“МОЯ ПРЕКРАСНАЯ НЯНЯ” ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕ ЖҮР...

“МОЯ ПРЕКРАСНАЯ НЯНЯ” ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕ ЖҮР...

“МОЯ ПРЕКРАСНАЯ НЯНЯ” ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕ ЖҮР...
ашық дереккөзі
194

Осыдан бiр жыл бұрын отандық телеарналардың қатарына ресейлiк БАҚ-тың қосылғандығы туралы ақпарат бергенбiз. “Қосылды” дейтiнiмiз, қазақстандық “31” телеарнаны ресейлiк “СТС” сатып алған болатын. Ресми құжаттарда шетелдiк инвестор “31” акциясының 20 пайызын ғана сатып алғандығы айтылған.

Акциясының 20 пайызын сатып алу деген сөз – телеарнаның алпыс пайызына үстемдiк ету деген сөз. Үстем еткенi сол болар, биылғы жылдың наурызынан бастап, “31” арна өзiнiң бағыт-бағдарының барлығын дерлiк ресейлiк телеарнаның ауанына қарай өзгертiп жiбердi. Бұрындары көрсетiлген кейбiр комедиялық сериалдар ендi күнделiктi көз алдымызда көрсетiле бастады. Қазақтiкi дейтiн бiр нәрсе жоқ, тек көңiлге жұбаныш, әлгi қаптаған сериалдардың қазақ тiлiнде көрсетiлгендiгi ғана.

Әуелде аталмыш телеарнаның акциясы сатылғанда арна басшылығы, яғни Арманжан Байтасов: “СТС” бiзге жаңа ұлттық кино және телеөнiм жасауға белсендi түрде көмектеседi” – деген болатын. Оны “СТС” президентi Александр Роднянский мырза да қоштап: “Қазақ әрiптестермен тiзе қоса отырып, ұлттық қазақ телеарнасының ең жақсы қырларын сақтай отырып, Қазақстанда жаңа сапалы сауықтық телеарна жасауға ұмтыламыз” деген едi.

Сондағы сауықтық, ұлттық телеарнаның бүгiнгi болмысы жаңағыдай. Барлығы дерлiк, “СТС”-тiң қазақша көшiрмесi. “Көшiрме” дейтiнiмiз, аталмыш сериалдардың, (тек қана сериалдардың) дубляжы қазақ тiлiнде жасалғандығы. Дубляждың тiлi туралы әңгiме бiр бөлек, ең бастысы, күнi бойы “31”-арнаның құр сериалдарды аударып бергенi болмаса, СТС-тiң телеөнiмдерiнiң ешқайсысы қазақша берiлмейтiнi де рас. Аптасына екi рет көрсетiлетiн “Самый умный”, “Самый умный взрослый”, “Кто умнее пятиклассника?”, “Снимите это немедленно”, “Хорошие шутки”, т.б. жалғаса бередi. Бұлардың арасынан Арманжан Байтасов айтқан “ұлттық кино және телеөнiмдi” шаммен iздесеңiз де таппайсыз…

Ал ендi келiп, “31” арна бiзге “ұнаған” фильмдердi, көрермен көзайымына айналған кейiпкерлердi көшеден көретiнiмiздi қуана хабарлады. “31”-арна жаңа маусымда жаңа промо-компанияны iске қосқандығын айтады. Қаламыздағы қоғамдық көлiктердiң сыртында “Моя прекрасная няня”, “Папины дочки”, “Ранетки” сияқты фильмдердiң жарнамасы жүретiн болады. Келешекте “31” арнада қандай ресейлiк сериалдар көрсетiлетiн болса, оларды да қоғамдық көлiктерден көрсеңiз таң қалмайтын боласыз.

Ал арнаның маркетинг бөлiмiнiң директоры Арман Әлжанов болса: “Арна көрермендерiнiң үлесi артқан сайын бiздiң де қуанышымызда шек жоқ. Жақында “31” арнаны үзбей көретiн достарымыздың назарына жаңа жобалар мен бағдарламалар, анимациялық фильмдердi ұсындық”, – дейдi.

Демек, “СТС”-пен шарт жасасқандағы айтылған қазақтiлдi өнiм дегенiмiздiң бәрi ресейлiк телеөнiмнiң көшiрмесi ғана болғаны ғой. Тiптi, “31” арна келешекте ұсынамыз деп отырған Майоровтың “История в деталях” және “6 кадров” бағдарламалары да ресейлiк туындылар. Оны қазақшалағаннан қазақ көрерменi не ұтады? Әлде қазақ тiлiнде жаңа қойылымдар әзiрлеуге мүмкiншiлiк болмай отыр ма? Қалай деген күнде де, “СТС” өз өнiмдерiн қазақшалау арқылы қазақ көрерменiне ресейлiк өнiмдердi насихаттаудың тағы бiр жолын тапқан сияқты. Онсызда бүгiнде қазақ оқырманын ресейлiк БАҚ өнiмдерiнiң жаулап жатқандығы жасырын емес. Оған ендi қоғамдық көлiктердегi жарнаманы қосыңыз. Ендi телеарнаңызда ғана емес, күнделiктi көз алдыңызда ресейлiк сериалдардың сұлбасы көлбеңдейтiн болады. “СТС Медианың” өзi Ресей үшiн шетелдiк инвестор екендiгiн тағы да естен шығармауымыз қажет. Американдық қожайын кәсiпкер Питер Герви қазақ көрерменiн өз өнiмдерiмен қазақ тiлiнде жаулап жатыр…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары