Қырғыз үкіметі отставкаға кетті

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысы аппаратының ақпараттық саясат бөлімі хабарлады.

Құжатқа сәйкес, премьер-министр, вице-премьер-министрлер, үкімет мүшелері жаңа министрлер кеңсесі жасақталғанша бұған дейінгі міндеттерін атқара береді. Жарлық қол қойған уақытта күшіне енді.

18 сәуірде Қырғызстан парламенті үкіметке сенімсіздік білдіруді қолдап дауыс берді

Бұған дейін оппозициялық үш фракция – «Республика – Ата Журт», «Ата Мекен» және Онугуу-Прогресс» премьер-министр Сапар Исаков үкіметінің 2017 жылды қорытындылаған есебіне қанағаттанбайтынын мәлімдеген. Мұның алдында парламентте көпшілік орынға ие Социал-демократиялық партиясы (СДП) мен «Қырғызстан» фракциясының депутаттары үкімет есебін қабылдаған.

Сапар Исаковтің үкіметі 2017 жылы 26 тамызда қызметіне кіріскен. Оны бұл қызметке үкімет құрамын парламенттегі көпшілік коалициясына кіретін СДП, «Қырғызстан» және «Бир бол» фракциялары ұсынған. Сапар Исаковқа дейін Қырғызстан үкіметін қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков басқарған.

Back to top button