АССАМБЛЕЯ КIМНIҢ СӨЗIН СӨЙЛЕЙДI?

АССАМБЛЕЯ КIМНIҢ СӨЗIН СӨЙЛЕЙДI?

АССАМБЛЕЯ КIМНIҢ СӨЗIН СӨЙЛЕЙДI?
ашық дереккөзі
295

27-қаңтарда Алматыдағы мемлекет басшысының резиденциясында Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтiлген мәжiлiсi болып өттi. Бұл Ассамблея туралы заң қабылданғаннан кейiнгi алғашқы басқосу.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бұған дейiн өкiлеттiлiгi айқын емес едi. Былтыр көпшiлiктiң арасында зор резонанс тудырып, соның iшiнде қазақ ұлтшыл ұйымдарының талқысына түскен “Ассамблея туралы” Заңды көпшiлiк қолдай қоймаған. Бiрақ, соған қарамастан Парламенттiң қос палатасы мақұлдап, Елбасы өмiрге жолдама берген. Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев қатысқан аталмыш жиында Ассамблеяның ендiгi мiндеттерi айқындалып, оның өкiлеттiгi өскендiгiне орай, тағы да екi орынбасары анықталды.

Мемлекеттiк хатшы Қазақстандық ассамблея үлгiсiнiң бiзден өзге еш мемлекетте теңдесi жоқ, ерекше құрылым екендiгiн атап өттi. Шынымен солай ма? Солайы солай. Өйткенi, Қазақстан сияқты унитарлы ұлттық мемлекеттiң бiрде-бiрiнде (Тiптi 100 ұлттан көп тұрса да) бұндай конституциялық құрылым жоқ екен. Қазақстан халықтары Ассамблеясы бiзге көршi Ресейден жеткен үлгi. Ресей елдегi 90 субъектiсiнiң проблемаларын бiржақты ету мақсатында Ассамблея институтын ойлап тапты. Ал, қазаққа не жорық?!

МАҚСАТЫ — ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ МА?

Қазақстан халқы Ассамблеясы институты басында қоғамдық негiзде құрылған. 2007 жылғы саяси реформалар негiзiнде Ассамблея атынан 9 депутат сайлау (тағайындау) туралы өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана, оның осы уақытқа дейiн ресми өкiлеттiгi жоқтығы анықталған. Сол себептi де күн тәртiбiнде “Ассамблея туралы” Заң қабылдау қажеттiгi туындады.

Бiр қызығы, Қазақстан халқының басын бiрiктiрiп тұрған Ассамблеяға Қазақ ұлттық ұйымдары мүше емес. Онда Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерiнiң барлығы енгенде, қазақ ұлты шет қалған. Сонда, мемлекеттiң негiзi және түп қазығы, мемлекет құраушы ұлт қазақ – Қазақстан халқына жатпайды да, өзге диаспора өкiлдерi Қазақстан халқын құрай ма? Бұл бiрiншi қайшылық. Демек, “Қазақстан халқы Ассамблеясы” деген атаудың өзi дұрыс емес. Оны “Қазақстан диаспоралары ассамблеясы” десек, жарасатын сияқты. Дәл осы ойды билiкке қазақ ойшылдары мен саясаткерлерiнiң бәрi де дерлiк ұсынды. Алайда, ұсыныс қабылданбады. Керiсiнше, Ассамблеяға конституциялық өкiлеттiлiк берiлдi. Ендi бiздегi өзге ұлт өкiлдерi кеудесiн керiп, кердеңдей бастады.

Айталық, елде 2006-2008 жылдары аралығында бiрнеше ұлтаралық қақтығыстар орын алды. Осы кезде елдегi ұлттық мәдени орталықтарының жетекшiлерi, Ассамблея мүшелерi жұртты бiрлiкке үндеп, ақты ақ, қараны қара деп айтудың орнына, желбуаздардың қолтығына су бүркiп, тентегiн тыюдың орнына етегi жасқа толып еңiредi.

Егер, Ассамблеяның мiндетi һәм мақсаты – Қазақстан халқын интеграцияға бастау, қазақ мәдениетi төңiрегiнде топтастыру десек, дәл осы мiндетке қарама-қайшы әрекеттер жасалып жатыр. Елбасы Қазақстан халқын бiрiктiрушi фактор ретiнде “мемлекеттiк тiлдi” атайды. Ал, Ассамблеяның мемлекеттiк тiлдi үйренуге және үйретуге деген құлқы байқалмайды. Керiсiнше, әр диаспора өкiлдерi өз ана тiлiн үйретудi басты мұратқа айналдырған. Әрине, кез-келген ұлттың өзiнiң мәдениетiн, тiлiн сақтауға мүдделi болуы заңды. Оған ешкiм бөгет бола алмайды. Дегенмен, Қазақстан Республикасының азаматы атанғаннан кейiн, сол елдiң ұлттық құндылықтарын, мемлекеттiк атрибуттарын мойындауы қажет қой. Әрине, барлық диаспора өкiлдерiне бiрдей топырақ шашудан аулақпыз. Диаспора өкiлдерiнiң барлығы дерлiк, қазақ мәдениетi төңiрегiнде, қазақ тiлi маңайында топтасуға дайын. Керiсiнше, Ассамблея дәл осындай ауқымды шараларды ұйымдастыруға келгенде сараң. Егер, Ассамблеяның құрылғанына 15 жыл болды десек, сол 15 жыл iшiнде бiр рет қазақтың мүддесi тұрғысынан сөйлеп, жиын өткiзгенiн көрмеппiз. Қоғамды интеграциялау мақсатында мемлекеттiк тiлдi өзге ұлттар арасында насихаттау, оны үйретудiң тиiмдi жақтарын ұсыну секiлдi бейiмделу саясатын да Ассамблея қолға алған жоқ. Аталған жиында Ассамблеядан өзбек ұлтының атынан сайланған депутат Розақұл Халмұрадовтың Ассамблеяны қазақша сөйлеуге шақыруының астарында да осы ой жатыр.

Жалпы, елдегi әр ұлт өкiлдерiнiң рухани-мәдени проблемасы мемлекеттiң емес, оның өзiнiң жеке проблемасы болуы керек. Ал, қоғамды интеграциялау, өзге ұлт өкiлдерiн қазақ мәдениетiнiң айналасында топтастыру мәселесiне мемлекет бас ауыртуы тиiс. Ассамблея осы мақсаттардың үдесiнен шыға бiлсе қанеки.

АССАМБЛЕЯҒА БАСШЫЛАРДЫ ҚАНДАЙ ПРИНЦИППЕН ТАҒАЙЫНДАЙДЫ ?

Сонымен Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев өкiлеттiгi кеңейген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының тағы 2 орынбасарлығына үмiткерлердiң атын атады. Ассамблея мүшелерi бiрден мақұлдаған, кандидатурасын бекiту мақсатында Президенттiң құзырына жiберiлген үмiткерлер – поляктар одағының төрағасы Виталий Свинцицкий мен Орыс-славян және казактар қауымдастығы төрағасының орынбасары Анатолий Чесноков. Поляк одағының төрағасы жайында сөз басқа, ол адам туралы қоғам онша хабардар емес. Ал, орыс-славян және казактар қауымдастығының елдегi ынтымақтастыруға ұқсамайтын iс-әрекетi белгiлi. Олар қазақтың елiнде жүре беруге бейiл, бiрақ, қоғамды орыс мәдениетi мен орыс тiлiнiң төңiрегiнде топтастыруға үндейдi. Әрi бұл қадамдарын еш бүкпесiз ашық жүргiзiп келедi. Қазiр “Russians.kz” деген интернет сайт бар. Онда күнделiктi орыс-славян және казак қауымдастығының мәлiмдемесi басылып тұрады. Ал, осы сайтқа елдi бөлшектеуге және қоғамда орыс шовинизмiн өршiтуге бағытталған комментарийлерi үшiн прокуратура тарапынан ескерту алып, комментарийлердi интернетке қоюға тыйым салынды.

Ассамблеяның мақсаты – елдi интеграцияға бастау десек, неге осындай шовинистiк бағытта iс жүргiзiп отырған орыс-славян және казактар қауымдастығының белдi мүшесi және төрағасының орынбасары Ассамблеяда лауазымды қызметке тағайындалады? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары