2020 жылы Алматыда УЕФА Суперкубогінің кездесуі өтпейтін болды

Португалиялық «Порту» өз алаңындағы кездесулерін қабылдайтын «Драгау» стадионында 2019/20 жылғы маусымдағы УЕФА Суперкубогының матчы өтетін болды, деп хабарлайды vesti.kz.

Бұл туралы Еуропа футбол қауымдастығының (УЕФА) ресми твиттер парақшасы хабарлап отыр.

Мұндай шешім 24 мамыр күні Киев қаласында өткен УЕФА-ның атқарушы комитетінің отырысында қабылданды. Кездесу 2020 жылдың жазында өтеді.

2020 жылғы УЕФА Суперкубогын қабылдауға сегіз ел үмітті болған еді. Португалиядан бөлек өз ұсыныстарын Алматы (Қазақстан), Албания, Беларусь, Израиль, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Франция өткізген.

УЕФА отырысында сондай-ақ 2019/20 жылғы маусымда Еуропаның клубтар арасындағы додалардың финалы қайда өтетіні белгілі болды. Бұл маусымда чемпиондар лигасының финалы Ыстамбұлдағы Кемал Ататүрік атындағы Олимпиадалық стадион қабылдаса, Еуропа лигасының финалы Польшаның Гданьск қаласы қабылдайтын болды.
 

 

 

Back to top button