КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТIНIҢ БIР БҰТАҒЫ

КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТIНIҢ БIР БҰТАҒЫ

КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТIНIҢ БIР БҰТАҒЫ
ашық дереккөзі
198

Ұлан-Батырда өткен Қазақстанның мәдениет күндерi екi ел арасындағы мәдени байланыстардың тынысын кеңейттi

ҰҚСАСТЫҚ ҚЫРЛАРЫ

Моңғол халқын қазақтардың өзiнiң бауырмал, туысындай жақын көруiнiң түрлi себептерi бар. Бiрiншiден, ол жерде Көктүрiктердiң астанасы – Ордабасы тұр. Бүкiл түркi мәдениетiне ортақ Күлтегiн, Бiлге қаған бабалардың байырғы ескерткiш-орындары сақтаулы. Екiншiден, тарихи-мәдени құндылықтарда екi жақ ғалымдарының тiзе қосып iстейтiн алдағы жұмыстары ұшан-теңiз. Мұнда әлi сырын жаймаған, құпиясын құндағына жасырған тастағы таңбалардан бастап, келешекте моңғол-қазақ зерттеушiлерi жұмыла қолға алатын көне жазбалар мен ғасыр өрнектерi жеткiлiктi. Үшiншiден, екi елдiң тарихы мен мәдениетiн тек бiр-бiрiмен сабақтастыра қарап, салыстыра үңiлу ғана байырғы өркениеттiң байыбына жетуiмiзге мүмкiндiк бермек. Сондай-ақ, қазақ халқына тiкелей қатысты тарихи бiр дерекке тоқталуды жөн деп санадық. Мәселен, Моңғолияның астанасы алты алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың ұсынысымен 1924 жылы Ұлан-Батыр аталғанын кейiнгi жас буын бiле бермеуi мүмкiн. “Ұлан” сөзi “қызыл” деген мағынаны, ал “батыр” атауы екi халыққа да ортақ ұғымды бiлдiредi.

Социализмнiң сарқытындай, көшпендiлер даласының саясат сағымына айналған бұл атаудан ел өмiрiнде кейiн қаншама өзгерiстер болып жатса да бас тартпау сыры моңғол халқының қайсыбiр ұстанымды өзгертпес бұрын, әуелi не нәрсенiң де ар жағына үңiлiп барып ой түйетiнiн аңғартып тұрды. Бас көшелерiнiң бiрiнде “ұлы көсем” Лениннiң ескерткiшi тапжылмай сол қалпы қалған. Кешегi Кеңестер одағынан барған кез келген адамның көңiлiне мына көрiнiс түрпiдей түйiлуi мүмкiн. Мұны көрген кезде езуге ерiксiз күлкi үйiрiлдi. Бiрақ бұл дүниенiң бiрде-бiрi Моңғолияның кейiнгi өркендеуiне керi әсерiн тигiзiп жатқан жоқ. Оларды уақыттың өзi тарих бетiне қаттап жатыр, Лениннiң, орақ пен балғаның ескерткiштерi өткен жылдардың белгiсi, тарихтың iзi iспеттi қабылданады. Тас мүсiннен елге ешқандай зиян келмейтiнiн, басты мәселе тiрi жандардың тiршiлiгiнде екенiн ұғатын жұрттың өркениетке қал-қадiрiнше ұмтылып жатқанын көрдiк. Мысалы, өнеркәсiптiк технологиясы ерекше дамыған итальяндар жүн мен терiнi осы елден алуға құштар. Неге десеңiз, сапасы өзге елдердiң өнiмiмен салыстырғанда өте жоғары саналады. Соған қарамастан шикiзатын шетелге тиын-тебенге сатып отырған моңғол жоқтың қасы. Оларды ұқсата өңдеп, тiгiп, соңғы өнiмi тұтынушы қажетiн өтеуде. Ұлан-Батырдың базарында түйенiң жүнiнен тiгiлген ұлттық нақыштағы түрлi киiмдер көз қарықтырады. Ең бастысы, арзан, қарапайым жұрттың қалтасы көтередi. Былғары мен жүннен жасалған өнiмдердi сатып алу үшiн басқа елдерден жұрт ағылып келетiн көрiнедi. Келешекте Моңғолияның даңқын әлемге жайып, ел еңсесiн тiктеуiне осы байлықтар сеп болары сөзсiз. Бүгiнде әр халық өркениет көшiндегi орнын ұлттың келбетi мен мақтанышына айналған төл дүниесiмен сайлауға бекiнуде. Моңғолияны өзгелердiң жүн, былғарысы арқылы мойындауының өзi-ақ олардың сол жолдағы алғашқы жетiстiгi деуге әбден болады.

Статистикалық дерек бойынша Моңғолия халқының саны 2,5 миллион ғана көрiнедi, ал есесiне мал басы 40 миллионнан асып жығылады екен. Тау етегi мыңғырған мал. Үйiр-үйiр жылқыны, отар-отар қойды, даланың маңғаз жануарларын жол бойы кезiктiрген сайын мына өлке бейне бiр қазақтың даласына ұқсап кеттi. Қазақ пен моңғолдың жан ұқсастығы сезiлдi. Одан қала бердi көшпендiлердiң қасиеттi сусыны – қымызды бұл елде бөлек әспеттейдi, қадiрлi қонағына ұсынып жатады. Тiптi, қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнектерге дейiн ұқсас. Бiздердiң тарихымыз бен тамырымызды тоғыстыратын мұнан басқа рухани арналар қаншама.

Ұлан-Батырда өткен Қазақстанның мәдениет күндерi сондай ғажайып өрнектердiң жарасымды жалғасуына, “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша тың жобаларды бiрлесе атқаруға кең жол ашып бердi. Делегацияны бастап барған Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедтi Моңғолияның Премьер-Министрi С.Баярдың, Моңғол Хуралының (Парламентiнiң) төрағасы Д.Дэмбэрэлдiң, Бiлiм, ғылым және мәдениет министрi Ендон Отгонбаярдың қабылдауы бұл шараға ол елдiң өте жоғары деңгейде мән беруiнен, екi жақты қарым-қатынастарды рухани сабақтастық нығайта түсерiне сенiм артуынан едi. Екi халықтың мәдениетi мен өнерiн жақындастыратын осынау шараны өткiзуге Мемлекет басшыларының биылғы тамызда болған кездесуi мұрындық болған. Қазақстан мен Моңғолияны қатынастыратын 67 шақырымдық жолға қатысты мәселе көтерiлген. Төрт маңызды құжатқа қол қойылған. Қысқасы, ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сапарынан кейiн бұл елмен арадағы көптеген байланыстың түйiнi шешiлiп келедi.

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДIҢ ТАЛМАС РУХЫ

Қазақстан өнер шеберлерiнiң талай елдегi мәдени шарасына куә болғанбыз. Мына жолғысы қаны қазақ деп бүлкiлдейтiн әр адамның жанын жылы леппен аялар едi. “Қазақ әуендерi” акционерлiк қоғамы ұйымдастырған концерттiк бағдарламаның ерекшелiгi – төл өнердi төрге оздыруы. Халқымыздың бұлбұл көмей әншiсi Бибiгүл Төлегенова мен ұлттық опера өнерiнiң айтулы өкiлi Қабылаш Әбiкейдiң соңынан iлескен iзбасарлары Ұлан-Батыр қаласындағы орталық Мәдениет сарайында ән мен күйдiң әсем қанатын қалықтатты. Секен Тұрысбеков жетекшiлiгiндегi “Ақ жауын” оркестрi күй нөсерiн төксе, “Гүлдер” ансамблiнiң талшыбықтай бұралған айжүздi арулары би айшығын түрленттi. Дәстүрлi әншiлер Айгүл Қосанова, Гүлзира Бөкейхан, Меруерт Башай орындаған дүниелер халық әндерiнiң шексiз құдiретiн дәлелдеп бердi. Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Марат Омаровтың “Шарықта, Қазақстан”, Алтынай Жорабаеваның “Астана”, Ардақ Балажанованың “Қаракөзайым” әндерiнен қазақ эстрадасының нәзiк иiрiмдерi сезiлдi. “Ұлытау” тобы орындаған Махамбеттiң “Жұмыр қылыш”, Құрманғазының “Адай” сынды дауылпаз күйлерi көңiл толқындарында тербелдi. Оның өнерiне тәнтi болған жұрт талабы ескерiлiп, ертесiне жеке кешi өткiзiлдi.

“Тенгиз” кинотеатрында “Қош бол, Гүлсары”, “Мұстафа Шоқай” сияқты “Қазақфильм” киностудиясы түсiрген жаңа фильмдер көрсетiлiп, алыстағы ағайынның рухани шөлi бiр қанып қалды.

Қазақстанның мәдениет күндерi барысында Ұлан-Батырда қазақ халық музыкалық аспаптары оркестрi құрылатынын естiдiк. Алматыдан бiрталай музыкалық аспаптар жеткiзiлдi. Моңғолдардың кейбiр музыкалық аспаптары бiздiң домбыра, қобыз сияқты ұлттық дүниелерiмiзге жақын келедi екен.

— Мұндай ұқсастық оркестр құруымызды жеңiлдетедi. Әрi бiздегi консерваторияны бiтiрген түлектер Ұлан-Батырда баршылық деседi. Осы күндерде бiразы артымыздан өздерi iздеп жолығып жатты. Олар оркестр құруға қол ұшын бермек. Құдай қаласа, көп ұзамай мұнда қайта оралатын сыңайлымын. Сөйтiп оркестрдi өз қолыммен жасақтаймын, – дейдi Қазақстанның мәдениет қайраткерi, композитор Қадыр Досымжанов. Бұл да болса екi халық арасында келешекте жалғасатын рухани көпiрдiң тағы бiр қыры деуге болады. Мәселен, осы шара кезiнде Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты көптеген зерттеулердiң моңғол топырағымен байланысты екендiгiн айтты. Мiне, сол iстiң едәуiр бөлiгi екi халықтың мәдениетi мен музыкалық аспаптарына қатысты екенi даусыз. Алтайды бойлай қоныстанған халықтардың тiлi, мәдениетi, ауыз әдебиетi, этногенезi мен музыкалық қоры әлi түрен салынбаған соны соқпақ десек, артық айтпаймыз. Демек алда ғылым мен мәдениеттiң әр саласы бойынша жекелеген тың жобалар әзiрлейтiн таң туып келедi. Қазақстанның Моңғолиядағы мәдениет күндерi кезiнде сондай идеялардың алғашқы нышандары қылаң бердi. Ұлан-Батырдан едәуiр қашықтықта жатқан Көктүрiктер мекенiн көрiп, бабалар рухына тағзым жасау түбi бiр түркi жұртының ортақ аңсары. Соған қарамастан бұл өңiрдiң iшке бүккен сыры күнi бүгiнге дейiн адамзатқа құпия күйiнде қалып келедi. Әсiресе түркi мәдениетiне толағай саналатын тарихи ескерткiштер елiне моңғолдар әлi соншалық терең мән бермей отыр деп те айта алмаймыз. Ұлан-Батырдан кез келген адамды тапжылтпай жеткiзетiн тақтайдай түзу жол салынбағанмен, туризм ошағына айналып кетпегенмен, оған басқа елдердiң ғалымдары соңғы жылдары шұқшия зерттеуге мүдделi. Еуропа ғалымдары бекер қызықпайды. Бұл жердiң құндылықтары көздiң құртына айнала бастағандай. Себебi, мұнда түркi халықтарының алғашқы ескерткiшi – Ордабалық қаласы, алғашқы астанамыздың рухы кең аспанды кернеп тұр. Орта ғасырда мұндай алып қала не Орта Азияда, не Еуропада болмаған деп топшылайды ғалымдар. Оның қазiргi алып жатқан аумағы 55 шаршы шақырым. Қабырғасы V-VI ғасырларда қаланған деп тұжырады тарихи дерек. Бiрiншi, екiншi Көктүрiк қағанатының, Бiрiккен Түрiк қағанатының астанасы болған көне шаһардың тас iргесiн ғасырлар тамшысы мүжiмей, кейiнгi ұрпақтар ұмсынып ұңғитын құпия жартастарын қалдырыпты. Оған уақытқа есесiн жiбермейтiн немiстер мен технологиясы жер жаһанды жайлаған жапондар қазiрдiң өзiнде бiлек сыбанып дайын отыр. Тағы бiр таңғажайып оқиға – Бiлге қаған қабiрханасына қойылған мүсiн табылыпты. Онымен “Күлтегiн” ассоциациясы айналысып жатқан көрiнедi. Бiрақ бұл да тарихи көмбенiң азғантай ұшқыны ғана. Осынау түпсiз “құдыққа” қазақ ғалымдары да түсетiнiн, алдағы уақытта “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша шеттен iзделiнетiн жәдiгердiң бiразы осы аймақтың еншiсiне тиетiнiн министр жасырмады. Қазақстанның археолог-ғалымдары көп кешiкпей қазба жұмыстарына кiрiсетiнiн, оған қаржы бөлiнетiнiн естiдiк.

Осы тарихи ескерткiштердi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедпен бiрге көрiп, бабалар әруағына дұға бағыштап қайтқан белгiлi түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлымен әңгiмелескенiмiзде, Күлтегiн ескерткiшiн бiр кездерi моңғолдар чехтармен бiрiгiп қазса, соңғы жылдары олар түрiктермен жұмыс жасап жатқанын айтты. Күлтегiн мен Бiлге қаған ескерткiш-кешендерiнiң айналасын олар будда дiнiнiң сәулеттiк құрылысы бойынша қоршап тастағанына күйiндi. Байырғы түркi архитектурасына жасалған бұл көпе-көрнеу қиянат деп түсiндiрдi ғалым. Ескерткiштiң ансамблi қолмен бұрмаланып жатқанда, күнi ертең әлгi шеттен келген ғалымдардың ғасырлар құндағынан аршылған жәдiгерлердi басқаның байлығына жатқыза салуы түк те емес қой. Мәдениет күндерiнде осындай мәдени жобаларды шешуге де мүмкiндiк табылғаны көңiлге қуаныш ұялатты. Делегация басшысының баспасөз өкiлдерiне берген қорытынды сөзiне осы мұраттар түгел сыйып кеткендей.

— Моңғолияда 150 мыңнан астам қандастарымыз тұрады. Мiне, осы екi елдiң арасындағы қордаланған проблемаларды шешу үшiн елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған ресми мемлекеттiк сапары нәтижесiнде барлық мәселелер талқыланып, солар бойынша қазiр тиiстi шешiм қабылдануда, – дегенде министр осындай мәдени жобаларды да жүзеге асыруды меңзеп тұрғандай болды. Қысқасы, түркi мәдениетiнiң түртiлмеген көп қабаты моңғол топырағында жатса, сол қалың қойнаудан қазақ ғалымдарының қанжығасы да майлы шығады деп үмiттенемiз.

Жетiқара ҚОҢЫРЖАН, журналист.

Серіктес жаңалықтары