Жастар көкпар лигасы

Жастар көкпар лигасы

Жастар көкпар лигасы
ашық дереккөзі
Көкбөрінің ұрпағы қазақ жастары жаңа форматта көкпардың элиталы үлгісімен қалалық аймаққа кірді. Қазақта көкпардың екі түрі бар: бірі – жаппай көкпар, екіншісі – мәре көкпар. Мәре көкпарда арнайы ережелерге сәйкес, командаға бөлініп ойнайды. Шабуылшы, қорғаушылар біріне-бірі көкпарды тақымға салып беріп, қазандыққа салу үшін көмектеседі. Аттарда палуанның ырқына жығылып, көкпарды ілгенде ыңғай танытуы тиіс. Қарсылас палуанды ойқастата қағу үшін де атқа күш керек. Көкпар аттарының барлығы адымы алшақ, жуан сауыры жалпақ болуы тиіс. Себебі топты жарып кіруге аттың омырауы кең болғаны абзал. Ал күшінің барлығы сауырында болады. Сол себепті бұл спорт түріне «Қарабайыр» тұқымдылар төзімді келеді. Бәйге атын баптаған секілді, көкпар аттарын да әр палуан өзіне машықтандырып баулиды. Көкпардың кең тараған үлгісі – жаппай көкпар. Қазіргі көкпардың фавориттері де осы мекенде. Мал бағып, қасқырды күшік құрлы көрмей, қасқырлығына айбарымен барып сұлата түсіретін қазекең, бөріні ат үстінде тартып ермек қылған. Жеңгені қасқырдың терісін алады. Жылқы мен көкбөрінің мінезі де осыдан жұққан іспеттес. Ұлттық ойындардың осы түрі елімізде қанатын кең жайып келеді. Кеше ғана әлемдік деңгейде көкпардан чемпионат өткізгеніміз соның дәлелі. Ат төбеліндей қазаққа жанашыр азаматтар, ата дәстүрді жаңғыртып, көненің көзін бүгінгі ұрпаққа дәріптеп жүр. Солардың қатарында Данияр Дәукей де бар. Жоғарғы оқу орындары арасында көкпарды қосып студенттердің белін бекем бууға баулуда. 29 сәуір күні қаланың орталық стадиондарында жастар көкпар лигасы (ЖКЛ) осымен үшінші мәрте өтті. Оған 4 оқу орнының студенттері қатысты. Олардың қатарында қазақтың қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,  Қазақ спорт туризм академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті бар. Жаңа форматтағы көкпар құрамалары да ерекше. Ойынға арнайы былғары макеттен жасалған 25 келі серке ойнатылады. Әр командада үш-үштен екі топқа бөлініп тартысады. Алғашқы бәсекеде Алматы энергетика және байланыс университеті Қазақ ұлттық аграрлық университетіне қарсы шығып, көкпардың шымылдығын ашты. 4 университеттің құрамасы да көкпарға тастүйін дайын шыққан. Көкпар алаңында Қазақтың спорт және туризм академиясының құрамасындағы Мейіржан Мәтжан көкпардың бомбардирі, көрерменнің көзайымы болды. Ол ойқастата келіп көкпарды іліп алып, қазандыққа бірінен соң бірін тастағанда, найзағайдай шүйіріп шаншып алады. «Тектіден текті туады, тектіні тұқым қуады» дегендей Мейіржан да тектінің баласы. Әкесі Мәтжан кезінде көкпардың тіс қаққан палуандарының бірі болған. Ат тұяғын тай  басқан баласы да әкенің ізін жалғады. «Бұл көкпар таза қазақша өтеді, себебі ешқандай салымға ақша тігілмейді. Балалар көкпарды ақшаның көзіне айналдырып құнықпауы тиіс. Біздің бәсекеде тек тайқазан тігіледі. Футболдағы кубок сияқты. Бас жүлде алғандар осы тайқазанды алады», – дейді жастар көкпар лигасының жетекшісі Данияр Дәукей. Ойында жүрген қарабайыр аттардың барлығы  Дәукей әулетінің аттары. Сонымен қатар, ол аттың жүген, ер тоқымдарының барлығын қамтамасыз етіпті. Арнайы спартакиадаға байланысты қала көшелерінде көкпаршылардың шеруі де болды. Шеруде көкпаршылар таныстырылымы, Жастар көкпар лигасының жаңа форматтағы үлгісі түсіндірілді. Себебі бұл формат қалалық аймаққа негізделген. «Далада, ауылдық жерлерде серкені немесе 90 келілік тана, бұзауларды тартуға болады. Ал бұл қалалық аймақ болғаннан кейін осы көкпар түрі ыңғайлы», – деп атап өтті өз кезегінде Д.Дәукей. Алдағы уақытта көкпардан жастар арасындағы спартакиада басқа қалалардағы жоғарғы оқу орындары арасында өтпек. Қазақтың әр баласы көкпар тартып, атқа мініп өссе нағыз азамат болады. Ердің ер екендігін көрсететіндер – ат жалын тартып мінгендер. Қызылды жасыл селдір шашын бояп жүрген жігіттердің орнына университет жастарының көкпар тартып жүргені әлдеқайда жарасымды. Сондықтан бұл жобаның ауқымы кеңеюі керек.

Дарын Құрманқұл