КӘСІПКЕРЛЕРІМІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА МҮДДЕЛІ

КӘСІПКЕРЛЕРІМІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА МҮДДЕЛІ

КӘСІПКЕРЛЕРІМІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА МҮДДЕЛІ
ашық дереккөзі
226

Али Шер Мохамад ұзақ жылдар Малайзияның мемлекеттік мекемелерінде шет елдермен IT – технология, инвестиция алмасу жөніндегі жетекші маман болып қызмет атқарған. 2006 жылы Лондон университетінде халықаралық қатынастар бойынша PhD дәрежесін алған. Ұлыбритания мен Малайзия арасында ақпараттық, биотехнологиялар алмасу бойынша жауапты өкіл болып істеген. 2011 жылдан бері Малайзияның Сауда және индустрия министрлігінің Қазақстандағы кеңесшісі.– Али Шер мырза, 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнағалы бері Малайзия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қай деңгейге көтерілді?

– Малайзия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жан-жақты даму үстінде деп бағамдауға болады. Мысалы, өткен бір жыл ішінде 70 мың қазақстандық турист Малайзияға барған. Бұл да екі ел арасындағы достықтың жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Оның үстіне қазақ пен малай халықтарының арасында (екеуі де азиялық құндылықтарға ие ел) көп ұқсастық бар. Малайзияға да, Қазақстанға да мультимәдениетті қоғам тән. Ортақ мәдениет, отбасылық құндылықтар, мысалы, үлкенді сыйлау, ата салтты құрметтеу сияқты ұғым-түсініктер екі халықта да қалыптасқан. Айырмашылығымыз – Қазақстан 23 жыл бұрын тәуелсіздігін алса, Малайзия одан ертерек, 1957 жылы егемендігін жария етті. Экономикалық дамудың тарихи даңғыл жолынан өткен Малайзия Қазақстанмен мұнай химиясы, өндірісті модернизациялау, индус­триалды аймақтарды дамыту, т.б. тәжірибесімен бөлісуге әрқашан дайын. 

Малайзияның көптеген ірі ком­паниялары Қазақстанға инвес­тиция салуға мүдделілік танытып келеді. Соңғы бес жылда Малайзия Қазақстанға 600 миллион доллар инвестиция құйыпты. Қазірдің өзінде танымал компаниялар Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында мұнай индустриясы, ауыл шаруашылығы салаларында жергілікті кәсіпорындармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Екі ел арасындағы 2013 жылдағы тауар айналымы 122,7 миллон долларды құрады. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Қазақстан экспорты 1,8 миллион, импорт 120,9 миллионға жеткен. 2013 жылы Малайзияның Қазақстанға салған инвестиция көлемі 1,7 миллион долларды көрсетті. 2012 жылы 0,5 миллион болған еді. Болашақта Малайзияның Қазақстанға салатын инвестиция көлемі 1,1 миллиард долларға жетуі тиіс. Қазақстанның малай кәсіпкерлері үшін визасыз жүйе енгізуі де екі ел арасындағы экономикалық байланыстың қарқындауына серпін береді деп есептеймін.

Біздің алдағы мақсатымыз – екі ел арасындағы туризм, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Кейінгі кезде исламдық қаржыландыру кең қанат жая бастады. 2012 жылы Алматыда екі елдің білім ордалары арасында байланыс орнату мақсатында арнайы орталық ашылды. «Малайзия оқу орталығы» екі жақтың ЖОО-ның арасын жалғауға, қазақ студенттерінің шет елде білім алуына ұйытқы болуда. Малайзияға барып оқитын жастардың жатын орны, қауіпсіздігі, т.б. алдын ала ойластырылған. Екі ел арасындағы студент алмасу жобасы аясында жастар екі жыл Қазақстанда, қалған екі жылын Малайзияда оқиды. Сондай-ақ, «Болашақ» стипендиясымен Малайзияда оқығысы келетін жастардың да мүмкіндігі зор. Малайзиядағы қазақ жастары көбінесе IT технология, электронды журналистика, туризм менеджменті, қонақүй менеджменті, қаржыгерлік сияқты мамандықтар бойынша білім алуда. 

– Дүниежүзілік сауда ұйымы, APEC, ASEAN сияқты ұйымдарға мүше боп отырған Малайзия дамушы елдердің арасында ең әлеуеті жоғары, жаңа индустриалды мемлекет дәрежесіне жетті. Жиырма жылда Азияның жетекші елдерінің қатарына кірген мемлекеттің о бастан өзіндік даму жолын таңдағанын көреміз.

– Иә, Малайзия 1970 жылға дейін экономикасы тек ауылшаруашылығына негізделген ел болатын. 1971 жылы Жаңа экономикалық саясат бағдарламасы жасалғанда елде өндіріс орындары әлі ашыла қоймаған еді. Мемлекетті өркендету жолындағы реформаларды жүзеге асыру барысында өндіріске, кен орындарына көп көңіл бөліне бастады. Мемлекеттің бизнес элитасы жасақталды. Мұнай өнімдерін, электр тауарларын, бау-бақша өнімдерін экспорттаумен бірге IT – технологияны экспорттау қолға алынды. Жоғары технологиялы қоғам құру үшін барлық салаға технологиялық жаңалықтар енгізілді. Жаңа экономикалық саясат бағдарламасы 1971-1990 жылдар арасында жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама аясында электронды өндірісті, заманауи инфрақұрылымды, ұлттық білім жүйесін қалыптастыруға басым көңіл бөлінді. Оған қоса табиғи ортаны сақтау, табиғи ресурс­тарды үнемдеу мәселесі де үнемі үкіметтің назарында болды. 1980 жылдардың өзінде мемлекеттің жылдық экономикалық даму үрдісі 8 пайыздық қарқында болған. 

1991-2000 жылдары Малайзияда «Дамудың ұлттық саясаты» деп аталатын бағдарлама жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда мемлекетте «Болашақ-2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл құжаттың мақсаты Малайзияны 2020 жылға дейін дамыған экономикалы мемлекет деңгейіне көтеру. Сол кезде ішкі жалпы өнім үш есеге өсіп, жан басына шаққандағы жылдық табысты 15 мың долларға жеткізу көзделуде. Үкімет 2010 жылы «Жаңа экономикалық модель» жасады. 2011-2020 жылдар аралығында экономикалық дамудың орташа жылдық қарқыны 6,5 пайыз деңгейінде болмақ.

– Қазақстанда Малайзия кәсіпкерлерімен бірлескен халал өнімдер шығаратын кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Малайзиядағы өндіріс ошақтарында Қазақстан шикізаты пайдалануы да мүмкін. Қазақстанның ірі қалаларында Малайзияда өндірілген халал өнімдер сатылатын дүкендер ашыла бастады. Жалпы осы «халал» деген сөздің өзінде салмақ бар емес пе? 

– Халал тауар дегенде тек доңыз өнімі қатыстырылмаған зат деп түсінбеу керек. Тауардың халал болуы өндірілуінен бастап оны орау, қаптау процестері, сатылатын жерге жеткізілуіне дейін жоғары талаптарға сай болуымен байланысты. Өнімнің құрамында ағзаға зиянды химиялық қосылыстар, доңыз майы, жасанды иістендіргіш, химиялық бояулар, желатин, глицерин, алкоголь, т.б. болмауы талап етіледі. Малайзияда опа-далаптың барлық түрлері табиғи өсімдіктерден жасалады, ағзаға еш зиянсыз. Малайзияда халал өнімдер шығару үшін арнайы сертификатқа ие болу керек. Бізде халал дәрі-дәрмектерге де сертификаттар беріледі. Заттың атына лайық сапалы болуы өндірушіге байланысты. 

– Кейінгі кезде Малайзияда оқуға құштар шет ел жастарының саны көбейіп барады. Бұл үрдісті сіз қалай бағалайсыз?

– Жуырда Алматыда екінші инвестициялық форум өтті. Оған Малайзия кәсіпкерлері де қатысты. Алматы қаласы Қазақстанның қаржы орталығы ретінде үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Шаһарда IT – парк, сапалы білім беретін ЖОО-ы, заманауи жабдықталған ауруханалар орналасқандықтан инфрақұрылымы, туристік мүмкіндіктері өте жоғары. Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы мәдени, экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келеді. Кейінгі кезде Қазақстан жастары арасында Малайзияда білім алуға деген құлшыныс артты. Бұның дәлелі Малайзияда 4000 қазақстандық студент білім алып жатыр. Куала-Лумпур, Субанг-Джая, Кланг, Джохор-Бару, Ампанг-Джая сияқты ірі қалалардағы жоғары оқу орындарын бітірген қазақ жастары Отанына оралып, экономиканың түрлі салаларында еңбек етуде. Олардың IT – технология, туризм, ақпараттық технология, инжениринг бойынша алған білімдері ел экономикасына пайдасы тиеді деп ойлаймын. Орта Азия, соның ішінде Қазақстан жастарының неге Азияның технологиясы дамыған елдерінде, мысалы Малайзияда білім алуға қызығушылығы зор? Өйткені бізде Батыстағыдай бұзақылық сорақы түрлері кездеспейді. Ата-аналар да балаларын қауіпсіз, дұрыс тәлім көретін өлкеге жібергісі келеді. Ата-аналар ұл-қыздарын тек жақсылықты сіңірсе екен деп тілейді. Батысқа барса жағымсыз жақтарын бойына сіңіре ме деп қорқады. Сондықтан кейінгі кезде көпшілік ата-ана балаларын Батысқа емес, Азияда оқытуға мүдделі.

– Еуропада мыңдаған Азия жастары оқып жатыр емес пе? Жалпы дүниежүзіндегі білім беру стандарттары ортақ жүйеге көшті ғой. Соңғы уақытта батыстың жастарға ықпалы қатты байқалады. Сіз бұған не дейсіз?

– Малайзияның білім жүйесі түбегейлі Ұлыбритания үлгісімен жасалған. Малайзия тәуелсіздігін алғанда екі ғана университет бар еді. Ол кезде жастар Канада, Ұлыбритания, Австрия сияқты дамыған мемлекеттердің ЖОО-да білім алды. Олар Малайзияға келіп, ел экономикасының барлық салаларында еңбек ету арқылы мемлекет дамуына жаңаша серпін берді. 1990 жылдан бастап Ұлыбритания, АҚШ, Австралия және Канаданың ЖОО-ы Малайзияда бөлімшелерін аша бастады. Көптеген жастар Малайзиядан шықпай-ақ Ұлыбритания, Американың білім жүйесіне сай дипломдар алды. Осы арқылы жас­тар сол елдерде ары қарай да білім алу мүмкіндіктеріне ие болды. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді еді. 

Шет елде оқу кімге не береді? Қыдырып, уақытын бос өткізе ме, әлде білім жинай ма, ол әр адамның өзіне байланысты. Қазақстанда заманауи деңгейдегі университеттер бар. Ол университеттерге жыл сайын 300-500 студент жаңадан қабылданады. Ал бүкіл Қазақстанда қаншама мектеп түлегі халықаралық деңгейдегі университетте оқып, шет тілдерін меңгергісі келеді. Сондықтан шет елдің алдыңғы қатарлы ЖОО-да оқимын деген жастарға жол әрдайым ашық. Мәселе, сол шет елде оқимын деп, елінің дәстүрлі құндылықтарынан, туған топырағынан біржолата қол үзіп кетпеуде, ана тілін ұмытпауда болса керек. 

Еуропада білім алған алғашқы малай жастарының бірі мен едім. Лондондағы Вестминстер университетінде Бизнесті басқару мамандығы бойынша оқыған соң Эдинбургтегі Гериот Уот университетінің магистратурасын тәмамдадым. Туыстарым мені ұлттық болмыстан ажырап, батыстанып кете ме деп қорықты. Бірақ мен өзімнің қай елдің өкілі екенімді әрдайым есімде ұстадым да, батыстануға жол бермедім. Ұлыбританияда оқу не үшін қажет болды? Еуропаға барғандағы мақсатым білім үйреніп, халықаралық дәрежеде мықты маман болу. Батыс мамандарымен терезесі тең тұратын, тіпті кәсіби тұрғыдан олардан да мықты болуға ұмтылдым. Сөйтіп еліме жаңа технология мен инновациялар әкелдім. Әкем: «Шет елдің білімін үйрен, тілін біліп шық, бірақ ата дәстүріңді, сені бағып-қаққан ауылыңды ұмытпа, ана тіліңді жадыңнан шығарма»,– деп айтты. Жас кезден әке сөзін өмірлік қағида етіп ұстанғандықтан ана тілімнен, дінімнен ешқашан ажырамаймын деп есептеймін. Лондонда тек жақсылық көрдім десем өтірік болар. Ақпарат құралдарында жазылып, айтылып жүрген батыстық келеңсіздіктерді байқасам да жаныма жақын қабылдамадым. Туған еліме тек академиялық білім, IT – технология әкелдім.

– Сіз қазақ жастарының ортасында жиі боласыз. Қазіргі қазақ жастарының бет алысы қалай? Біздің қоғамда қандай да бір әттеген-ай дейтін жағдайлар бар ма?

– Қазіргі қазақ жастары IT – технология, мултимедиа, халықаралық бизнеске жақсы бейімделуде. Халықаралық стандарттарға лайық білім жүйесін жетілдіру ісін жалғастырған дұрыс деп есептеймін. Қазақстанда бизнестің 60 пайызын қыз-келіншектер жүргізуде. Бірақ ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар өз деңгейінде жүзеге аса ма? Байқауымша, қағазбастылық көп нәрсеге қолбайлау болуда. Малайзияда кәсібін ашуға ниеті бар адамға мейлінше жол ашық. Барлық процедура онлайн жүйесі арқылы аз уақытта жүзеге асады. Шағын бір дүкен ашу үшін бума-бума құжаттарды бір мекемеден екіншісіне тасып, уақытын кетіріп жүрген ешкім жоқ. Жас кәсіпкерлер мен әйелдердің бизнес жасауына мол мүмкіндіктер туғызған дұрыс деп есептеймін. Бизнес саласына жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізіп, үкімет тарапынан жас кәсіпкерлер мен іскер қыз-келіншектерге барлық жағынан қолдау көрсетілсе, кәсіпкерліктің елге беретін табысы молайып, халықтың жағдайы да жақсара түспек.

Сұхбаттасқан 

Шарафат Жылқыбаева

Серіктес жаңалықтары