Қажылар қауымдастығы: ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ, ЖЫЛЫ ЛЕП

Қажылар қауымдастығы: ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ, ЖЫЛЫ ЛЕП

Қажылар қауымдастығы: ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ, ЖЫЛЫ ЛЕП
ашық дереккөзі
454

Жыл алдында “Қазақстан қажылар қауымдастығы” дiни бiрлестiгiнiң төрағасы өзгертiлiп, оған Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мешiт iстерi бөлiмiнiң меңгерушiсi Еркiнбай қажы Дуанаев сайланған едi. Жаңа басшылық жаңа жылды қауымдастықтың жаңа құрылымын жасақтаудан бастады.

Құдай қаласа, алда атқарар ауқымды жобалар шаш-етектен. Елiмiзде дiнiмiздiң құлашын кеңге сермеуi үшiн көптiң көмегi керектiгi айтпаса да түсiнiктi. Исламның гүлденуi аттөбелiндей дiндарлардың ғана iсi деп ойлау да ағаттық… “Тас түскен жерiне ауыр” дегендей, дiни бiрлестiк келелi iстi келiстi жүргiзуге тәуекел етiп, қажылар қауымдастығының құрылымын кеңейттi. Атап өтсек, осы ұйымның құрметтi президенттерi – Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi және дiн жанашыры Қайрат Сатыпалды. Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қанат қажы Жұманов, Мұрат Мыңбаев, “Дiн үгiт-насихат” департаментiнiң, Марат Сәрсенбаев, “Халал жүйе” департаментiнiң, Майра Ильясова, “Мұсылман әйелдерi тәрбие жұмысы” департаментiнiң, Бақыт Тұрсынбеков, Алматы қалалық филиал төрағасының орынбасары және “Зекет және қайырымдылық” iстерi департаментiнiң, Ақжол Мейiрбеков, “Бұқаралық мәдени-рухани шаралар” департаментiнiң, Данияр Самед, “Мұсылман жастармен жұмыс” департаментiнiң, Үсен Әсетуллаұлы, “Қажылық және халықаралық қатынас” департаментiнiң меңгерушiлерi болып бекiтiлдi. Сонымен қатар “Қазақстан қажылар қауымдастығы” (ҚҚҚ-ғы) дiни бiрлестiгiнiң облыстардағы филиалдарының төрағалары (Асылбек Төлегенов – Оңтүстiк Қазақстан, Кемелов Дүйсехан – Атырау, Асқар Маймақов – Маңғыстау, Адхам Маматшаев – Алматы, Мұрат Ербол – Қызылорда), баспасөз хатшысы – Күлпара Жұмағали, кадр бөлiмiнiң жұмыстарын үйлестiрушiсiне Жәндiллә Бекжiгiт тағайындалды. ҚҚҚ-ның мақсаты – дiндарлар бiрiгiп, салауатты, кәмiл адам тәрбиелеп шығару, ағартушылық бағытта iргелi жұмыстар жүргiзу. Елiмiздегi 11 миллион мұсылманның 17 мыңдайы қажылық парызын өтегендер екен. Сол 11 миллион мұсылманның жартысы қыз-келiншектер, ақ жаулықты аналар. Бұл – жақсы көрсеткiш, өйткенi ұлт пен ұрпақ тәрбиесi (көп жағдайда) әйелдiң мойнында. Сондықтан отбасының, мемлекеттiң дiңгегi әйелдiң жағдайы жақсармайынша, иманы артпайынша қоғам түзелмейтiнiн әркез естен шығармаған жөн. Жалпы ҚҚҚ-ның мүшелiгiне дiн исламға шын жаны ашып, соның өркендеуi жолында қолынан келгенiн аямайтын кезкелген адам мүше бола алады. Осы орайда үлкен бiр отбасының тiректерi саналып, ұл-қыз тәрбиелеп отырған Балапан қажы, Әмина қажы, Фарида қажы, Қалбибi қажы, Жұмагүл қажы сияқты аналардың қауымдастықтың мүшелерi екенiн айта кетейiк. Сөйтiп, өткен аптаның соңғы үш күнiн ҚҚҚ-ы дiни бiрлестiгi дөңгелек стол өткiзуге арнады. Үш күндiк бас қосуларда дiни бiрлестiк басшылары, мүшелерi Әмина қажы иелiк етiп отырған “Жетiмдер перзентханасына”, Шамалғандағы Хамза қажы мешiтiне, ер балалар оқып-тәрбиеленiп жатқан қазақ-түрiк медресесiне барып, ол жердегi өзектi жағдайлармен танысып, кем-кетiктi түзеуге бiр кiсiдей атсалысатындарын бiлдiрдi. Көп жылдан берi өз алдына тiршiлiк етiп, жұмыс iстеп келген “Жетiмдер перзентханасы” ендi ҚҚҚ-ы дiни бiрлестiгiнiң тiкелей қарамағына алынды. Ал Хамза қажы мешiтiнiң, медресесiнiң, мұражайының жұмысын одан әрi ойдағыдай жүргiзу үшiн “Хамза қажы атындағы қор” құрылды. Жиналыс барысында Хамза қажының зайыбы Роза апай мешiттi ұстап тұрудың қиындықтарына тоқталды. Қорға алғашқы боп қаржы салушылардың iшiнде Ескендiр, Дарико, Бiржан Хасанғалиевтар, Майра Ильясова, Еркiнбай Дуанаев, Балапан қажы, Мира, т.б. бар. Қордың президентi – Еркiнбай Дуанаев. Сонымен қатар қор жұмысын қадағалайтын тексеру комиссиясы жұмыс iстейдi. Бүгiнде елiмiздегi қазақ-түрiк медреселерiнде тәрбиеленушiлер жөнiнде алып-қашпа сөз көбейгенi рас. “Жағдайдың бәрiн жасап қойып, тәрбиенi өзге бағытта жүргiзедi екен” деген iспеттi күдiктi пiкiрлер де жиi айтылып жүр. ҚҚҚ-ы мәселенiң мән-жайын бiлу үшiн Ахметжан ұстаздың басқаруындағы 160 ер бала тәрбиеленiп жатқан медресенiң тыныс-тiршiлiгмен танысты. Айтқандай бұдан былай елiмiздегi мұндай медреселердi ҚҚҚ-ы дiни бiрлестiгi бақылайды. 2004 жылдың 27 мамырында ҚҚҚ-ы дiни бiрлестiгiнiң алғашқы құрылтайы өткен-дi. Одан берi де 5 жылдың төбесi көрiнiп қалыпты. “Отанды сүю – иманнан деп аталатын жобаны да сол кезде бастаған. “Ортақ үйiмiз Қазақстанға – иманды қоғам” ұстанымын басшылыққа алған ҚҚҚ-ы сол жобаны тағы да жандандырмақ үстiнде. Ақпан айының жуан ортасында “Отанды сүю — иманнан” тақырыбы аясында үлкен концерттiк бағдарлама өтпек. Бұны терiс пиғылды миссионерлердiң әрекеттерiне қарсы қойылар тосқауылдың бiрi деп санаймыз. Ұлттық патриоттық, имандылық тақырыбындағы ән-жырмен сусындаған адам адасудан iргесiн аулақ салары сөзсiз. Бiр шаңырақ астында жиi бас қосу бiрлiкке, ынтымаққа шақырады. Олай болса, “Отанды сүю — иманнан”деп аталатын жобаның берерi ұшан-теңiз. ҚҚҚ-ы дiни бiрлестiгi бұл жобаны биыл республикалық деңгейде, кең көлемде жүзеге асырмақ. Дiн мүддесi – ер, тiл мен жер мүддесi. Әрбiр мұсылманның дiлi әрдайым осы мүдделер үшiн соқса, ел аман, жұрт тыныш болар едi. Дiни бiрлестiк жақсы iстердiң жаршысына айналсын. “Жұмыла көтерген жүк жеңiл”, оған сiз бен бiз қатар қол созсақ, нұр үстiне нұр болар.  
Күлпара Жұмағали
 

Серіктес жаңалықтары