Елшілік «құны» – 59 құрбан

Елшілік «құны» – 59 құрбан

Елшілік «құны» – 59 құрбан
ашық дереккөзі
311
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты мақтап-мадақтауға сөз таппай қалды. Әуелгісінде, яғни Ақ үй өткен аптада Иранмен жасалған ядролық келісімді біржақты бұзып, Нетаньяхуды бір қуантса, осы аптада АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіріп, тіпті масайратты. Бұл күн, яғни 14 мамыр израильдіктер үшін қуанышты, ал палестиндіктер үшін қаралы күн болып тарихта қалды. Себебі АҚШ елшілігінің салтанатты ашылуы қызған кезде, оның сыртында палестиндіктер шеру жасап, ыза мен кекке булығып жатқан еді. Екіжақты қақтығыс кезінде Израиль әскерилерінің қолынан 59 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алған. Қанды қырғынға байланысты БҰҰ арнайы қарар жариялап, оның жай-жапсарын зерттеу үшін тәуелсіз комиссия құрды. Алайда Израильдің лауазымды өкілдері: «Біз өз шекарамызды қорғаймыз, қажет болса оқ атамыз. Палестиндіктер Иерусалимнің біздікі екенін мойындауы керек, сонда біз олармен бейбіт келісім жасауға дайынбыз»,– дегеннен танар емес. Ақ үй басшысы Дональд Трамптың ешкіммен санаспай, Иерусалимді Израильдің астанасы деп тануы, тіпті бұл туралы ресми мәлімдеме жасауы халық­аралық жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. Биньямин Нетаньяху: «Басқа мемлекеттер АҚШ-тың «өнегесін» қайталап, Иерусалимге өз елшіліктерін көшіреді», – деген үмітін ашық айтқанымен, Ұлыбритания мен Батыс Еуропа елдері Иерусалим статусы әлі даулы деп санайды. АҚШ елшілігінің жаңа қонысының ашылу салтанатына арнайы қонақ ретінде Трампқызы Иванка мен оның күйеуі Джаред Кушнер келіпті. Бұл шара Кушнердің шашбауын көтерген жиын болды десек, артық айтқандық емес. АҚШ президентінің кеңесшісі ретінде ресми сөз сөйлеуге құзырет алған Кушнер өз атасының холокост құрбаны екенін, сондықтан ол Иерусалимнің Израиль астанасы болып танылуына сол құрбандықтың өтеуі ретінде қарайтынын меңзеп өтті. Бұл шара Израиль мемлекетінің құрылғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Расын айтқанда, ұрандатып өткен шараның дабырасы көп. АҚШ елшілігі көшті дегенмен, әзірге уақытша шағын ғимаратта орналасатын болды. Иерусалимнен ертеректе сатып алынған жер теліміне елшілік ғимараты жаңадан салынады. Иерусалим әлемдік үш бірдей дін – Ислам, Иудаизм мен Христиандық үшін қасиетті мекен саналады. Сондықтан оның саяси мәртебесі бір адамның, тіпті, бір халықтың қалауымен шешілетін мәселе емес. Израиль мемлекеті 1950 жылы бұл қаланы астана деп жариялаған, 1967 жылы әскердің күшімен басып алған, сонда да оның мәртебесін халықаралық қауымдастыққа мойындата алмай келеді. Сондықтан АҚШ президентінің елшілікті көшіріп, «Иерусалим – Израильдің астанасы» деп ресми түрде жариялауы бүгінгі Израиль үкіметі үшін үлкен жеңіс іспеттес. Бірақ «алмақтың да салмағы» бар, Газа секторындағы 2 миллион палестиндіктің бұл жағдайға көндіге қоюы екіталай. Бұл оқиғаның бұдан әрі өрбуін алдағы уақытта сараптайтын боламыз.

Ұлыбритания

Серіктес жаңалықтары