Жамбы ату қайта жандана ма?

Қазақтың көне ойындарының бірі – жамбы ату. Дәстүрлі ұлттық ойында шауып келе жатқан атқа салт мінген қатысушы жылдамдықтың екпінімен жоғарыға ілінген жамбыны атып түсіруі керек. Жамбы ретінде күміс немесе алтыннан жасалған тайтұяқтар немесе теңгелер тігіліп отырған. Жамбыны атып түсірген жігіт сол жамбыны сый ретінде өзіне алады. Кей ертегілерде хандар жамбыны атып түсірген жігітке қызын берген делінеді. Ал бұл ойында нағыз өзіне сенімді кіл мықты жігіттер ғана бағын сынайды.

Жамбы ату – мергендік сынның бір түрі. Жаугершілік заманда ғұмыры ат үстінде өткен көшпенді халық үшін мергендердің рөлі жоғары болған. Ел арасындағы құралайды көзге атқан сұрмергендерді табу үшін де жамбы ату жиі-жиі ұйымдастырылып отырған. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуы тиіс. Ойынның басты мақсаты – ретімен күрделене түсетін 5 деңгейден сүрінбей өту. Әрбір деңгейде 1 минут беріледі, осы уақыт ішінде 10 жамбыға дәл тигізуі шарт. Деңгейден деңгейге өту барысында ойын күрделене түсіп, жамбылар көлемі кішірейіп, қозғалыс қарқыны артады. Төрешілердің ұйғарымы бойынша, нысаналар бірнешеу болады. Ойын алғашқы кезеңнен-ақ жалықтырмас үшін әрбір тигізілген нысанаға ұпай беріліп отырады. Бұл келесі ретте ойыншының ойын нәтижесін ары қарай арттыруына мүмкіндік береді. Ұпай мөлшері ойыншының қандай жамбыға және қандай биіктікте тигізгендігіне байланысты: алтын жамбы үшін жоғары ұпай, күміс жамбыға орташа, қола жамбыға ең төменгі ұпай саны беріледі. Әрбір деңгейдің соңынан жинаған ұпай саны көрсетіледі.

Әрбір олимпиялық ойындардан кейін оның бағдарламаларына енген спорт түрлерінің халықаралық бірлестіктері қайта қарап, түзетулер, өзгерістер енгізіп жүр. Кейінгі жылдары бұл ойын сәл өзгеріске ұшырап, шауып келе жатқан аттың үстіндегі жігіт белгілі сызықтың тұсына келгенде қолындағы найзаны ілулі шығыршықтан өткізуге тырысатын болды. Сондай-ақ, жамбы атуды биатлонның ережесіне сай өзгерту туралы сөз болып жүр. Тек шаңғының орнына ат керек. Сонда жаңа спорт түрі жазғы биатлон, «қазақ биатлоны» өмірге келер еді.

 

 

Back to top button