10 Сәуір 2018, 11:19 447 0 Қауіпсіздік Анар ЛЕПЕСОВА

Астанадағы апаттық лифттер үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Астана әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте елордадағы лифттердің ахуалы талқыланды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Бүгінгі таңда елордада 6 653 лифт тіркелген, оларға 69 арнайы ұйым қызмет көрсетеді. 6 653 лифттің 4910 - тұрғын үйлерде, 1 743 - әкімшілік ғимараттарда орналасқан. Лифтте жүрудің орташа бағасы: карточкалық жүйеде бір жолғы - 9 теңге, ал Бірыңғай төлем жүйесі (ЕРЦ) арқылы - айына 1 200 теңге.

2017 жылы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 96 лифт, соның ішінде қызмет мерзімі біткен (25 жылдан астам) - 63, апаттық  - 23 және «Өркен Қала» ЖШС қайтарымды қаражаты есебінен 10 лифт ауыстырылды. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтің айтуынша, бүгінгі таңда аталған салада тәртіп орнатумен қатар, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып лифттерді пайдалану, соның ішінде лифт компаниялары мен ПИК-тердің жауапкершілігін арттыру бойынша нормативтік ережелерді реттеу қажет.

«ПИК тарапынан бақылаудың жоқтығы мен лифт компанияларының тиісті жұмыстарды атқармауы салдарынан лифтілердің апаттық тоқтау оқиғалары жиілеп кетті», - деді ол. Оның келтірген мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары жұмыс істемейтін лифттер бойынша 547 өтінім келіп түскен. Қазіргі уақытта 9 үйде жұмыс істемейтін 12 лифт бар.

Сондай-ақ, осы кезеңде, «Эдем Палас 1, 2», «Айя», «Успех» тұрғын үй кешендерінде лифттердің апатты тоқтауы, көтеру құрылғысының үзілуі салдарынан соңғы факт Тәуелсіздік даңғылы, 38/2 мекенжайы бойынша тіркелген. Елорда әкімінің тапсырмасына сәйкес Тұрғын үй инспекциясы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып қаладағы 117 нысанда 727 лифт қондырғыларын пайдаланып отырған 64 ПИК қызметі тексерілді. Мониторинг нәтижесінде 239 көтеру механизмінде кемшіліктер анықталып, 30 басқару органының басшыларына ұйғарымдар берілді.

«Қызмет көрсетуші ұйымдар мен иелері тарапынан өнеркәсіптік қауіпсіздік заңнамасы саласындағы талаптар толық орындалып отырған жоқ. Әкімшілік шаралар тиісті нәтиже бермеуде. Сондықтан олардың жауапкершілігін қылмыстық деңгейге дейін қатаңдатуды ұсыну қажет», - деп атап өтті әкім.

Сондай-ақ Әсет Исекешев Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына ПИК және лифт шаруашылығы компанияларына бірлескен тексеру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар