Көгілдір отынның құны қанша болмақ?

Көгілдір отынның құны қанша болмақ?

Көгілдір отынның құны қанша болмақ?
ашық дереккөзі
Қазақстан мұнай өндіру жөнінен әлемдегі ірі мемлекеттердің қатарында. Соған қарамастан, өз-өзімізді жанармаймен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Газбен қамту көрсеткіші де мәз емес. Деректерге сенсек, өңірлерді газбен қамту көрсеткіші тым төмен, бұл көрсеткіш 50 пайызға да жетпейді. Ал Энергетика министрлігі келер жылы олқылықтың орны толарына сенімді. Өз еліміздегі мұнай өндірісінің көлемі әлемдегі алпауыт мемлекеттермен теңдескенімен, қажетті жанармайдың басым бөлігі сырттан жеткізіледі. Әсіресе, Ресей жанармайына деген тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Мәселен, өткен жылы еліміздегі бензиннің 30 пайызы, дизельдік отынның 25 пайызы, авиакеросиннің 60 пайызы көрші елдерден тасымалданыпты. Бұл жағдай биыл да қайталана ма? Өйткені Энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміз бензин және дизель отыны, әуе керосинімен 2019 жылы ғана толық қамтамасыз етіледі деп отыр. Бірақ ол үшін 2018 жылдың соңына дейін зауыттарды жаңғырту мен сертификациялау жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Онсыз межелеген уақытта нәтижеге жету де мүмкін емес. Республика өңірлерін газбен қамту мәселесі де осындай күйде. Өз-өзімізді газбен толық қамтамасыз ете алмай отырғанымызбен, шетелге саудаланатын газ көлемі арта түсуде. Жыл басынан бері газ экспорты 1,5 есе артыпты. Ресми деректерге иек артсақ, Қазақстан экспортының 50 пайызын мұнай-газ өнімдері құрайды. Газ экспортының көлемі биыл да ұлғаятынын ескерсек, ел аумағын газдандыру мәселесі таяу жылдары шешімін таппайтын сыңайлы. Энергетика министрлігі солтүстік өңірлерге газ жүргізу ісінің кем дегенде 3 жылға созылатынын айтып отыр. Себебі еліміздің орталық және солтүстік аймақтарында ірі газ құбырлары жоқ. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, тек магистральды құбырды жүргізу үшін 287 миллиард теңге қажет. Ал газ тарату құбырлары қосылса, қажетті қаржы көлемі екі есе артуы ықтимал. Солтүстік өңірлерге газ жүргізу жұмыстары қомақты қаржыны қажет ететіндіктен, министрлік бұл шаруаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниетті. Газ тарту мәселесі астаналықтар үшін де өзекті тақырып. Министрдің сөзінше, биыл шілдеде Қызылордадан Қарағанды арқылы құбыр тарту жұмыстары басталады. Ал келер жылдың соңында құбыр Астанаға жетеді. Сөйтіп, әкімдік көгілдір отын желілерін қалада таратуды қолға алады. Құбыр өтетін жер учаскесі бөлінген. Биыл қарашада техникалық-экономикалық құжаты бекиді. 1,5 жылдан соң үш шағын ауданға газ жетеді. Бірақ Астанада көгілдір отын құнының қанша болары белгісіз. Қазірдің өзінде газ бағасы еліміздің  барлық өңірінде бірдей емес. Мәселен, оңтүстік өңірлерде 27 мен 36 теңге арасында болса,  батыста көгілдір отынның текше метрі 8-10 теңгені құрайды. Бұдан өзге өңірлерде 11-19 теңге аралығында құбылып тұр. Жанармай бағасы да қоғамдағы қызу талқыланатын тақырып. Қазіргі уақытта Қазақстан жанармай бағасы бойынша 167 мемлекеттің ішінде 12-орында, дизель отыны бойынша 14-орында. Біздің елдегі жанармай бағасы көрші Ресейдегі бағаға тәуелді. Ал біздегі баға Ресейдегіден айтарлықтай алшақтаса, бензин теріскейге сатылып кетеді. Өйткені Кедендік одақ бойынша шекара ашық. Өткен аптада мұнай бағасының да көтеріліп, 80 долларға жеткені белгілі. Энергетика министрінің болжамынша, биыл қара алтын құны осы төңіректе тұрақтауы тиіс.