336
БАЛУАН ШОЛАҚ ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
БАЛУАН ШОЛАҚ ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жақында Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы туындыларының жинағы жарық көрді. Кітап халқымыздың мәдениетінде ерекше орын алатын әйгілі әнші-композитор, ақын, қазақ цирк өнерінің негізін салушы, сал-серілер дәстүрін жалғастырушы Балуан Шолақтың (1864–1919) туғанына 150 жыл толуына арналып отыр. Жинақты құрастырған – Балжан Хабдина.
Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөліміне Балуан Шолақтың артында қалған шығармашылық мұрасы – өлең-жырлары мен әндерінің мәтіндері түрлі басылымдар беттерінен алынып, жинақталып берілген. Оның жалпы көлемі екі мың жолдай. Екінші бөлімге Сәбит Мұқанов, Кенен Әзірбаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзаковичтің жауырыны жерге тимеген атақты палуан, әнші-сазгер туралы естеліктері мен зерттеулері топтастырылған. Осы бөлімде, сондай-ақ, қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Сәбит Мұқановтың романтикалық сипаттағы «Балуан Шолақ» аңызы бар. Ал кітаптың беташары ретінде берілген танымдық мақалада жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығының сипаты жайында ой толғайды.
Индира БАЙСАЛБЕКОВА