313
Рухани жаңғыру ғарыш саласына да серпіліс әкеледі
Рухани жаңғыру ғарыш саласына да серпіліс әкеледі
Оралда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай «Еуразия өзен аралығы: білімнің салтанат құруы, прагматизм және бәсекеге қабілеттілік» атты VІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Рухани жаңғыруға» 1 жыл: Ақтөбе облысында алғашқы қорытындылар жасалды «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде өткен, екі күнге созылған жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылатын негізгі жұмыстар, қоғамдық сананы жаңғырту, жаңа технологияларды экономикаға енгізу мәселелері талқыланды. Конференцияға қатысқан БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпы ғылым алдында тұрған мақсат-міндеттермен, жас ұрпаққа білім беру мәселелерімен үндесетінін жеткізді. Қоғамдық сананы жаңғыртуда ғылымның маңызы зор. Осы орайда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша алғаш шыққан 18 кітап пен оқулықтың таныстырылуы өңірдегі жоғары оқу орындарына да үлкен серпіліс береді. Бір жылдың ішінде көптеген монографиялар, ғылыми-зерттеу еңбектер жазылды. Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттің бірі - дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосылу үшін барлық әлемдік үздік үлгілерді негізге ала отырып, ғылым саласында да биік шыңдарға көтеріле білу қажет-ақ. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Ләззат Нұрқатова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық салаға серпіліс әкеліп, Қазақстан халқы тарапынан үлкен қолдау тауып отырғанын атап өтті. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық саладағы 18 үздік оқулықтың қазақ тіліне аударылуы ерекше оқиғаға айналды. Бұл қазақ жастарын әлемдік ғылымның озық үлгілерімен таныстырады. «Біздің институт сарапшылары жүргізген талдаулар нәтижесі көрсеткеніндей, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобаларын жұртшылық кеңінен қолдап отыр. Қазақстанда ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, рухани жаңғыртудың қолға алынуы тың мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы, қазақстандықтар ХХІ ғасырда қажетті компьютерлік сауаттылық, тілдерді меңгеру, мәдени ашықтық секілді сапалық қасиеттерді меңгере білуі тиіс», деді Л.Нұрқатова. Ресейлік ғалым, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Хьюстон университетінің профессоры Юрий Афонин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы маңызды бағыттар қос ел әріптестігін одан әрі дамытуға жол ашатынын жеткізді. «КазИИУТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ғалым, «100 жаңа есім» жеңімпаздарының бірі Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға университеттер де белсене атсалысуы тиіс. Бұған шетелдік ЖОО-ларды да тартуға болады. Осы орайда конференция барысында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар университеті мен Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университеті арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. «Қазіргі таңда «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені осындай 37 ЖОО-мен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Біздің мақсатымыз - бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін озық жетістіктерді пайдалана білу. Сонымен қатар осы заманғы талаптарға сәйкес жаңа технологияларды жетік меңгерген ғалымдардың басын қосып, тың жобаларды жүзеге асырғымыз келеді. Мысалы, Самара-Байқоңыр бағытында халықаралық туристік жорықты неге қолға алмасқа! Сондай-ақ кезінде Бөкей ордасы ауданы жерінің бір бөлігі берілген Капустин Яр полгионында ғарышқа алғашқы қадамдар жасалғанын ұмытпауға тиістіміз. Жалпы, ғарыш саласында қазақстандық ғылымды дамытудың мүмкіндіктері көп. Жаңа жобаларды қолға алуға болады. Біздің осы шарамызды, екінші жағынан, Ғарышкерлер күніне орайластыруымыздың мән-маңызы да осында», - деді Ақсерік Әйтімов.