Дүйсенбі, 28 Қараша, 2022

Қазақ тілінің түрік қорғаушысы

Ұлты түрік болғанымен жүрегі қазақ деп соғатын Оғыз Доған осы жолы да мемлекеттік тілдің түйткіліне бейжай қараған жоқ. Туысқан ұлт өкілінің табандылығы мен қайсарлығы қазақ жұртшылығы үшін тағы да сабақ болды.

Кез келген мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдарда қазақ тілінде сөйлуге әркімнің құқығы бар. Оғыз Доған «Qazkom» банкінің Астана қаласындағы Сарыарқа филиалына барып, есепшот аштыра алмай, біраз қиындыққа тап болғаны туралы бейнетаспа басып жариялаған болатын. Мемлекеттік тілде сөйлемей заңды аяққа таптап, клиенттерді көзге ілмеуі білдей бір банк үшін кешірілмес күнә екені белгілі. Мемлекеттік тілдің мәселесіне атүсті қарамайтын Оғыз мырза «Qazkom» банкінің қызметкерінен мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап еткен. Қоғам белсендісі Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» заңының 5-тарау 24-бабында айқын көрсетілген тармағына сәйкес сотқа жүгінгені туралы хабарлама таратты. Яғни заңның бұл тармағында мемлекеттік тілдің құқықтық қорғалуы туралы жазылғаны белгілі. Дегенмен белгілі блогер банк қызметшілері халық алдында кешірім сұраса, кешіремін деп уәде берген. Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен осы оқиға сенаторлардың да назарына ілікті. Бұл мәселеге байланысты сенатор Бірғаным Әйтімова «Елімізде барлық мекемелер қазақ тілінде қызмет көрсетуі тиіс» деп, қазақ тіліне алаңдаушылық білдірді. Артынша «Казкоммерцбанк» АҚ басқарма төрағасы Ульф Вокурка қазақ тілінде қызмет көрсетпеген қызметкерлерінің атынан кешірім сұрады. Сонымен қатар Астана қаласы, Сарыарқа ауданында орналасқан аталған банктің қызметкерлері де кешірім сұрап, болған оқиғадан сабақ алғандарын атап өтті. Банк алдағы уақытта республиканың барлық аймақтарында үш тілде қызмет көрсететінін және осындай жағдайға тап қылған олқылықтарға жол бермейтінін атап өтті. Түрік журналисі бұған дейін елімізге белгілі әуе компаниясының қазақ тіліне деген қызметіне көңілі толмай, әуе компаниясына кешірім сұратқан болатын.

«Ана тілің арың бұл, ұятың болып тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте» деу, ақын Қадыр Мырза-Әлінің ұран қылып айтып кеткен сөзі, қазақтарға қатал сын, түрік азаматына әрекет етудің жолы болғандай. Ұлт тілі өміршең болғанда, ұлттың жойылмасы анық. Мұстафа Өзтүрік заманында «бір ұлтты құрту үшін оның тілін жою керек» деп айтқан болатын. Қазақ тілі кейінгі уақытта қажеттілікке жарап келе жатқаны анық байқалады. Әліптің артын бағып отырған біздің қоғамда, секемшіл құлдық сананың жойылмай тұрғанын айтушылар көп. Ал «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден». Алаш зиялысы Әлиханның сөзі бүгінгі қазақтың мінезсіз жұртына керек-ақ. Тәуменділік бар жерде тарих жоқ. Көш жүре түзелер. Көк түріктің баласы, іште жатқан көкбөріні еркіндікке шығаратын кез келгендей.

Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button