12 Сәуір 2018, 17:21 580 0 Өнер Ахмет ӨМІРЗАҚ

ҚҰРМАНҒАЗЫ ДОМБЫРАСЫНЫҢ КӨШІРМЕСІ

Өткен аптада Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты үш күндік көрмесі болып өтті. Көрмеге келген қала тұрғындары Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы Құрманғазының бір ауыз аңшы мылтығы мен шәкірті, күйші Дина Нұрпейісованың белбеуі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Дина Нұрпейісованың қамзолы, ХІХ ғасырдағы шапаны мен зергерлік бұйымдарын тамашалады. Көрменің соңы «Құрманғазы домбырасы» атты күй кешіне ұласты. Күй кешінде  Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің домбырашылар тобы өнер көрсетіп, кешті Түркештің «Көңілашар» атты күйімен бастап, қазақтың ұлы күйші композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының «Алатау», «Балбырауын», «Саранжап», «Сарыарқа» күйлерін, оркестр домбырашылары: Біржан Әлиев Құрманғазының «Ілме», Рахат Сәрсенов «Серпер», «Төремұрат», Батыржан Мықтыбаев «Терісқақпай» атты күйлерін жеке орындады.

Осыдан соң Құрманғазы Сағырбайұлының Ресейдің Астрахан облысы, Алтынжар ауылында 1986 жылдың 21 желтоқсанында ашылған мұражайы туралы бейнесюжет көрсетіліп, мұражай қызметкерлері ұлы күйшінің атын дәріптеп жүрген «Құрманғазы атындағы мәдени орталық» қорының атқарған істері жайында әңгіме өрбітті.

Сондай-ақ көрме соңында Құрманғазының Ресейдегі мұражайында сақталған домбырасының көшірмесі мен ұлы күйшінің төл шәкірті Ерғали Есжанов домбырасының Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайына табысталу рәсімі болды. Рәсімде батысқазақстандық Едіге Нәби­ұлы сөз сөйлеп, Ерғали Есжановтың домбырасымен Ерғалидың «Қоштасу», Құрманғазы домбырасымен Дәулеткерейдің «Байжұма» атты күйін күмбірлетті. Құрманғазының Алтынжардағы домбырасының көшірмесін жасаған Едіге Нәбиұлының өзі екен.

Кештің соңында Едіге Нәбиұлы Құрманғазы домбырасының көшірме нұсқасы мен Ерғали Есжанов домбырасын Ықылас мұражайының директоры, белгілі жырау-ұстаз Ұлжан Байбосыноваға тапсырды. Өз кезегінде Ұлжан Байбосынова кешке арнайы келіп отырған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке домбыраны мұражай экспонаттары қатарына өз қолымен қоюға өтініш жасап, қала әкімі рәсімді орындады. Енді мұражайға келушілер Құрманғазы талай күй тудырған домбыраның қандай болғанын өз көзімен көре алады.

 

 

Соңғы жаңалықтар