ХЭЛЛОУИН ДЕГЕН ҚАНДАЙ МЕРЕКЕ?

ХЭЛЛОУИН ДЕГЕН ҚАНДАЙ МЕРЕКЕ?

ХЭЛЛОУИН ДЕГЕН ҚАНДАЙ МЕРЕКЕ?
ашық дереккөзі
3910

Хэллоуинді тойлаймыз деп, бет-әлпетіне түрлі бояу жағып, жын-шайтан кейпіне еніп, қиялидың ісін жасайтындарды сол күні көшеден кездестірсеңіз таң қалмаңыз. Ол аздай, аталмыш мерекесымақты тойлау мақсатында өз еріктерімен адамдықтан айуандыққа өтіп, көшедегілердің үрейін ұшырып, көлік доңғалақтарын жарып, бұзақылық жасайтындар да кездеседі. Әлеуметтік желі арқылы бет-аузын бояған жастардың ермегі бұнымен бітпей, асқабатқан қорқынышты бейне жасап, оның ішіне шам жағумен айналысып та кетіпті. Бұл әрекеттерін мерекеде жасалатын жөн-жоралғы дейтіндер де бар. Ең өкініштісі, бұндай бұзақыларға «қой» деп айтуға біздің құзырлы органдар дәрменсіздік танытуда. Өйткені, дінімізге, дәстүрімізге жат – Хэллоуин, Валентин күні секілді мейрамдарды тойлауға заңмен тыйым салынбаған. 

Хэллоуин мерекесі қайдан шыққан?

Хэллоуин (Halloween) – АҚШ-та Рождестводан кейінгі халық жаппай тойлайтын мереке. Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ, Францияның аумағында кельттер өмір сүрген. Кельттердің жыл санауы қыс және жаз болып екіге бөлінеді. Олар Күнді өздерінің жоғары құдайы деп санайтын. Олардың түсінігі бойынша, күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің (Самайн) тұтқынында болады-мыс. Тура 31 қазан күні (әрине, біздің жыл санауымыз бойынша) кельттер өздерінің Самхэйн деп аталатын ең үлкен мейрамдарын тойлайды екен. Бұл мейрам күзгі өнімді жинау науқанының аяқталғанын және ескі жыл бітіп, жаңа жылдың басталуын білдіретіндіктен, ерекше мәнге ие еді. Сонымен бірге, Самхэйн – қатал қыстың басталуын білдіреді. Кельттер пұтқа табынушылар болғаны белгілі, олар да өлімнен кейін өмірдің болатынына сенетін. Аңыздары бойынша, Самхэйн өмір сүретін ақ дала өте әдемі болады-мыс. Осы түні Самхэйн өткен шақтан болашаққа есік ашады екен. Көптеген салт-дәстүрлері Самхэйнмен байланыстырылған. Осы күні Ирландияның сол кездегі Тару атты бас қаласында барлық жауынгерлер жиналып, той жасайтын. Ол күні-түні тойланатын болған. Самхэйн күні адамдар кейінірек друидтер (кельт халқының абыздары) берген қасиетті оттармен үй шамдарын қайтадан жағу үшін, өз үйлеріндегі оттарды өшіріп қоятын. 

Бұл күн мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді деп сенетін. Сондықтан да кельттер әруақтар сияқты киініп алып, арғы беттен келетін тылсым күштерді тыныштандыру үшін, әр үйге барып тамақ сұрап жүретін болған. Біздің дәуіріміздің І ғасырында римдіктер кельттерді жаулап алса да, бұл мейрамға тыйым салмаған. Өйткені ол римдіктердің Помон (өсімдіктердің әйел құдайы) күнімен тура келген. Солайша, уақыт өте Самхэйн оларға да сіңісіп кеткен. Британия мен Ирландияның христиандануы жергілікті халықтардың пұтқа табынушылық мейрамдарынан бас тартуына алып келді. Тек Самайн ғана ұмытылмады. ІХ ғасырда ІІІ Папа Григорий барлық әулиелер күнін тойлауды 13 мамырдан 1 қарашаға ауыстырды. Пұтқа табынушылар мен христиандар мейрамдарының тойлануы бір уақытта тура келуі, пұтқа табынушылар мейрамының сақталуына мүмкіндік ашты. Уақыт өте келе Хэллоуин жын-ойнақ мерекеге айналды. Ішіне жанып тұрған шырағдандар орнату арқылы асқабақтан қорқынышты шамдар жасау дәстүрі Хэллоуинмен тығыз байланысты. Аңызға сенсек, мұндай шамдарды қуақы және сараң ирландиялық ұста Джек ойлап тапқан екен. 

Ол осы шамдар арқылы шайтанды екі рет алдап, одан өз өміріне қастандық жасамайтыны туралы уәдесін алған-мыс. Бірақ та ұста күнәлары үшін жұмаққа жіберілмеген және ол шоқ болып жанған көмірді, жел тиіп өшіп қалмауы үшін бос асқабаққа салып, өз жолын жарық ете отырып, ақырзаман келгенше жер бетін кезіп жүруі керек болған. Осыдан келіп шам – «Jack-o-lanterns» атала бастаған. Қазіргі сипаттағы Хэллоуин тек ХІХ ғасырда ғана пайда болды. Еуропадан АҚШ-қа көшкен иммигранттар осы мейрамды алып келгеннен кейін, тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. 1950 жылдардан бастап Хэллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашықхаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие болды. АҚШ пен Канадада тойланып келген жаңаша сипаттағы Хэллоуин бүгінде Еуропа мен басқа да құрлықтарға қанат жая бастады. Соның ішінде біздің елге де ауыз салуы өкінішіті-ақ. 

Осы күні түнгі клубтар маскарадтар мен түрлі ойын-сауықтар ұйымдастыру арқылы қыруар пайдаға кенеледі екен. Жоғары оқу орындары және мектептерде студенттер мен оқушылардың бастамасы бойынша тойлануда. Алайда мейрамның тойлану ауданының ұлғаюына қарамастан, көрші Ресейдің Мәскеу патриархаты мен Ресей мүфтилерінің Кеңесі «Хэллоуин – Ресейге жат мейрам» деп санап, өз пікірлерін білдіріпті. 2005 жылы Мәскеу қаласының билігі бұл мейрамға қарсы шығып, мектептерде тойламауды тапсырған. АҚШ-та Латын Америкасынан шыққан үш жігіт Хэллоуин түні құбыжықтың киімдерін киіп алып, бірнеше үйді тонап шыққан. 

Бір үйде үй иесі мен қонақтарына оқ жаудырып, бірнеше адамды опат қылған Мұндай оқиғалар басқа да елдерде болған екен. Біздің елімізде тұрғын үйлердің сыртын, көшедегі көліктерді, аялдамаларды және әртүрлі жарнамаларды қирататын, бояп кететін, бүлдіретін бұзақыларға бұл мейрам таптырмас қызық болып отыр. Алдыңғы жылы осы мейрамды тойлаушылар Алматы қаласы, «Алмагүл» ықшам ауданындағы тоғыз қабатты үйдің кіре-берісіне машинаның ескі доңғалағын өртеп тастап кеткен болатын. Келіп жеткен өрт сөндірушілер домофонды ажыратамын дегенше біраз уақыт өтіп, тұрғындар түтінге тұншығып қалған.

Дінге қайшы санаға жат

Бүгінгі жастардың санасы көп жағдайда ненің жақсы ненің жаман екендігін ұғынбаса керек. Содан да болар, еліктегіш, парқын біліп, байыбына бармаған өзге ұлт мейрамдарын тез бойына сіңіргіш, тіпті жаңалық енгізгіш келеді.

Бұл пиғылы бөтен дүмшелердің ісі екендігін санаға сіңіріп жатқан жастар жоқ. Мерекелік іс-шаралар өткізетін көңіл көтеру орындары мен мейрамдарға қажетті заттарды сататын саудагерлер үшін Хэллоуин және Валентин күндері өте үлкен табыс көзі болып отырғандығын біле тұра байыбына бара бермейді ешкім. Айталық, түсініксіз мейрамды тойлайтын түнгі клубқа кіру құны 2000 теңгеден басталатын көрінеді. Жастардың қалтасын қаққан бұндай мерекелер 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратын елде өтілуі заңды деп ақтап ала алмасымыз анық. 

Әр елдің мерекесін тойлай беретін болсақ, ұлы болып бөлінудің де қажеті жоқ шығар?! Жастардың санасына жақын, қабылдануы тез осындай өзге ұлт мерекелері бүтін бір ұлттың адасуына әкеп соғады. Қазақта төл мереке жоқ емес.  Өзгенің жын-ойнағындай емес, мәнді де маңыналы, салт-дәстүрісміз бен ұлттық дүние танымымызға жақын, әшбір әбестігі жоқ мейрамдарды жастардың айлап тойласа да еркі бар, әрі жарасымды болар еді.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары