ТЕҢГЕ ЖӘНЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯ

ТЕҢГЕ ЖӘНЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯ

ТЕҢГЕ ЖӘНЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯ
ашық дереккөзі
453

Билiк ұлттық валютаның девальвацияға ұшырамайтынын айтады. Ал тәуелсiз сарапшылар теңгенiң құнсыздану процесi әлдеқашан басталып кеткенiне сенiмдi. Бүгiнгi сараптама девальвацияның күнгейi мен көлеңкесi туралы.

ҚР Үкiметi ұлттық валютаға девальвация қаупi төнiп тұрған жоқ деп сендiрiп отыр. Ал еуропалық сарапшылар инвесторлар қауымына қазақстандық құнды қағаздар мен облигациялардың дефолтқа ұшырауы мүмкiндiгiн екендiгiн ескерте отырып, CDS немесе сақтандыру шараларын ұйымдастыруға кеңес беруде. Бейресми деректерге сенсек, халықаралық қаржылық топтар бiрнеше уақыттан берi дефолтты жасанды түрде қолдан ұйымдастырып, Қазақстанды өздерiне тәуелдi етуге, осылайша, қазақтың табиғи ресурстарына иелiк етуге ұмтылып жатқан көрiнедi. БҰҰ сарапшылары халықаралық нарықтағы мұнай мен металдардың құнсыздануы, дүниежүзiлiк қаржылық жүйедегi қиындықтар т.б. жағымсыз жайттардың кесiрiнен 2008 жылы 6,9 пайызға теңгерiлген ТМД мемлекеттерiндегi экономикалық өсiм көрсеткiшi биыл жыл соңына дейiн 4,8 пайызға дейiн төмендейтiнiн айтады. Олардың пiкiрiнше, әсiресе, Қазақстан, Ресей мен Украинаға келетiн шығын ТМД шеңберiндегi өзге елдерге қарағанда, күштiрек.

Девальвация – ұлттық валютаның шетелдiк валютаға шаққандағы бағамының төмендеуi. Ұлттық валютаны девальвациялау үкiметтер тарапынан елдiң төлемдiк тепе-теңдiктер дефицитiн азайту, әлемдiк нарықтағы тауарлар мен бәсекелестiк деңгейiн арттыру, iшкi өндiрiстiк қарқынды жеделдету мақсатында пайдаланылады. Девальвация экспорт өсiмiн арттырады, iшкi нарықтағы импорттық тауарлардың бағасын өсiрiп, отандық тауар өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн жетiлдiруге септiгiн тигiзедi. Ескеретiн жайт, валюта нарығында тепе-теңдiк сақталмаған жағдайда, экономикалық көрсеткiштерге керi әсер етедi: сыртқы қарыздардан құтылу үшiн бағамды төмендету (девальвациялау) тиiмдi, ал елдегi экономикалық ахуалды және отандық өндiрiс орындарының өнiм өндiру деңгейiн жақсарту үшiн валюта бағамын керiсiнше, өсiрген пайдалы. Демек, валюта бағамдары арасындағы өзара тепе-теңдiк сақталуы тиiс. Отандық сарапшылар қауымы теңгенiң девальвацияға ұшырауынан келетiн пайданы жоққа шығармайды. Себебi, шетелдiк валютаға шаққандағы бағамы әлсiреген теңге халықтың кiрiсiн отандық экспорттаушылардың кiрiстерiмен теңестiруге, өндiрушiлердiң бәсекелестiк қабiлетiн арттырып, тауар өндiру қарқынын күшейтуге, елдегi жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуiне сеп болады. Алайда, бұл – девальвацияның күнгейi. Ал көлеңкелi тұсы қалай болмақ?

Үстiмiздегi жылдың басында ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Ә.Сайденов теңгеге девальвация қаупi төнiп тұрған жоқ деп мәлiмдедi. Ал ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов сейсенбi күнгi үкiметтiк кеңесте теңгенiң құнсыздануы 10 пайыздың төңiрегiнде болатынын жеткiздi. Министрдiң айтуына қарағанда, доллардың 2009 жылға белгiленген бағамы – 123,5 теңге және “1 доллар – 130 теңге” мәселесi туралы айту әзiр ертерек”. Алайда, халықаралық және отандық тәуелсiз сарапшылар қауымы: “2009 жылы Қазақстанның ұлттық валютасы құнсызданады” деген ұстанымда. Мысалы, БҰҰ сарапшылары: “2008 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы небары 0,39 пайызға (120,30 теңгеден 120,77 теңгеге) қымбаттаса да, дүниежүзiлiк нарықтағы мұнай құнының күрт төмендеуiнiң кесiрiнен Қазақстан сыртқы қарызын өтеуде қиындықтарға ұшырайды, осының салдарынан ұлттық валюта девальвацияланып, долларға шаққандағы бағамы 30 пайызға артуы мүмкiн дейдi. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, “ел экономикасының көмiрсутегiлер мен шикiзат қорларынан түсетiн қаражатқа “байлаулы” болуының кесiрiнен кейiнгi кездерi ұлттық валюта бағамы үздiксiз арзандау үстiнде”. Үкiметтiң девальвация процесiн бастауға асықпауы, халықтың теңгеге деген сенiмi күрт төмендеп, отандық банктер активтерiнiң сапасына керi әсер етедi деп қауiптенгендiктен. Әрине, ұзақ мерзiмге созылатын девальвациялық көрсеткiштi 10 пайызға бағамдаған билiк ерте ме, кеш пе, теңгенiң құнсызданғанын ресми түрде мәлiмдеуге мәжбүр болары анық. Оның үстiне, отандық тәуелсiз сарапшылардың кейбiрi теңгенiң ендiгi девальвацияға ұшырағанын айтады. 2008 жылдың қарашасы мен желтоқсанында ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 5 пайызға (1 жыл iшiнде) өссе, үстiмiздегi жылдың басынан берi бұл көрсеткiш 8 пайызға көтерiлiптi. Үкiмет күтпеген жерден тап берген девальвация қатерлi десе, қаржыгерлер қауымы керiсiнше, “бiртiндеп өсiп отыратын девальвация қауiптi, себебi, бағамның төмендей беру қаупi сейiлмейдi” дейдi. Өткен аптада Халықаралық қаржы қоры (ХҚҚ) Қазақстан Үкiметiне теңгенiң бағамын тұрақтандыруды жалғастыру керектiгiн мәлiмдей отырып, бағамдық саясат бағытын түбегейлi өзгерту қауiптi екендiгiн ескерттi. Ал сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыста Әнуар Сайденов Ұлттық банк пен Үкiметi орнататын қатаң қадағалау мен бақылаудың арқасында теңге бағамы бiртiндеп өзгертiлетiнiн жеткiздi.

Сарапшыларды толғандырған басты мәселелердiң бiрi – әлемдiк нарықтағы құнсызданған “қара алтын”. Егер мұнай шикiзатына деген сұраныс күрт төмендеп, бағасы үздiксiз арзандай берсе, теңгенiң девальвациядан құтылып шығуы қиын. Былтыр бiр баррелi 150 долларға дейiн шығандаған мұнай биыл 40-45 доллардан аса алмаса, 2009 жылы ағымдық есептегi қаражат тапшылығы 15-20 млрд. долларға жетпек. Ақша тапшылығын шешу үшiн Ұлттық қор мен Ұлттық банктегi валюталық қор қаржысының жұмсалуы, қазақстандық компаниялардың арзан бағаға “пышақ үстiнен” үлестiрiлуi т.б. жағымсыз жайттар елдiң iшкi таза активтерi мен келешекте межеленiп отырған мемлекеттiң кiрiстерiн күрт азайтады. Ұлттық банктегi алтын-валюта қорының азаюы теңгенiң девальвациялану қаупiн күшейтедi.

2008 жылы 105,5 млрд. долларға жеткен жалпы сыртқы қарызды қайтару мәселесi де теңгенiң әлсiреуiне әкеп соғады. Өйткенi, Қазақстанның жалпы iшкi өнiмiнен жалпы сыртқы қарыз көлемiнiң асып түсуi, әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қатары едәуiр сиреген халықаралық инвесторлардың уақыт өткен сайын азая түсуi отандық валюта нарығына керi әсер етуi мүмкiн. Елiмiздегi екiншi деңгейлi банктердiң арзан несиенiң кезiнде қарызға белшеден батуы да “жығылғанға жұдырық” болғалы тұр. Биыл банктер тарапынан өтелуi тиiс несие көлемi – $10 млрд., ал 2010 жылы – $7 млрд. Халықаралық қаржылық құрылымдардан дағдарыс басталмай тұрып алған қарыздарынан құтылуға асығатын жекеменшiк банктер елiмiздегi ақша ағынының сыртқа қарай жөңкiлуiне жол бермек. Оның үстiне, қаражат тапшылығы орын алғандықтан, отандық банктер бiрiн-бiрi несиелеуге немесе қайта қаржыландыруға мүдделi емес: “балапан – басына”. Былтыр жыл соңына қарай Президент Үкiметке сыртқа қарай ағылған қаражат ағынын тоқтатуға пәрмен берген. Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы 4,8 млрд. долларға тең қаржы шекара асқан. Мұнайдан түскен қаражаттың арқасында ғана ел экономикасына құйылған шетелдiк валюта қоры өзге елге кеткен қаражаттың орнын толтыруға мүмкiндiк берген. Сондықтан төл теңгенiң келешегi халықаралық нарықтағы ахуалға тiкелей байланысты болғандықтан, ұлттық валютамыздың девальвациялануы туралы кесiмдi пiкiр айтуға сарапшылардың көпшiлiгi батпайды.

Ұлттық валютаны құлдыраудан аман алып қалатын бiр жол бар. Ол – халықаралық нарықтағы мұнай шикiзатының қымбаттауы. Мұнай өндiрушi елдерден құрылған халықаралық ұйым – ОРЕС мамандары Жер шарындағы мемлекеттердегi мұнай қоры үстiмiздегi жылдың көктемiне дейiн жететiнiн айтады. Егер бұл дерек шындыққа жанасса, “қара алтынға” деген дүниежүзiлiк тұтынушылық сұраныс деңгейi артып, мұнай қайта қымбаттай бастайды. Көмiрсутегiлердi экспорттайтын елдер қатарындағы Қазақстанның алтын-валюта қоры қайта толығып, теңгенiң құнсыздануына жол берiлмейдi. Төл теңгенiң тағдыры АҚШ-тың күнi кеше таққа отырған 44-президентi Барак Обаманың командасына да тiкелей қатысты. Ақ Үйдiң жаңа қожайыны америкалық және әлемдiк экономиканы тұралатқан дағдарыстан шығар жолды таңдауда экспортты күшейту үшiн америкалықтардың ұлттық валютасы – долларды девальвацияласа, теңге құнсызданудан аман қалады. Сейсенбi күнi әлемдiк нарықтағы доллар құны көтерiлген: бiр еуроның долларға шаққандағы бағамы 1,28889 долларға тең болып, небары 1 тәулiктiң iшiнде кәрi құрлықтың ортақ валютасы 1,59 пайызға бiр-ақ құнсызданыпты. Ал ағылшындардың фунт стерлингi соңғы 8 жылда болмаған деңгейге дейiн күрт арзандаған. Халықаралық сарапшылар доллардың күш жинай бастауы әлемнiң Барак Обамаға мен Американың келешегiне деген сенiмiнiң артуымен байланыстырады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары