566
ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН ЕЛ ЕДІК...
ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН ЕЛ ЕДІК...
Қазақ әуелден-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық еді. Алайда бүгінгі деректер мұны жоққа шығарып тұр. Елімізде соңғы уақыттарда жетім балалар саны мен баласын тастап қашатын безбүйрек аналардың саны артуда. Ресми деректерге сенсек, қазір республика бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 33 680 бала бар.Олардың 21 мыңнан астамы қамқорлыққа алынған, 1900 бала патронатты тәрбиеде, қалған 9 мыңнан астам бала мемлекет қамқорлығына өткен. Қазір елімізде жетім балаларға арналған 188 мекеме жұмыс істейді. Оның 43-і денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінде. Мұнда 2 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. 7784 бала тәрбиеленіп жатқан 145 мекеме білім жүйесіне қарайды.
Жетім балалар қазір үкімет қарауында болғанымен, кәмелет жасқа толған соң оларды қандай жағдай күтіп тұрғаны бізге беймәлім. Мектеп бітіріп, оқуға түскендер 4 жыл жатақханада күнелтеді. Ал оқуға түсе алмағандары қайтпек? «Жетім көрсе жебей жүретін» қазақ емеспіз бе? Соңғы уақыттарда жетім қалған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларды қорғаншылыққа алу қазір қарқынды жүргізілуде. Қазақ халқы әрқашан бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Туған баласы болмаса да жат біреудің көзі жәудіреген баласын бауырына басып, жиған-тергенінің бәрін беретіндердің барына шүкірлік етеміз. Өзгенің баласын өзегінен теппей, алақанына салып аялайтын кең жүректі отбасылармен қатар бауыр еті баласынан безінетін безбүйректердің де бары бір жағынан қатты қынжылтады. Әрбір сәби балдәурен балалық шағының бөтеннің босағасында емес, туған ата-анасының жанында өткенін қалайтыны да жасырын емес. Бесіктен белі шықпай жатып-ақ өмірдің ащысы мен тұщысын көрген бүлдіршіндер қамқорлыққа, ыстық ықыласқа, мейірімге зәру. Оларды қамқорлыққа алу – қазақстандықтардың азаматтық парызы. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қолайлы жағдайлар жасауды мақсат етті. Қоғамға төнген қауіпті дертпен күресуді қолға алған «нұр отандықтар» «Бақытты балалық» жобасын жүзеге асыруды бастады. Жоба мынадай бағыттар бойынша жұмыс жасайды: ҚР азаматтарының бала асырап алуы жөніндегі құқықтық өрісін жетілдіру, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді асырап алу үрдісін насихаттау мен оңтайландыру, дайындықты адымдап ілгерілету мен асырап алушыларды сапалы іріктеу, қоғамда өз балаларынан бас тартуды жеккөрушілікті және бала асырап алуды құрметтеуді қалыптастыру.
«Нұр Отан» партиясы қолға алған жоба бойынша қазір 359 жетім балаға пәтер бөлінді. Олардың баспана мәселесін реттеу партияның жіті назарында. «Бақытты балалық» жобасын жүзеге асыру аясында «Нұр Отан» партиясы жетім балаларды асырап алу бойынша заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар да әзірледі. Асырап алған отбасылардың міндетті түрде асырап алушы ата-аналар мектебінде оқытылуын және асырап алушылар мен асырап алуға жататын жетім балалардың толық базасын құру мәселесі де қарастырылған. Партия мүшелері жетім балалар мәселесіне қоғамның назарын аудару үшін түрлі шығармашылық байқаулар, мерекелік кештер ұйымдастыруда. Бүгінге дейін осындай 130 іс-шара өтті. Бұл игі шара әрі қарай да жалғасады. Партия қолға алған қамқорлық акциясына үлесін қосатын, жылаған жетім баланы жұбататындардың қатары көбейсе екен деген тілек қана біздікі.
Әсел МАҚСАТ