа, үздік үштікті қорытындылаған балуанға 10 мың АҚШ доллары берілді. Сондай-ақ, 4-10 орындарды иеленгендерге де сыйақы үлестірілді деп шешілді. 
Жарыстың шартына сәйкес әр елден бір балуан қатысты. Олардың салмағы 90 келіден кем болмауға тиіс. Қазақ намысын 4 палуан қорғады. Олар – «Қазақстан барысы» жарысының әр жылғы жеңімпаздары мен жүлдегерлері Руслан Әбдіразақов, Асыл Бәрменов, Бейбіт Ыстыбаев және Айбек Нұғымаров. Жарысқа келгендердің ең жасы әрі ең жеңілі – аустралиялық Осчуан Джейсон Безуиденхоут. Салмағы – 90 келі. 18 жасар спортшы жастығына қарамастан дзюдодан Аустралияның 2 дүркін чемпионы екен. «Әлем барысы» турнирінің бас төрешісі Марат Жақиттың баспасөз брифингінде айтқандай, белдесуде жеңіл салмақты спортшы өзінен салмағы ауыр қарсыласын сұлатып салатыны жиі кездесетін көрінеді.
Қазақ: «күш атасын сыйламайды» деп бекерге айтпаған болар. Осы сайыста ең ауыр салмақты эстониялық балуан Мартин Падар болды. Оның салмағы 150 келі. Бірақ аюдай алыпты айлалы жас жігіттер омақастырды.
«Әлем барысы» күрес додасын тамашалауға, қолдау көрсету мақсатымен құрметті қонақ ретінде Америка Голливудынан жапондық әйгілі актер Кэри-Хироюки Тагава қатысты.
Журналистер алдында сөйлеген Моңғолия мемлекетінің қазақ күресі федерациясының президенті Бақыт Одынай өзінің шынайы сезімін жасыра алмады: – Мен – қазақпын. Сондықтан қазақ күресінің өз елімде кеңінен дамуына күш-жігерімді аямаймын. Осындай турнир өткізіп, ұлттық күресіміздің мәртебесін әлемдік деңгейге көтеріп, атын асқақтатып отырғандарыңызға дән ризамын! – деп изгі тілегін білдірді. Ол баптап жүрген Давааням Алтынгерел 2011 жылы белбеу күресі бойынша әлем чемпионы атанған, 2012 жылғы әлем кубогының иегері екен.
Енді міне, «Әлем барысы» атты қазақ күресінің тұңғыш турнирінің басталар шағы да келіп жетті. Жарысқа қатысушы палуандар да, спорт сарайына жиналған мыңдаған жанкүйерлер де театрландырылған тамаша қойылымды көріп, риза болды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының шығармашылық ұжымы қазақ күресінің бір кездегі көшпенді халықтың өміріндегі алатын орнын, көне дәстүрдің ғасырлар өтсе де ұмыт болмай, бүгінгі күнге жеткенін, оның атадан балаға мирас болып қалған аманат екенін паш ететін сахналық көріністер арқылы көпшілікке көрсетті. 
Жарыстың ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев «Әлем барысы» турниріне қатысушы спортшыларға, жанкүйер көпшілігіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда қазақ күресінің әлемдік деңгейде насихатталуы, «Еуразия барысы», «Әлем барысы» тәрізді турнирлерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, оған әлем елдерінің апайтөс алыптарының қатысуы төл спортымыздың төрткүл дүниеге тарап, кеңінен танылып келе жатқанының дәлелі екені айтылған. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаев, әлемге әйгілі актер Кэри Хироюки Тагава өз кезегінде сөз алып, палуандарға сәтілік тіледі. Жапон актері: «Қазақтар мен жапондар – жауынгер халық. Сондықтан қазақ топырағына келгенімді мақтан тұтамын. Ал атағы жер жарған спортшылардың бәсекесін тамашалау – мен үшін зор мәртебе!», – деп ағынан жарылды. Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев халықаралық деңгейдегі мұндай турнир Ертістің Павлодар өңірінде ұйымдастырылуы аймақтағы жас жеткіншектердің қазақ күресіне деген қызушылығын оятатынын айтты.
Сонымен, жарыс ашық деп жарияланып, сайыс басталып та кетті. Алғашқы жекпе-жекте турнирге қатысушылар ішіндегі ең жас, әрі салмағы өзге үміткерлерден әлдеқайда жеңіл Австралия өкілі Осчуан Джейсон Безуиденхоут даниялық Томас Йоханссонмен күресіп, уақыт мөлшері 1 минуттан асар-аспаста жауырынын боз кілемге тигізіп, жеңіліс тапты.
Палуандар кезегімен ортаға шығып кілем үстінде өз күші артықшылығын дәлелдеуге тырысып жатты. Біздің елдің спорттық намысын қорғаған жігіттер ішінен алғашқы болып Руслан Әбдіразақов өнерін көрсетті. Алғашқысында ол Код-Д-Ивуар өкілі Аспа Анже Филиппе Котчадан айласын асырып, таза ұтқанымен, өкінішке қарай келесі кездесуінде Польша палуаны Мацей Сарнакиден жеңіліп қалды. 
Ел намысын қорғаған қалған үш палуанымыз сәтті күресіп, қарсыластарын тізе бүктіріп, ширек финалға жұбын жазбай бірге жетті. Бірақ, Асыл Бәрменов келесі кездесуінде кубалық мықты палуан Оскар Рене Брайсон Видалдан ұтылды. Жартылай финалда біздің Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров ресейлік Максим Ширяев пен кубалық Оскар Рене Брайсон Видалмен жекпе-жекке шықты. Айбек Нұғымаров қарсыласы ресейлік Максим Ширяевқа дес бермей, ширақ қимылдап, таза жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Ал, Бейбіт Ыстыбаев сылбыр қозғалып, қарсыласы кубалық палуаннан аямай ұтылды. Жалпы, осы жарыста көп үміт артқан палуанымыз бабында еместігі көзге көрініп-ақ тұрды. Соның салдары болар, 3-ші орын үшін күресте Максим Ширяевке қарсылық жасай алмай тағы жеңілді.
Ақтық кездесуде Айбек Нұғымаров пен кубалық Оскар Рене Брайсон Видал екеуі де жеңіске лайық екенін дәлелдеп бақты, дегенмен кубалық палуанның күші басым түсті. Сөйтіп, қазақ күресінен өткен әлем барысының бірінші жеңімпазы аюдай Рена болды. 
Мұхит Мүрсәли
Павлодар қаласы

Серіктес жаңалықтары