12 Сәуір, 12:51 144 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЖЫРАУЫ

Халқымыздың асыл азаматы, орда бұзар отыз жасында жемісті ғылыми-зерттеу еңбектерімен қазақ әдебиетінің тарихын бір мың екі жүз жылға тереңдетіп, тоталитарлық жүйе күйремей тұрып-ақ Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарын, ардақты ақын-жазушыларымызды халқымызбен қайта қауыштыруға айтарлықтай үлес қосқан, ұлтымыздың рухын оятуға, еліміздің еңсесін көтерісуге атсалысқан, наурыздың ұлттық рухани сипат алып, қайта оралуына, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуына, елдік салт-санамыздың, әдет-ғұрпымыздың жаңғыруына үлкен үлес қосқан, ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырзатай Жолдасбековтің күреске, ғибратқа, қызықтарға толы өмірі туралы сыр-сұхбатқа құрылған жаңа роман жазғаным жұртқа белгілі.

Сол кітапты жазу барысында әуелі Жамбыл туралы тарауының ықшамдалған, газетке арналған нұсқасын әзірлеген едім, бірақ еш жерге ұсынған жоқ едім. Атағы әлемге жайылған, Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «есімі қазақ ұлтының паспортына айналған» жыр алыбы Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы бүгінгі ұрпақты да қатты қызықтыратынын ескеріп, сол нұсқаны жұртымыз  сүйіп оқитын «Түркістан» газеті арқылы қалың көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдім.

 Автор

Автор: Мырзеке, бұрынғы бір әңгімеңізде сіз өз өміріңіздің едәуір уақытын халқымыздың екі бірдей ғасырды бастан кешкен екі бәйтерегі – Кененнің және оның ұлы ұстазы Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, сол туралы жазуға арнағаныңызды айтқан едіңіз. Әуезовтің сөзімен айтқанда, «есімі әлемге танылып, ұлтымыздың төлқұжатына айналған» Жамбыл туралы айтып берсеңіз.

Мырзатай: Жамбылдың байтақ мұрасын, оның ақындық мектебін зерттеуге мен өмірімнің отыз жылдай уақытын арнадым. Соның нәтижесінде «Тоқсан толғау», «Жүз жыл жырлаған жүрек» және «Асыл сөздің атасы» деп аталатын кітаптарым өмірге келді, докторлық диссертация қорғадым. Онда тұңғыш рет Жамбылдың ғылыми өмірбаяны жасалды. Жамбылдың ұлы ақындық мектебі, өнеге, өнер ортасы, жырларының көркемдік ерекшеліктері айшықталды. Жамбылдың айналасындағы қалың жұртшылыққа беймәлім болып келген Жетісу ақындарының жыр дәстүрі анықталды. Менің жазған сценарийім бойынша Жамбылдың жастық шағы жөнінде кино түсірілді.

Жамбыл – үлкен әруақ, халқымыздың мақтанышы. Жамбыл – қазақ поэзиясының ғана емес, әлем мәдениетінің қайталанбас ұлы тұлғасы, биік шыңы. Ғасырларда бір туатын керемет ғажайып адам!

Автор: Жамбылдың өмірге келген заманы қандай еді?

Мырзатай: Жамбыл 1846 жылы ақпан айының соңғы күндерінде дүниеге келген ғой. Туған жері – Жамбыл тауының бөктері. Шу өзенінің құяр сағасына жалғаса тізбектелген Жамбыл, Хан, Байғара, Шағырлы тау сілемдері бүгінде Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарына қарайды. Ол өмірге келгенде қазақ даласының оңтүстік жағы, Жетісу өңірі түгелдей Қоқан хандығының қол астында болатын. Қоқан ханы Құдиярдың Жетісу еліне салған лаңы аз емес-ті. Оның датқалары өздерін зор, бағынышты қазақ ауылдарын қор санап, ойларына келгенін істеп, зар жылатты. Есепсіз алым-салықпен елді естен тандырды. Олардың шапқыншылығынан әбден ерқашты болып, титықтаған қалың жұрт өзге амал таппай, ығысып, сынаптай сырғып, бір орыннан екінші орынға жөңкіліп көше берген. Қақаған қарлы боранда, осындай көш үстінде Ұлдан ананы толғақ қысады. Мұны көрген көш басшылары көшті тоқтатып, жүк артқан түйелерді шеңбер жасай шөгеріп, айнала жүкпен қоршап, киіз тұтып, ықтырма күрке жасайды, Ұлдан ана осы ықтырмада босанады. Атасы Ыстыбай сәбидің қойнауы құт Жамбыл тауының баурайында туғанын жақсы ырымға жорып, өскенде ол да осы таудай биік әрі еліне пана болсын деген жақсы тілекпен немересінің атын Жамбыл қояды.

Қоқан ханының датқалары мен содырларының сойқандарына, қысымына төзе алмаған халық ақыры алым-салық төлеуден бас тартып, азаматтар шамырқанып атқа қонады. Саурық, Сұраншы, Андас, Сарыбай ел ішінен қол жинап, Қоқан ханының Жетісуға сайлаған бегі Қанатшаға қарсы күреске шығады. Саурық пен Сұраншы – ағайынды кісілердің балалары болған. Саурықтың жасы үлкен, Сұраншыны жастайынан баулып, соңына ертіп, батырлыққа тәрбиелейді. Өзі алпыс жасында Суықтөбе баурайында дүние салады, сонда жерленеді. Сұраншы – ержүрек, қайтпайтын қайсар, ұзын бойлы, зор денелі, сол жақ бетінде шешектен қалған дағы бар, дауысы жуан, сөзге шешен, қарашұбар кісі екен.

Жетісу халқы Қоқан хандығына бодан болудан бас тартып, күреске шыққан кезде теріскейдегі алып көрші Ресейдің арнайы жасақталған әскери экспедициясы қазақ даласының терістік, батыс жағынан кіріп, шығысы мен оңтүстігіне қарай бет алып келе жатқан болатын. Бұл кезде оның алғы шептегі әскерлері Алатау атырабына жетіп, бекініс, қамалдар құруға кіріскен. Ендігі жерде қазақтың қол бастаған батырлары мен ел басқарған адамдарының алдында екі түрлі жол жатты. Бірі – орыс әскери экспедициясымен бірігіп, қоқандықтарға қарсы шығу. Екіншісі – қоқандықтармен тіл табысып, орыстарға қарсы күресу. Жетісу қазақтары, оның ішінде Шапырашты руының Бөлек, Сұраншы, Сарыбай сияқты ел басы, батырлары орыс әскерімен одақтасып, қоқандықтарды қазақ жерінен қуып шығуды дұрыс санайды. Елге сыйлы, жасы үлкен Бөлек батырдан бата алған Сарыбай мен Сұраншы орыс әскерінің алдынан шығады. Олармен келісіп, бәтуаласып, өздері жинаған бес мың жасақпен Ұзынағаш түбінде Қоқан ханының Қанатша бастаған қалың қолын талқандап жеңіп, Жетісу жерін Қоқан қыспағынан азат етеді. Бұл соғыста Сүйінбай Сұраншының сарбаздарына жалынды жырымен дем берген, жауынгер үгітшісі, ұраншысы болған. Сұраншы Қоқан хандығынан Әулиеатаны да азат етіп, ұлы жүз батырларының Қоқанға қарсы соғысында, Сайрамда 1864 жылдың шілдесінде, қырық жеті жасында ерлікпен қаза табады. Сол соғыста аяғынан жараланған Сарыбай орыс әскерімен бірге Ташкенге дейін барады. Осы сапарда қазақ қолын басқарып, көрсеткен ерліктері үшін орыс әскерінің полковнигі шені беріледі. Сайрамнан Сұраншының сүйегін әкеліп, ауылына жерлеген де осы Сарыбай.

Жамбыл осындай қарбалас кезеңде, аласапыран, қыспақ заманда дүниеге келген.

Автор: Енді Жамбылдың шыққан тегіне тоқтала кетсеңіз.

Мырзатай: Жамбылдың әкесі Жапа (кейін барлық құжаттарда Жабай болып жазылып кеткен) Шапыраштының Екей руынан. Ол азырақ малы бар, қатардағы шаруа екен. Өзі орта бойлы, шымыр денелі, ат үстінде әбжіл, найзагер, досына мейірбан, дұшпанына қатал кісі болса керек. Оның ел, жер, барымта дауларына араласып, бітімгершілік айтқан кезі де болыпты. Осындай ерекше мінезін, жауынгерлігі мен бітімгерлігін ұнатқан Жаныс елінің сыйлы адамы Әшекей бай оны қасына алып, өзінің малшы жігіттеріне басшы етіп ұстапты.

Автор: Жамбылдың балалық шағы туралы не айтар едіңіз?

Мырзатай: «Өлең кірген түсіне, жөргегінде мен болам», – деп өзі айтқандай, Жамбыл ана құрсағынан жарық дүниеге ақын болып түскен. Ол бала кезінен-ақ асқан зеректік танытып, айналаға ой көзімен қарап, жақсы мен жаманды айырып, ел ішіндегі айтылатын есті сөздерді көкірегіне құйып өседі. Өлең-жырға айрықша әуестік танытады. Орайы келген сәттерде өз ойын өлеңмен жеткізуді әдетке айналдырады. Ол өзінің «Менің өмірім» атты өмірбаяндық шығармасында он жастан бастап өлеңге ден қойғанын, он бес жаста домбыраны қолға алып, өлең-жырда «төрт аяғын тең басқан жорға болғанын» айтады. Он жеті, он сегіз аралығында өз тұстастарынан оқ бойы озып шығып, жыр көгіндегі жарық «жұлдыздай көзге түсіп», сәуле шашады. Осындай ел таныған ақын атанған он жеті, он сегіздегі жігіт шағында-ақ Жамбылдың жырларының халықтық сипаты арта түсіп, тереңдей береді.

 

Автор: Жамбылдың сол кездегі қазақ даласындағы дүлдүл ақын Сүйінбайдан қалай бата алғаны туралы бір қызық әңгімеңізді оқыған едім.

Мырзатай: Жамбыл бала, бозбала кезінен-ақ Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды көп айтады, көбіне күлдіргі, әзіл-қалжың өлеңдер шығарады. Көздері ұшқын атқан, көңілі қияларға алып ұшқан жас ақын бір жолы, он бес жасында ел жатқан кезде жарапазанды сылтауратып, Сүйінбайдың ауылына келіп, Сүйекеңнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды, Сүйекең жалықпай тыңдайды. Әдеттегі жаттанды сөздер емес, табан астында суырып салып айтылған, құлаққа жағымды, тың, тосын жыр Сүйекеңе ұнайды.

– Ей, өлеңім келді жол шегіп,

Осынау елге алыстан.

Түн болды, үйге ен дейтін

Табылмай тұр таныс жан.

Ардақты үйдің иесі,

Рұқсат ет кіруге.

Баға бер менің жырыма,

Қуат бітіп үніме,

Көңілін тапсын елімнің,

Жар бол да өзің жәрдем ет,

Жібер мені бір демеп.

Сүйінбай жастықтан басын жұлып алып, Еңлік бәйбішеге шам жақтырып, ақын баланы үйге шақырады.

– Шапыраштыда Жамбыл деген жыршы бала бар дегенді жұрт айтып жүр. Сол сен боларсың. Зәуімен келіп қапсың. Өлеңді жақсы айтады екенсің, айтысып бақсақ қайтеді. Жеңсең ат мініп, түйе жетелеп қайтасың, жеңілсең атыңды беріп қайтасың, әлде бата алып қайтасың ба? – дейді сынағандай болып.

Жамбыл:

– Атыңызды да алмаймын, атымды да бермеймін, батаңызды беріңіз, – дейді.

– Ал, Жамбыл, бата дедің, бердім саған,

Бақытты, ғұмырлы боп жүргін аман.

Батасын ат орнына берді ғой деп,

Қоймағын былай шығып кінә маған.

Артынан Сүйінбайдың орнын басып,

Тіліңнен балың тамсын сорғалаған, – деп Сүйінбай батасын беріп, көк серкені жетегіне байлағанда көзінде тентектік ұшқыны ойнаған Жамбыл:

– Сүйеке, ат та алдың, атан да алдың,

Көрген ең алдын талай наһандардың.

Түйені түгіменен жұтқанменен,

Сонда да бұл жалғанда қақалмадың, – деп қалады. Сонда Сүйінбай:

– Ей, бала, келіп қапсың бейуақта,

Жағалап Сүйінбайдай әруақты.

Аз кідірсең, атыңнан айрыларсың

Былжырамай алып кет көк лақты, – деп көк серкені жетектетіп қоя береді.

Сүйінбай Жамбылдың болашақ дүр ақын болғалы тұрғанын таниды, сөйтіп содан кейінгі уақыттарда оны соңына ертіп, той-жиыннан тастамайды. Бұл тұстарда Сүйінбай жас Жамбылдың жыршылық өнерінің дамуына ерекше мән береді. Ел сүйіп тыңдайтын батырлық жырларды, ғашықтық дастандарды жырлатады. «Сен өзіңнің ақыл-ойыңды халықтың тілегі мен арманын және мұң-мұқтажын білуге жұмса, сенің өлең-жырларың халықтың қайғы-қасіреті мен сырының және мұң-мұқтажының кілті болсын» деп баулиды.

 

Автор: Мырзеке, Жамбыл өмір бойы өзіне ұстаз, пір тұтқан Сүйінбай туралы азырақ тоқталып айта кетсеңіз.

Мырзатай: Сүйінбай ұзын бойлы, дене бітімі мінсіз, сымбатты, күйектей әдемі сақалы болған, әппақ қағаздай мөлдір, сұлу кісі екен. Жырды домбырамен бастап, келе-келе құлағын бұрап термелеп, құйындатып төгіп айтады екен. Қыза келе айқай салғанда, жанында тыңдап отырған кісіні селк еткізетін зор дауысы болған. Сүйекеңді көрген-білген, естігендер өлеңнің қызыл желі деп бағалайды. Мұның мәнісі мынада: Сүйінбайдың тілінен құты қашқан Тезек төре ақынды бір сүріндірмекке Арқадан сол кездегі атақты Түбекті шақыртады. Түбек жол-жөнекей түс көреді, түсінде Сүйінбай оған үздіксіз соққан қызыл жел болып елестейді. Онсыз да Сүйінбайдың атағынан именіп келе жатқан Түбек қаймығып, атының басын бұрып, жолдан кері қайтып кетеді.

Сүйінбайдың салған жерден сөйлеп кеткелі тұрған ақындық келбетін, қайталанбас сұлу бітімін талантты суретші марқұм Әбілхан Қастеев өте дәл әрі әдемі бейнелеген. Суреттің дәлдігі, образдың жандылығы сонша, көрген сайын ақынның семсер жырларын өз аузынан тыңдағандай әсер аламын.

Автор: Біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың алғашқы төл теңгесінде бейнеленген сол сурет қой?

Мырзатай: Иә. Өз сөзімен айтқанда, Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел, жүйріктей жалын тараған, күніне шауып жараған, айтысқанды шаңына көмген жүйрік, ол – айтысқанның басынан өлең асырып, миын шайқаған жырдың боранды ақпаны, қияқты сұңқары. Сүйінбай жырларынан оның алмастай өткірлігі де, тайпалған жорғалығы да, қанатты тұлпарлығы да, даңғыл жыраулығы да айқын көрінеді.

Автор: Сүйінбай да, Жамбыл да ұзақ өмірлерінде ауыздарымен құс тістеген талай ақындармен айтысқанмен, еш уақытта жеңіліп көрмеген ғой. Айтысқан ақындарының барлығын жеңіп отырған.

Мырзатай: Дұрыс айтасың. Жарық дүниеге көзін ашқанда, сол дүниеде Сүйінбайдай ақынның болуы – Жамбылдың ең ұлы бақыты. Жамбыл батаны Сүйінбайдан алды, отыз бес жыл соңына ілесіп, жырдан өрнек тоқып, ұлы ақынның өнегесін өнерінің алтын өзегіне айналдырды. Жамбыл Сүйінбайдан жойқын жырларды, ұзақ сонар эпостарды, батылдықты, әділдікті, турашылдықты, халықтық сипатты үйренді, өмір бойы ардақтап өтті.

Сүйінбай – қиыннан қиыстырып дәл табатын аса шешен, сөздері тиген жерін күйдіретін сексеуілдің шоғындай, нысанаға алған адамын қалпақтай қағып түсіретін мірдің оғындай, әруақты, арқалы ақын болған. Оны бір ғана Жамбыл емес, соңынан ерген ұлы жүз ақындарының барлығы ұстаз тұтқан. Сондықтан да аяулы білімпаз Мұхтар Әуезов Сүйінбайды Жетісу ақындарының алтын діңгегіне балаған. Жамбыл Сүйінбайдың көп айтыстарының куәсі болған, отты жырларының жарқылдап туған талай сәтін көрген. Жетісу билеріне, болыстарына, діндарларға айтқан сөздерін құлағымен естіген. Сүйінбайдың бізге жеткен «Батырбек датқаға», «Төрелерге», «Болыстарға баға» сияқты шығармаларында қалың бұқараның есесін бермей, еңсесін басып жүрген байлардың, ел билеушілерінің әділетсіздігі, надандығы мен жауыздығы айтылады. Ол өз ауылының, өз аймағының жуандарын ғана емес, көрші қырғыз халқының шонжарларын да оңдырмай сынаған. Солардың бірі – Үмбетәлі.

Үмбетәлі – қырғыз елінің ханы. Оның әкесі Орман хан тарихи деректер бойынша өте қатыгез адам болған. Оның жаз – жайлауынан, қыс – қыстауынан дар ағашы алынбаған. Айыпты деп тапқан адамдарын дарға аса берген. Үмбетәлі де әкесі сияқты тежеусіз зорлықшы болады. Ол сүйікті әйелінің өзін бір тапсырманы екі рет айтқызғаны үшін атып тастайды. Үмбетәлінің бетімен кеткені соншалық, өзіне сәлем берген кісіге айқаймен жауап қайтарады екен. Сәлем беруші адам оның қатты айқайынан шошығанынан аттан құлап түсуге тиіс болса керек. Егер де сәлем беруші атынан құлап түспесе, Үмбетәлі оны азаптайтын болған. Аты өзімен аттас Үмбетәлі деп аталғаны үшін ғана жазықсыз бір жас баланың басын қылышпен шауып түсірген. Өзінің қызы ел арасынан шыққан бір қарапайым жігітке көңілі ауып, оған кестелі орамалын бергені үшін тағы бір сойқанды іс жасайды: жігіттің ауылын түгелдей шауып алады, жігіттің өзін тірідей отқа жағып жібереді. Орман хан асқан зорлығы, озбырлығы үшін ақырында Бұғы адамдарының қолынан өлім табады. Үмбетәлі әкесінің өлімі үшін Бұғылардың ауылын түгел шауып алады, бірде-бір үйді сау қалдырмайды. Осының бәрі де жұрттың алыпқашты әңгімесі емес, Шоқан Уәлиханов еңбектерінде (2-том, 38-39 беттер), М. Венюков, К. Үсенбаев секілді ғалымдардың зерттеулерінде келтірілген деректер.

Қылышынан қан сорғалаған осындай хан алдында қаймықпай оның ит терісін басына қаптағандай масқарасын шығарып, өті жарылып, өкпесі қабынғандай күйге түсіру тек Сүйінбайдың ақындығы мен азаматтығының ғана күші жететін қиын іс еді. Оның хан бетіне тура қарап тұрып:

– Көңіліңді демденіп,

Хан ордасын басыпсың.

Атаңды сенің өлтірген

Бұғы елін шауып, жаншыпсың.

Қыз-қатынын тұтқын қып,

Тау суындай тасыпсың...

 

Бір кезекте хан Орман,

Бұқара елім сенсің деп,

Қойдай айдап қырғызды,

Алдына сап жеп еді.

Айдаһардай араны,

Бұғыны жылда мазалап,

Көрінбей көзге жегені,

Бір байталға дау болып,

Ақырында жау болып,

Дүниеден Орман жөнеді.

Сөйтіп өлген атаңа

Ел шапқаның жөн бе еді?! – деген жыр жолдарынан Үмбетәлінің де, оның әкесі Орманның да қырғыз халқының арасында ру араздығын қоздырып, сол арқылы елді езіп, жаншып, пайда тауып отырған зорлығы анық көрінеді. Мұндай зорлық істен Орман хан ақыры абыройсыз өлім тапқаны, Үмбетәлінің өзі де бұл бетінен қайтпаса, оңбайтыны ашық айтылады. Қыза келе ақын:

– Кесе алмайсың тілімді,

Айтып өтем мініңді! – деп өрлей түседі.

Сүйінбайдың осы өлеңінен кейін Үмбетәлі өзінің артық айтқан астамшыл сөзі үшін ақыннан кешірім сұрап, оған сый-сияпат көрсетеді. Бірақ ақын ханның сый-сияпатын қабылдамайды. Ханның тырнағы қатты батқан Бұғылар Орман мен Үмбетәліге, олар арқа сүйеген Қоқан хандығына қарсы шығып, Ресей қарамағына өтуге әрекет жасаған. Жетісу өлкесіне келген патша әскері оларға көмек көрсеткен. Осындай жайларды батыл айта отырып, ақын бір жағынан езілген қалың бұқараның мерейін көтерсе, екіншіден, ханның бетін қайтарып, аптығын басады, қырғыз бен қазақтың қалың еліне арқа сүйеп, ханның өзіне сес білдіреді.

Автор: Тарихта аты қалған, әрі ақын, әрі ел билеушісі, атышулы Тезек төренің де кезінде Сүйінбайдан беті қайтқан ғой?

Мырзатай: Жетісуда қылышынан қан тамған хан Тезектің сағын сындырып, бетін қайтарған үш ұлы өнерпаздың есімдері белгілі. Олар: Сүйінбай, Бақтыбай, Бөлтірік. Тезектің өзі де кейініректе: «Мен екі ақын, бір шешенді көрдім: бірі Жалайыр Бақтыбай, біреуі Қызыл Екей Сүйінбай және Ысты Бөлтірік шешен. Атам – Абылай, әкем – Әділ, өзім Тезек едім, он сегіз мың ғаламды жарылқап, қорғауға күшім жетуші еді, осы үшеуінен біржолата сағым сынды», – деп Қожмамбет биге айтқан сөздері кейінге жеткен.

Өзінің де суырып салып өлең айтатын қабілеті бар Тезек беделін көтеріп, даңқын асыру үшін төңірегіне айтулы ақын, ділмар шешен, көсем билерді жинауға тырысады екен. Осындай оймен Сүйінбайды да, Бақтыбайды да, Бөлтірікті де ығына жығып, хан сарайына сұрқылтай еткісі келген, бірақ үшеуі де Тезектің сағын сындырған. Мәселен, ол:

– Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,

Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау.

Әр заманның бар дейді сұрқылтайы,

Сұрқылтайым менің де екен мынау, – деп дәмеленіп, Сүйінбайдың ықылас-пейілін өзіне аударғысы келгенде, Сүйінбай:

– Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,

Мен бірақ көргенімді жасырмаймын.

Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,

Басымнан ұшқан құсты асырмаймын.

Төресің қанды қанға құйып жүрген,

Айламен бар дүниені жиып жүрген.

Құдай сүйер бойыңда қылығың жоқ,

Қазаққа қайтіп басың сыйып жүрген?

Албан, Дулат, Шапырашты ел емес пе,

Шалқып жатқан ел деген көл емес пе,

Көл толқыса көбігін кетер басып,

Бетіндегі көбігі төре емес пе?

Төре сайтан болғанда, көп – періште

Бар сайтанды қаққан да пері емес пе? –деп аптыққан төренің көңілін су сепкендей басады. Тезектің сөйтіп Сүйінбайдан тауаны қайтып, тауы шағылады.

Автор: Тезекке Бақтыбай мен Бөлтірік­тің айтқан сөздері де ел есінде бар шығар?

Мырзатай: Бақтыбай Жолбарысұлы Тезек төренің ордасына алғашқы рет келгенде Тезек төре домбырасын қолына алып, оған үш ауыз өлеңмен сауал тастайды. Бақтыбай жауап бере келе Тезектің атасына, өзіне арнап біраз мадақ сөз айтады. Сонда Тезектің өзінен бұрын оның туысы Сұлтанның аты аталған екен. Тезек өз атының Сұлтаннан кейін аталғанына шамданып:

– Тоқтат, таз, сен өлеңші екенсің, бірақ екі-үш ауыз өлеңнің біреуі орынды, біреуі орынсыз. Өйткені «Жалайырда Сұлтаным-ай» деп жаман көк бас төреңді менен бұрын айттың-ау. Менің Ұлы жүзден мойным озғаны рас, көкбас төреңді мақтағанда не болады, одан да мына Дәнекер сұлу жеңгеңді мақта. Дәнекер Жалайыр Жарлықамыс деген жігіттің әйелі еді. Бір үйде түстеніп, тамақ жеп отырғанымда, есік алдынан өте берген Дәнекердің сұлулығына қызығып, зорлықпен алып кеткеніме, міне, тоғыз жыл болды. Жалайыр соның кегін әлі ала алмай жүр. Жалайыр мықты болса, сұлуына теңдік әпермес пе еді?! – деп Дәнекерге қолын асып, күле сөйлеп отырады. Сонда Бақтыбай:

– Бұл қатын сіздікі емес, біздің қатын,

Жайылды жер жүзіне Тезек атың.

Біреуге тиіп жүрсе шапағатың,

Біреуге тиіп жүрер кесепатың.

 

Ордаңда отыратын тақ құрыпсың,

Жылқыңды жылқышыға бақтырыпсың.

Байы еді бұл қатынның Жарлықамыс,

Ол кезде біздің ауыл еді алыс.

 

Хан Тезек Дәнекерді әкетті деп,

Бізге де солай деген келді дабыс.

Патшаның бұқарасы өз баласы,

Бақайын өз қойыңның өзің талап,

Айтасың мұның несін қылмай намыс.

 

Бойында Шаңғырақтың біздің ауыл,

Жайдақтау әркім мінген бұл бір жауыр.

Сұрасаң Дәнекердің жайы осылай,

Келсе де, тақсыр төрем, көңліңе ауыр.

 

Алдияр, бұл мінезді тастамасаң,

Қоймассың елде қатын өңі тәуір.

Кессең бас, алсаң жаным сескенбейді,

Үстіме жіберсең де артып зауыл, – деп тоқтағанда Дәнекер:

– Әдіре қалғыр, үй арасында қаңғырып жүрген немені оттатқанша, басын неге алып тастамайсың? – деп, құйып отырған шайын тастап, далаға жылай жөнеледі. Дәнекердің көзінен жас шыққанда Тезек төренің кеудесінен жаны шыққандай болады...

Ал, Бөлтірік шешенге келсек, ол ешкімнен жеңілмеген шешен, батыр, ақын әрі «Жеті жарғы» (жеті тосқауылдан сүрінбей өткен тұлпарды осылай атайтын болған – М.Ж.) атанған кісі екен. Оның батырлығы, ақындығы, шешендігі жөнінде ел ішінде аңыз көп.

Бірде Тезек төре:

– Бөлтірігім, Ысты қанша ел болады? – депті.

Сонда Бөлтірік:

– Ысты аз болса, Дулаттан аз шығар, бірақ алпыс үйлі Төреден аз емес, – деп жауап беріпті.

Тамақ жеп болған соң Тезек:

– Бөлтірігім, біздің үйдің дәмі қандай екен? – дегенде Бөлтірік:

– Сіздің үйдің дәмінен елдің көз жасының соры татып тұр ғой, – депті.

Уәжден ұтыла берген Тезек:

– Япыр-ай, басымның ауырып тұрғаны, – дейді.

Сонда Бөлтірік іле-шала:

– Құдай-ай, сақтай гөр! Төре баласы мен түйе баласы басы қисайса мал болмайды деуші еді, – дей бергенде, Төре:

– Шіркін-ай, қазақтан да сендей сөзге көсем туа берер ме екен? – деп, басын шайқапты деген әңгімені кезінде маған Кенен ақсақал айтып берген еді.

Автор: Ал Сүйінбайдың өзі Қабан жырауды ұстаз тұтқан ғой?

Мырзатай: Қабан жырау өте ірі жырау болған, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініші, соның ешқайсысы да сақталып, бізге жетпеген. Сыпыра жырау тәрізді Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай ілесіп жүріп, батасын алған деседі. Жамбыл Сүйінбайдың Қабан жыраудан бата алуын кезінде ет пісірім уақыт жырлап айтады екен. Сонда ол Сүйінбайдың Қабан жыраудың көшімен бірге болған жеті күн, жеті түнінің әр күн, әр түнін мазмұндық-мағыналық жағынан даралап, арнайы жыр етіпті.

1898 жылы Сүйінбай дүние салғанда Жамбыл ұстазын он екі ай жоқтайды. Келесі жылы Сүйінбайдың асы Найманбай жазығында өткізіледі. Асқа ат тұяғы жететін жердегі ақын-жырау тегіс келеді. Жамбыл ас үстінде жиналған халыққа ақындығымен өлшеусіз үлкен қызмет жасайды. Жамбыл ұстазы Сүйінбайдың халықтық маңызы жоғары ақындық тұрғысын ғана қабылдап, дамытып қоймаған, сұлу да сырлы сөз өрнектерінен де көп үлгі алған, ол жайында өзі «сырлы, сұлу сөздері, маған тартқан сыйындай» деп ашық айтады...

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Жалғасы газетіміздің келесі санында

Соңғы жаңалықтар