БҰЛ ӨМІРДЕ ЕШТЕҢЕ БЕКЕР ЕМЕС

БҰЛ ӨМІРДЕ ЕШТЕҢЕ БЕКЕР ЕМЕС

БҰЛ ӨМІРДЕ ЕШТЕҢЕ БЕКЕР ЕМЕС
ашық дереккөзі
474

Бір ұйымға, анығы, Қазақстанның блогерлер альянсына мүшелікке өткен блогерлер өздерін «азаматтық журналист» деп жариялады. Әлеуметтік желілер, жеке блогтар арқылы еркін ой білдіріп жүрген блогерлер бірігуге неге құлшынды? Сөз бостандығы, пікір алуандығы, ой еркіндігі сияқты демократиялық құндылықтарға альянс қалай әсер етеді?Өткен аптада Қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырған нәрсе – Астанаға жиналған 50-ге жуық блогер құрылтайшылар съезін өткізіп, Қазақстанның блогерлер альянсын құру туралы шешім қабыл­дады. Негізі дәл осы ұсыныстың пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ болатын. Жақтаушылар мен қарсы шығушылардың текеті­рес­кен сөзжарысы әлеуметтік желі­лер деңгейімен шектеліп қала­тын. Астанаға жиналып, үлкен бір ұйым құрады деген ой көп отан­дастың түсіне де кірмегені анық. Сонымен, ұйымның іргетасы қаланды. Бірақ альянсқа мүше болғандардың арасында да пікір қайшылығы туындап жатыр. Отан­дық бұқаралық ақпарат құрал­дар­ындағы жарияланымдарға пікір айтқан кейбір блогер: «Бәрің де альянсқа мүше болыңдар. Қазір депутаттар блогерлер жағында. Олармен тең дәрежеде сөйлесу, арқасынан дос сияқты қағу үшін альянсқа кіріңдер», – деген «үндеу» тастапты. Әлбетте, кейбіреулер жаңа медиа журналисі мен блогерді шатастырады. Журфакта білім алмаған­­дар екі жол жазбасы ар­қы­лы өзін журналист ретінде та­ныт­қысы, қоғамға ықпал еткісі келе­ді. Альянсқа мүше болғандар да «Қазақстанда қоғамдық пікір қалыптастырамыз» деген сенімде. Зиялы қауым, бұқаралық ақпарат өкілдері т.б. идеологиялық міндетті атқаратын құзырлы органдардың қолынан келмеген тірлік елу шақ­ты блогердің қолынан келе қояр деу тағы күмәнді. Оның үсті­не, блогерлер Қазақстанның бас­қа аймақтарында емес, Алматыда шоғырланған. Ендеше неге құрылтай Астанаға шақырылды? Шараны ұйымдастыру мол қар­жы­ны қажет еткені анық. Қатысу­шылардың барлық шығыны, жолы мен тамағы, жататын жеріне демеу­ші болған кім? Альянсқа бірік­кендер өздерін неге «азаматтық журналиспіз» деген «мәртебе» берді? Белгілі бір ұйымға бірігудің астарында бастамашы топтың грант, тендер сияқты түрлі қаржылық мүмкіндіктерге қызығуы жатыр ма, әлде сөз бостандығы, пікір алуандығы, азаматтардың еркін ой айтуы сияқты демократиялық құндылықтар бағдаршам болған ба? Журналист Талғат Қалиев әлеуметтік желідегі парақшасына: «Егер Альянсты билік құрғалы отырса, бұл көңіл алаңдатарлық жайт. Өткеннен алған тәжірибеміз, мемлекеттің кез келген ұйымға біріктіруге деген бастамасы белгілі бір саланы шалажансар күйге түсір­еді. Сол ауыр халден айықтыруға мемлекеттің кейде күші жетпей жатады. Мәселен, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары. Тоқсаныншы жылдардың басында біздің басылым­дар ауқымды таралымымен, жоғары рейтингпен, батыл да шебер жур­налис­­термен ерекшеленетін. Сон­да телеарналардың көрермен көңі­лінен шыққандығы соншалық, адам­дар отандық телеарналарға бүйрек бұратын, ал ресейлік теле­арналар көлеңкеде қалатын. Содан кейін мемелкеттік реттеу тетіктері, ақпараттық тапсырыс, БАҚ-қа қа­тыс­ты заңдарды реформалау т.б. киіп кетті де, сапаға кері әсер ет­ті. Бір кездері Президент тіпті, бұқаралық ақпарат құралдарын төмен сапасы үшін қатаң сынға да алды. Өкініштісі, осы сын жиілей бастады. Бәсекелестікке төтеп бере алмайтын отандық БАҚ-тың орнын ресейлік телеарналар басты. Енді қазір біз тіпті, әлемге де ресейлік журналистер көзімен қараймыз. Үкіметтік емес ұйымдарды да мысалға келтірсек болады. Бір кездері қоғамның барлық саласына белсене араласқан үкіметтік емес ұйымдар мемлекет тарапынан көмек көрсетіле бастағасын үндерін шығармайтын болды. Блогерлерді реттеуде қандай тетік қолданылатыны белгісіз, бірақ «азаматтық журналист» атанбағандар біраз қиындықтан өтетіні анық», – деп жазыпты. 
Жазылмаған заңдарға, қалып­тасқан табиғи қағидаларға сүйенсек, блог­ерлер журналистер сияқты «ре­дак­цияның саясатына», «ұжымның ұстаны­мына» бағынбайды. Әр қада­мын, әр сөйлемін қадағалап отыратын редактор да жоқ. Қоғамды толған­дырған аса маңызды мәселе­лерге еркін ой білдіру – кез келген блогердің құқы. Әлбетте, тақырыпты қаншалықты игерген, деңгейі мен дәрежесі, өресі мен ішкі рухани байлығы қаншалықты деген сауалға жауап іздеу – бөлек әңгіме. Бірақ ой еркіндігіне сүйеніп келген блогерлердің аяқ астынан бір ұйымға біріге қалуы шынында да көңілге күдік ұялатады. 
Ғалымжан Оразымбет, ІТ ма­маны:
– Соңғы күндері қазақ әлеуметтік желілерінде ең көп талқыланған тақыр­ыптың бірі Қазақстан блогер­лері альянсының құрылуы болды. Өзім блогер болмағандықтан, анық ақиқаты осы деп баға беруден аулақ­пын. Дегенмен, көптеген блогер таныстарым, достарым бар, осы сала­дан аздап хабардар болып жүргеніме біраз уақыт болды. Соған сүйене отырып бұл альянстың құрылуын онша қолдамадым. Менің түсінігімде блогер – қоғамдағы оқиғаларға бай­лан­ысты немесе өзі қызығатын тақырыптың төңірегінде ойын, пікірін жазып отыратын адам. Кейде журналистикамен де ұштасып жатады. Бірақ, ол журналист емес. Бір жағынан ол онлайн күнделік деуге де болады. Яғни, көпшілікпен бөлісе алатын күнделік. Хобби деуге де келеді. Тақырыптық блог жүргізетін блогерлер де жетерлік. Қалай алғанда да бұл таза жеке бастың мәселесі. Ал сондай тұлғалардың басын қосып, альянс құру шынымен де түсініксіз әрекет. Соған байланысты сұрақтар өте көп: мақсаты қандай? Мәні не? Бұл қандай қажеттіліктен туып отыр? Немен айналысады? Блогер үшін мұның қажеті қанша дегендей. Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға ешқандай дұрыс жауап берілген жоқ әзірге. Қайта сұрақ қоюшыларға тролль, жалдамалы пікір білдірушілер, сынау үшін сынаушылар деп, қорғаныстың ең дұрысы шабуыл деген ұстанымға бекіп алған сияқты. Өзіңе ұнамайтын көзқарастарды айыптап, мазақтап, келеке қыла отырып еркін пікір өкілдерінің альянсын құрамын деу ақыл­ға сыйымсыз. 
Альянс кімге керек деген сұраққа келсек. Кей сыншылардың пікірінше негізгі авторлар билікте отырған тұлғалар болуы мүмкін. Альянс дегеніміз елдегі еркін пікір өкілдерін шектеу, соларға қарсы пікір білдіріп, қоғамдық пікірді реттеп, өзіне керекті бағытта жүргізіп отыру үшін қажет инструмент деген пікірлер де айтылуда. Ол негізсіз де емес сияқты. Бірақ, қолмен ұстап алмаған соң әзірге тап басып ештеңе айта алмаймын. Ол енді альянстың кейінгі қызметі барысында белгілі болады. Негізсіз емес дейтін себебім, бізде еркін пікір алаңының болуына билік мүдделі емес. Бұлар еркін, ешкімге бағынбайды және қоғамдық пікір қалыптастыруда елеулі ықпалға ие. Ал оны ескерусіз қалдыруға болмайды. Ал блогер, әлеуметтік желі қолданушысын бір іздендіріп, әрқайсының жазбасына бақылау орнату да мүмкін емес. Қалып отырған жалғыз жол соны өзіне қажетті ізге салу. Қарсы көзқарастардың дауысын мүмкіндігінше естіртпей тастау. Көбіне мұндай әрекеттер үлкен саяси оқиғаның қарсаңында, сайлаудың қарсаңында қолға алынып жатады. Кей мамандар келер жылы сайлау өтеді деген болжамдарын ашық айтып жүр. Сол болжамдарға сүйене отырып, осындай ой білдіруге болады деп ойлаймын. 
Әрине, бәрін тек қара түске бояуға болмайды. Бұл альянсқа мүше болғандардың ішінде шын блогерлер аз емес. Менің байқауымша шын блогерлердің басым бөлігі қазақ тілді блогерлер. Аршат Оразов, Дін­мұхамед Зиядин, Ернар Бекенов, Эльвира Ерғалиналар жәй ғана блогер емес, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен тұлғалар. Аршат Оразов тіпті қазақ блогингінің негізін қалаушылардың бірі. Альянста осындай мүшелердің болуы бәрі соншалықты жаман емес шығар деген үміт сыйлайды. Яғни, бұл адамдар блогингтің не екенін ешкімнен кем білмейді және не істеп жүргендерін жақсы біледі. Бұл жақсы жағы. Альянс үшін де осындай мүшелерінің болуы үлкен плюс. Мүмкін уақыт өте келе альянстың дұрыс жұмыс жасауына үлкен үлестерін қоса жатар. 
Тағы бір пікір бұл таза бизнес жоспар. Ақша табу амалы дегенге саяды. Оны қазатын болсаң сұрақ тағы көбейеді. Негізгі қаржыландырушы кім болады дегендей. Мемлекет болса, оның осындай пікір алаңын­да қандай мақсатпен, кімді қаржы­ландыратыны көп ойлануды қажет етпейді. Кім төлесе қандай әуен ойнайтынын шешетін де сол болады. Бұл жерде мүдде алға шығады. Оның жақсы жақтарынан кері жақтары басым болады деп ойлаймын. 
Сөз соңында әділеттілік үшін өзім­ді керемет сыншы, эксперт қыл­май, артық кеткен жерлерімді де атап өткенім дұрыс болар. Алғашқы реакциям күшті болды. Ашумен тіпті конспирологиялық та болжамдар жасап тастағаным бар. Бұлар әлі заң қабылдап, бәріңді бір шеңберге тығып, бір таяқпен айдайды деген сипаттағы пікірімді айтып отырмын. Мұның артық кеткен жерлері бар сияқты. Бірақ, әлі де заң қабылдап, бір форматқа салуға, басқаруға немесе ықпал ету әрекеті болуы ықтималдығын әлі де теріске шығармаймын. Ол Альянстың негізгі авторлары жоғарғы жақта, билікте отырған тұлғалар болуы мүмкін деген болжамнан шығып отыр. Қалай болғанда да, дәл қазір сенімді түрде ештеңе айтуға болмайды. Уақытында белгілі болады. Тек жоғарыда аты аталған блогерлердің болуы жақсы нәрселерге үміттендіреді. 
Анар Мұстафина, блогер:
– Өз басым блогерлердің ұйымын құру дегенді түсіне алмаймын. Әр адам блогер бола алады, жазғысы кел­генін бүгін жазады, ертең ол мүл­де әлеуметтік желіден кетіп қалуы мүмкін немесе сол кездері маза­лаған мәселелер оны енді толған­дырмауы мүмкін. Блогер – бұл кә­сіп емес, өмір салты емес. Бұл да бір әуесқой әнші сияқты ғой. Дауы­сы болса туыстарының жиын- тойында көңіл көтеру үшін ән салып беретін. Жай ғана кейде ойыңды айту, жазу, ой салу. Ана ұйымға бір мүше болып, мына ұйымға қонақ болып барып, теледидардан көрініп қалып, сұхбат беріп жүргендер жетерлік, бірақ солардың шешіп жатқан, оймақтай ой айтып жатқаны шамалы. Әрине, әркімнің өз игі мақсаты бар шығар, бірақ әр адам өз ісін бір уақыт саралау керек қой. Мысалы, оның блогы, көтерген тақырыбы жалпы адамзатқа қандай пайда әкеліп жатыр? Бәлкім ол жазбасымен керісінше теріс пікір қалыптастырып жатқан шығар? Шыны керек, әлеуметтік желілерде, блогосферада өте құнды ақпараттар беріп, мұқтаж адамдарға қол ұшын созып, көмек жинап, игі істер жасап жүрген, жазып жүрген адам­дар баршылық. Бірақ олар жариялылықты қаламайды, мен жаздым, істедім деп ешқандай ұйымға сұранбайды, тіпті блогермін деп те атақ іздемейді. Солардың ісіне қарап, жазғандарына қарап тіпті өзіңді блогермін деуге ұяла­сың. Дегенмен ана жиынға бір барып, мына жиынға бір барып, фейсбук пен инстаграмға суретке түсіп, теледидардан жылт-жылт ете­тіндер алға шығып кетіп жата­ды. Және ондай ұйымдарды қаржы­ландыратындардың да өз мақсат­тары бар деп ойлаймын. Бұл өмірде ештеңе бекер емес. Бұрын журналистерді тамақ және сыйлықтармен «сатып алуға» болатын болса, қазір блогерлерге көшті.
Артур Нығметов, журналист:
– Қазақстан блогерлер Альянсын құрудың ең негізгі мақсатының бірі – орыстілді және қазақтілді ортаны бір-біріне жақындастыру, олардың мақсатын, мүддесін бір топқа тоғыстыру. Қоғамды жік-жікке бөлу емес, керісінше біртұтастыққа келтіру. Және де Альянс блогерлердің ортақ қазаны және солардың мемлекетпен қарым-қатынасын реттейтін бір ұйым болмақшы. Мысалы, қазіргі кезде Альянсқа мүше болған белсенді блогерлер қазақ және орыстілді блогосферадағы қызықты посттар топтастыратын жаңа интернет-жобаны іске асыруға кірісті. Жана интернет-жобада өзекті тақырыптардағы посттар аударылады, ортақ пікірталас алаңы құрылады. Осылайша блогосфера тіршілігі бір жерде жинақталады. Сонымен қатар, Альянс басқа да қазақтілді жобаларды қолдап, олардың жүзеге асуы үшін қаржы табуға қолғабыс етеді, блогерлерге арналған іс-шаралар ұйымдастырады. Мысалы, Блогиа­да жарысын бұдан кейін жүйелі түрде жалғастыру мәселесі қа­рас­­тырылуда. Блогосферада әр-түрлі әлеуметтік мәселелер кө­тер­ілгенімен, оның барлығы сол виртуалды ортадан шықпай, өмір­де нақты шешімін таппайды. Қазір­гі кезде жағдай өзгеріп жа­тыр. Альянсқа жиналған блог­ер­лердің басым көпшілігі өздерінің потен­циалын, білімін, күш-жігерін мемлекеттің дамуына қос­қысы келеді. Мемлекетшіл аза­маттар жиналып, бір ұйым құруда. Сондықтан бұл бастаманың болашағы бар деп есептеймін.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары