299
Ұялы телефоныңыз тіркеулі ме?!
Ұялы телефоныңыз тіркеулі ме?!
Ел тұрғындарының арасында даулы түйткілдерді тудыратын хабарламаларға Ақпарат және коммуникация министрлігі тұсау салмақ. Ендігі кезекте ұялы телефондарды жіті қадағалау арнайы құзіретті органдардың жұмысы болмақ. Сонымен қатар ұялы телефонды жоғалып немесе ұрлатып алған жағдайда қауіпсіздік қызметінен жедел тауып алуға болады. «Келер жылдан бастап IMEI-кодын ЖСН-мен байланыстырмаған қазақстандықтар, ұялы байланыс қызметін пайдалана алмайды. 2016 жылы мобильді құрылғыларды тіркеу талаптары жаңартылған болатын. Бұл жүйені іске қосу телефон ұрлығын азайтады, өйткені полицияға арызданғаннан кейін ұрланған телефон өшіріледі. IMEI-код телефон иелерін анықтауға мүмкіндік бермейді. Жаңа норма толық іске асу үшін IMEI-кодты ЖСН мен абонент нөмірімен байланыстыру керек», – дейді Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.
Жеке куәлік нөмірі арқылы тіркелетіндіктен, тұлғалардың барлық мәліметтері көрініп тұратын болады. Төлқұжатта мәліметтердің барлығы болғандықтан, жүйеде аты-жөні, тегі мен тұрғылықты мекен-жайы да қамтылып тұрары сөзсіз. Дәурен Абаевтың сөзінше, тіркеуге байланысты қиындықтар тумайды. «Ұялы байланыс қызметін пайдаланатындар құрылғыларын 2018 жылдың соңына дейін тіркеуі керек, өйткені 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді. Тіркеу процесін жеңілдетеміз, онлайн жолы қарастырылады. Аталған мерзім көпшілікке жеткіліксіз болуы мүмкін, оған қоса азаматтардың ұялы байланыс операторлары бөлімшелеріне барғысы келмейтін жағдайлар да болады. Осындай жайттардың барлығы бірігіп, әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін. Осы себепті біз қазіргі тіркеу процедурасын оңтайландырумен айналысып жатырмыз. Осы кезде баламалы тәсілдер мен ЭЦҚ, SMS және USSD – командалар арқылы онлайн тіркеу шаралары қарастырылуда», – дейді министр
Цифрлы Қазақстан бойынша ағымдағы жылдың басынан ауруханалар мен медициналық сақтандыру жүйесі электронды қызметке көшті. Осыған байланысты әлеуметтік медицина сақтандыру қорының басшысы Елена Бахмутова: «Мобильді қосымшаның қазіргі міндеті – ауруханалар мен емханалардың жұмысын бағалау. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін медициналық мекемелердің сапасын бағалауға болады. Бұдан бөлек, қолданушылар өз пікірлерін де қалдыра алады. Алдағы уақытта сол пікірлердің негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Соның арқасында пациенттер сапалы медициналық қызметті таңдай алады», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, емханаға тіркелу қызметін ХҚКО-да енгізуді, ағымдағы жылдың ортасына дейін іске қосу жоспарланған. Әзірге емханаға тіркелудің екі жолы бар. Біріншісі, «egov» электронды үкімет порталы арқылы, ол үшін цифрлы қолтаңба болуы қажет. Екіншісі, емхананың өзіне барып, бас дәрігердің атына өтініш жазу қажет. Қор басшысының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 360 мың адам емханаларға тіркелген. Олардың ішінде тек 29 мың адам ғана электронды үкімет порталы арқылы тіркеуге тұрған. «Демек сұраныс бар. Сондықтан емханаға тіркелу қызметтерін әлі де дамыту қажет» – дейді Е. Бахмутова.
Тіркеу тегін атқарылады. Телефонын тіркеуден өткізу үшін абонеттер мынандай ақпараттарды берсе жеткілікті: қолданыстағы телефондардың IMEI кодтары; жеке куәлігі немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі; осы телефонда қолданылатын абонеттік нөмірлердің толық тізімі. Тіркелгеннен кейін барлық жиналған деректер ұялы байланыс желісінің абоненттік бөлімшелерінің бірыңғай дерекқорында сақталады. Тіркеу жұмысына 1 жыл уақыт беріліп отыр. Егер сіз ұстап жүрген телефон басқа адамның атына тіркелсе, ол телефонды өз атыңызға тіркей алмайсыз.
Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ