Дос КӨШIМ: ШИКI ДАЙЫНДАЛҒАН ЖОБА МIНДЕТТI ТҮРДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛҚЫЛАУЫНА ЖIБЕРIЛIП, ӘЛI ДЕ ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГIЗУ КЕРЕК

Дос КӨШIМ: ШИКI ДАЙЫНДАЛҒАН ЖОБА МIНДЕТТI ТҮРДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛҚЫЛАУЫНА ЖIБЕРIЛIП, ӘЛI ДЕ ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГIЗУ КЕРЕК

Дос КӨШIМ: ШИКI ДАЙЫНДАЛҒАН ЖОБА МIНДЕТТI ТҮРДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛҚЫЛАУЫНА ЖIБЕРIЛIП, ӘЛI ДЕ ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГIЗУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
365

Парламент депутаттарына жыл аяғына дейiн “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” Заң жобасын қабылдауға тапсырма берiлдi. Алайда, асығыс-үсiгiс дайындалған заң жобасын бiрiншi оқылымда-ақ құптаған халық қалаулылары бiр қайнауы кем, шикi баптарды сол күйiнде жiберiптi. Парламент мәжiлiсi жанындағы Қоғамдық палатаның талқылауында болған “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiм заң жобасын талдап, саралап, оның осал тұстарын көрсетiп бердi. Бүгiнгi сұхбатымызға арқау болған да осы – “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” Заң жобасы.

ЗАҢНЫҢ ДАЙЫНДАЛУЫНЫҢ ӨЗI АССАМБЛЕЯНЫҢ ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙIН ЗАҢСЫЗ КЕҢIСТIКТЕ ЖҰМЫС IСТЕГЕНДIГIНIҢ БЕЛГIСI

– “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заң жобасын мәжiлiс депутаттары бiрауыздан мақұлдап тастады. Осы заң жобасына байланысты қоғамдық палатаның мүшесi ретiнде заңды қабылдауға не түрткi болды деп ойлайсыз? Заңның қажеттiлiгi сезiлдi ме, әлде…

– Бiрiншiден, ассамблея осы уақытқа дейiн, яғни, он үш жыл бойы заңсыз жұмыс iстеп келдi. Оның қандай статусы бар екенiн бiлу қиын болды. Бұл не қоғамдық ұйым ретiнде төменнен өздерi бiрiккен, ұйымдасқан адамдардың тобы болуы керек. Яғни, өздерi басшыларын сайлап қойып, мемлекеттен қаржы алмай жұмыс iстейтiн қоғамдық ұйымның заңына сәйкес болуы тиiс едi. Бiрақ бұларда олай емес. Басшыларының бәрi тағайындалады, сосын қоғамдық мәдени орталықтарға жергiлiктi әкiмдер басшылық етедi, айталық, 14-баптың 2-тармағында “Облыстардың әкiмдерi лауазымдары бойынша облыстар ассамблеясының төрағалары болып табылады” делiнгенi ненi меңзейдi? Ең сорақысы, заң бойынша қоғамдық бiрлестiктерге мемлекет тарапынан қолдау болмауы керек, ал ассамблеяны мемлекет қаржыландырады. Қысқасы, ассамблея – қоғамдық ұйым емес. Онда бұл президенттiң жанындағы адам құқығы, неке, әйелдер жөнiндегi комиссия сияқты консультативтi кеңесшi орган ба? Бұл жерде де Президенттiң өзi тағайындайды, он-он бес адам жиналып белгiлi бiр мәселе жөнiнде жеке пiкiрiн бiлдiредi. Ал ассамблея бұған да келiңкiремейдi. Өйткенi, бұл мемлекеттiң жүйесi кең құрылымы сияқты. Яғни, осы Заңның дайындалуының өзi ассамблеяның осы уақытқа дейiн заңсыз кеңiстiкте жұмыс iстегендiгiнiң белгiсi. Екiншi мәселе – биыл Конституцияға өзгерiстер енгiзген кезде ассамблея туралы алғаш рет жазылды. Демек, елiмiздiң басты құжатында аталып, көрсетiлгеннен кейiн амал жоқ заң дайындалуы тиiс болды. Әрi қай уақытта да билiктiң саяси бастама көтеруге пайдаланатын ұйымын заңдастырудың қажеттiлiгi туды. Мiне, осының арқасында “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заң жобасы дайындалды. Бiр айта кетерлiгi, заң жобасын тез әрi асығыс дайындағанына қарағанда, бұны жақында өтетiн ассамблеяның жиналысына тарту етпек болған сияқты.

– Әңгiме бұл қандай заң болуы керектiгiнде жатыр. Шындығында, ассамблея өзiнiң алға қойған мақсатын орындайтын демократиялық құрылым ба?

– Заң жобасын талдап шықтым және бұл туралы қоғамдық палатада өз пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Заң өте шикi дайындалған. Заңның үлкен кемшiлiгiне тоқталсам, бiрiншiден, демократиялық принциптер сақталмаған, нақты авторитарлық жүйемен құрылған. Мысалы, ассамблеяның өмiр бойы басшысы – бiрiншi президент болады, облыстық әкiмдер жергiлiктi облыстық ассамблеяның басшылары болады, олар сол облыстық ассамблеяның хатшысын тағайындайды деген баяғы сарынды ескi қалдық сөздер бар. Бұның бәрi демократиялық қоғамдық ұйымға сай принциптер емес. Тағы бiр мәселе – басқару жүйесiнде, тетiктерiнде аяғына дейiн ойластырылмаған механизмдер бар. “…өмiр бойы бiрiншi президент басқарады” деген де, басқа ештеңе жазбаған. Құдай Елбасымызға көп өмiр берсiн, бiрақ өмiрден кете қалса, ассамблея тоқтап қалатын сияқты. Одан кейiн қалай сайланатындығы, кiм тағайындайтындығы, бұл жағына аса мән берiлмеген. Екiншiден, ассамблеяның болашақтағы өмiрi көрсетiлмеген. Үшiншi ең үлкен жайт – заңда ассамблеяның қызметiнiң, құзыретiнiң нақтылығы жоқ. Қандай жұмыс iстей алады? Алдына қойған мақсат-мүддесi не? Бәрi шала пiскен жұмыртқадай, адамның қарнын аштыратын сөздер. 4-баптағы “Ассамблеяның негiзгi мiндеттерi” тарауында құдды бұрынғы коммунистiк партия жиналысында айтатын сөз жүзiндегi “этносаралық келiсiмдi және төзiмдiлiктi одан әрi нығайту үшiн қолайлы жағдай жасау”, “адам құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiруге бағытталған әрекеттерге табанды түрде қарсы тұру”, “қоғамдық келiсiмдi қолдау және дамыту” деген сұлу сөйлемдер қаулыға ұқсап кеткен. Әрине, өз құзыретiне алған мiндетi болғаннан кейiн шығар, кез келген бабында “ұлтаралық қатынас-тарды нығайтамыз”, “көмектесемiз”, “жәрдемдесемiз” деген әдемi сөздердi тiркей берген. Бiрақ әңгiме – қалай нығайтады дегенде жатыр. Қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттiң арасын байланыстыратындай қандай құзыретi бар? Дәл осы секiлдi баптар “Азаматтық кодексте”, министрлiктiң атойлаған бағдарламаларында жиi кездеседi. Қысқасы, келешекте осы мiндеттiң бәрi ассамблеяның құзыретiне берiлетiн сияқты. Керек десеңiз, заң жобасында көшi-қонға байланысты да бап бар. Менiңше, бұл заң тым ерте, тым шала жасалынып жатыр. Елiмiзде тұратын диаспоралардың, этнос өкiлдерiнiң ұлттық палатасы сияқты құрылымның қызметiн мiндеттi түрде халықтық талқылаудан өткiзу керек. Әрбiрден соң заң жобасы не бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жоқ, не болмаса бұл туралы саяси партиялар өздерiнiң ой-пiкiрiн ортаға салған жоқ. Бұл жағын шикiлiк деп айтамын. Өйткенi, бұған дейiн ассамблеяға деген көзқарас бiр жақты емес, әртүрлi болғаны рас. Қазақ азаматтарының көбiсiнде сыни көзқарас бар екенiн мойындауымыз керек.

– Бұл кеңестiк кезеңнiң қалдығы iспеттес заң жобасын Парламенттегi ассамблеяның атынан сайланған тоғыз депутат дайындаған ба?

– Иә, сол тоғыз депутатқа тапсырма берiлген. Бiлуiмше, бiздегi Парламентке түсетiн кез келген заң жобасын Әдiлет министрлiгi дайындайды. Мүмкiн, олардың да қатысы бар шығар. Себебi, ассамблеяның атын жамылып келген депутаттардың бәрi заңгер емес қой, әрi жаңадан келе салып, заң жобасын дайындау қиынға түседi. Ал шындығында, мұны мемлекеттiң өзi дайындаған заң жобасы деп айтуға толық негiз бар.

– 1-баптағы “Ассамблеяның құқықтық мәртебесi” тарауында “Ассамблея мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға жәрдемдесетiн алқалы орган” делiнiптi. Сiздiңше, олар мемлекеттiң ұстанып отырған саясатын жүзеге асырып отыр ма, әлде, әр этнос өз ұлтының қамын ойлап жүр ме?

– Өкiнiшке қарай, ауыз толтырып айтатын ештеңенiң жоқтығы осыдан-ақ аңғарылады. “Бiз жұмыс iстеп жатырмыз, ұлтаралық қатынасты нығайтып жатырмыз” деген жалпылама сөзден басқа, нақты “бiз мынадай жұмыс жасап едiк, мынадай жерде ұлтаралық қатынасты ретке келтiрдiк” деген мысалдар келтiретiн нәтиже жоқ екендiгiн мойындауымыз керек. Былтыр зерттеу жұмысын жүргiзгенде сауалнамаға қатысушыларға екi сұрақ қойдық. Бiрiншiсi – “Қазақстан халқы ассамблеясын бiлесiздер ме?” деген сұраққа, респонденттер “бiлемiз” деп жауап бердi, “Ал оның қандай нақты жұмысын бiлесiз?” дегенге, ешкiм жауап бермедi. Дәл сол сияқты олардың нақты жұмысын өз басым көрген жоқпын. Әсiресе, соңғы үш-төрт жылдың iшiнде этносаралық кикiлжiңдердiң болғанын жұрт бiледi. Мiне, осындай кезде ассамблеяның қандай да бiр мүшесiнiң немесе ассамблеядан сайланған тоғыз депуттаттың бiреуiнiң мәлiмдемесiн естiген де, көрген де жоқпыз. Бiз барлығына да қатыстық, комиссия жiбердiк, жергiлiктi билiк органдарымен бiрлесе жұмыс iстедiк. Бiрақ сол жерде ассамблея тұтанған отты сөндiруге қатысты еш шара жасаған жоқ. Малыбайдағы соңғы оқиғаға аудандық ассамблеядан бiр ұйғыр жiгiтi келiп едi, оның да бар айтқаны: “Мынау ұлтаралық қатынас емес, төбелес қой” дегеннен аспады. Керек десеңiз, сол жердегi қазақ, ұйғыр азаматтарын бiрiктiрiп, жиналыс өткiзбедi де. Малыбайдағы оқиғаның ертесiнде-ақ ұйғыр мәдени орталығының басшысы Фархад деген азаматқа алты рет телефон соқтық. “Бiрге барайық, ұйғыр мен қазақты бiрге шақырып, сөйлесейiк, бiр-бiрiмiзге қысастық көзқараспен қарауға не себеп болды? Бұны ары қарай ушықтырмай, тез арада тоқтатайық…” деп едiк, бiзге бiр рет те ерген жоқ. Ассамблеяны өзiмiзге iздеуге тура келдi.

ШЕЛЕКТЕГI, МАЛОВОДНОЕДАҒЫ, МАЛЫБАЙДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАР КЕЗIНДЕ БIРЕУIНIҢ ҮНI ШЫҚТЫ МА?

– Жақында “Бетпе-бет” хабарында ассамблеяның серкесi, ҚР Мәжiлiс депутаты Мұрат Ахмадиев мырза: “Парламенттегi тоғыз депутат ортақ мақсатта, бүкiл халық үшiн жұмыс iстеп жатыр. Ел-елдi аралап, халықпен әңгiме өткiземiз, тiптi, өнермен айналысуға уақыт та қалмайды” деп ағынан жарылды.

– Бұған дейiнгi орын алған Шелектегi, Маловодноедағы, Малыбайдағы ұлтаралық қақтығыстар кезiнде бiреуiнiң үнi шықты ма? Не болмаса халықпен бiрге кездесiп, тiкелей мiндеттерiне алған “ұлтаралық татулыққа” қатысты әңгiме-дүкен құрды ма? Жоқ. Ассамблея атынан тағайындалған депутаттардың нақты жұмыс iстеуiне Ахмадиев айтпақшы, қолдары тимейдi, не болмаса халық арасында жұмыс iстеуге ниеттерi жоқ шығар. Ол да түсiнiктi. Себебi, бұлардың бәрi этнос өкiлдерiнiң бiрiккен жиналысында сайланғандар емес, бұлар тағайындалған адамдар. Мәселен, “Әзiрбайжан мәдени орталығының басшысы кiм?” деп әзiрбайжанның бiреуiнен сұрасаңыз, ол жауап бере алмауы мүмкiн. Және “Сiз оны сайладыңыз ба?” десең, ешқайсысы “сайладым” деп айта алмайды. Бұл мәдени орталықтар қоғамдық ұйымдар сияқты он-он бес адам жиналып, өздерiнiң мәселесiн айтуына болады, бiрақ ол осында тұратын ұлт өкiлдерiнiң өкiлдiгi ретiнде мойындалмайды. Егер ондай жағдай жасайтын болсақ, сайлау өткiзген сияқты етiп, “Мынау ұйым, не топ осы этностың атынан сөйлеуге лайық” деп айтуымыз керек. Ондай нәрсе жоқ. Сондықтан да ассамблеяның өзi дүбәра құрылым сияқты. Иә, түсiнемiн, елiмiзде халықаралық ұлтаралық қатынасты жақсарту үшiн осыған ұқсас ұйым керек екенiн. Бәрiмiз бiрге шешетiн мәселе, түсiнiспеушiлiк кикiлжiңдер бар шығар, сол үшiн де ассамблея сияқты ұйымның қажеттiлiгiн мойындаймын. Бiрақ бұл ұйым төменнен құрылғаны дұрыс. Мысалы, төменнен құрылған ұйымдар мейлi ол әзiрбайжан, мейлi армян, шешен орталықтары бiрiгiп бiр коалиция, қауымдастық құрамын десе, жол ашық. Заңымызда бар, жазылған. Неге екенi белгiсiз, мемлекет төменнен құрылардың алдын алып, өздерiне қажеттi ассамблеяны құрып жатқан сияқты күдiк бар.

– Сiз ассамблея осы уақытқа дейiн заңсыз жұмыс iстеп келдi десеңiз де, олардың өкiлеттiлiгi мен құзыретi жылдан-жылға артып жатқан жоқ па?

– Бәлкiм, заңсыз деп қаттырақ айтқан шығармын. Бiрақ, мұның қандай орган екенiн анықтай алмағандықтан айтып отырмын. Бұл президенттiң жанындағы консультативтiк кеңес орны ма, әлде бiз секiлдi қоғамдық ұйым ба? Қарасаңыз, ассамблея бұның екеуiне де жатпайды. Сондықтан да заңды қабылдап жатқанының өзi, олардың заңсыз жұмыс iстеп жатқанын бiлдiредi. Ал бұлардың құзыретiнiң кеңейiп жатқандығы, қатарындағы азаматтардың Парламентке келiп жатқандығы дәл қазiргi қазақ қоғамына аса қажеттi талаптан жасалып отырған жоқ. Себебi, бұрын ассамблеяның аты бар да заты жоқ едi, тек кейiн солардан депуттарды сайлағанда ғана аты шыға бастады. Сол сайлаудың өзi толық заңсыздықпен жүзеге асты. Неге десеңiз, Конституцияның 14-бабында ұлттық белгiсiне қарап ешқандай артықшылық берiлу не шектеу белгiленбеген.

– Ауыз толтырып, мақтан тұтып айтатын бақандай 130 ұлт өкiлi бар елiмiзден тек қана тоғызының Парламентке келуi басқа ұлт өкiлдерiнiң наразылығын тудырмай ма?

– Негiзiнен бұл тоғыз депутатты 350 адам тағайындады дедi. Бұның өзi де демократияға жат нәрсе. Сайлауда кем дегенде бiр орынға екi-үш адамнан түседi. Бұларда тоғыз адам ұсынылды, сол тоғызы өттi. Бiрiншiден, бұл сайлау емес, тағайындау. Екiншiден, басқа этнос өкiлдердiң құқығы шектелген сияқты. Неге онда 130 ұлт өкiлiнiң бәрiн жiбермейдi? Үшiншiден, унитарлы мемлекетте ұлттар палатасы немесе ұлттар лигасы құрылымының пайда болуы жақсы емес. Неге дейсiз бе? Себебi, осының пайда болуы “бұлай етпесе қазақтар бұларға жол бермейдi” екен дегендей естiледi. Яғни, “бұлар сайлауға өз бiлiктiлiгiмен, танымалдығымен түссе, қазақтар оларды ысырып тастап, өз адамдарын өткiзедi екен, сол үшiн оларға квота берейiк, жеке тоғыз орын берейiк деген астыртын пиғыл жатқан секiлдi. Менiңше, олардың саяси мәселеге араласуы, басқа ұлт өкiлi болғандықтан ғана Парламенттен орын алуы – қазақ ұлтының құқығын шектеу, жабылған жала сияқты көрiнедi.

– Шынында да, квота – “өтпей қалады-ау” деген ойдан жасалып отырған жоқ па?

– Мәселе сонда. Бұл тоғыз депутаттың өзiне ыңғайсыз болу керек. Неге олар өз беделiмен халықтың қалауымен депутат болмады?

– Ассамблеяға “ұлтаралық қатынасты нығайту үшiн” қыруар ақша бөлiнiп жатқандығы белгiлi ғой…

– Ең қызығы, заң жобасында мемлекет тарапынан қаржылай қолдау ассамблеяға берiлуi былай тұрсын, сол ассамблеяның құрамына енетiн барлық этно-мәдени бiрлестiктерге де берiледi екен. “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заң жобасының 19-бабында: “Ассамблеяның мақсаттары мен мiндеттерiне қол жеткiзуге бағытталған ассамблеяның, облыстық ассамблеяларының құрамына кiретiн этно-мәдени қоғамдық бiрлестiктерiнiң iс-шаралары мемлекеттiк бюджет қаражатынан, сондай-ақ заңнамаға тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырады” делiнген.

500-ДЕЙ ҰЛТ ӨКIЛI БАР ФРАНЦИЯ ЕШУАҚЫТТА “КӨПҰЛТТЫ ФРАНЦИЯ” ДЕП АЙТЫЛМАЙДЫ

– Қанша қаржы бөлiнетiндiгiнен хабарыңыз бар ма?

– Өкiнiшке қарай, бiлмеймiн. Мүмкiн, осы биылғы бюджетке салатын шығар.

– Есесiне ұлттық мәселенi көтерiп жүрген қоғамдық ұйымдар қуықтай бөлмеге зар болып, пәтер жалдап, көшiп-қонып жүредi. Неге қазақтың қамын ойлап, мұңын жоқтайтын қоғамдық қозғалыстарға, ұйымдарға ақша аз бөлiнедi?

– Негiзi қоғамдық ұйымдарға қаржы бөлiнбеуi керек. Өйткенi, заңға сәйкес, олар мемлекеттен бөлек. Сондықтан да бiздердi – үкiметтiк емес ұйымдар (ҮЕҰ) дейдi. Бiрақ кейде мемлекет белгiлi бiр жұмысты атқару үшiн арнайы байқау жарияласа, қатысып жеңiп ала аламыз. Әрине, бөлiнген ақшаны өз мақсатымызға емес, бағдарламаны жүзеге асыру үшiн жұмсаймыз. Ал үкiмет бюджеттен тiкелей қаржыландырылып отырған ұйым – ҮЕҰ. Демек, әлгiндегi этно-мәдени орталықтарға бiрде-бiр қазақтың ұйымы кiрмейдi. Заң жобасы бойынша басқа ұлт өкiлдерi құрған ұйымдардың бәрi мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады. Бұл демократияның теңдiгiне қылау түсiредi. Конституцияның 5-бабының, 2-тармағында “Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей” делiнсе де, қарама-қайшылық танытып отыр. Ендеше “Қоғамдық бiрлестiктер туралы” заңға өзгерiс енгiзiп, оның iшiнен этно-мәдени бiрлестiктердi мемлекеттiк ұйым ретiнде бөлек етiп, ҮЕҰ қатарынан шығару керек. Бүгiнде бiр ұйғырлардың өзiнде алты-жетi ұйым бар. Ал қазақтың рухани дамуын мақсат еткен, қазақтың өнерiн сақтайтын, тiлiн құрметтейтiн ұйымдары этно-мәдени бiрлестiк емес, ҮЕҰ ретiнде есептелемiз.

– Қазiргi таңда БАҚ-та, жалпы қоғамда “көпұлтты Қазақстан”, “көпдiндi мемлекет” екендiгiмiздi насихаттай беру модаға айналып кеткен сияқты. Бұның ақыры қайда әкеп соғады деп ойлайсыз?

– Осыған менiң де таңым бар. Мысалы, 500-дей ұлт өкiлi бар Франция ешуақытта “көпұлтты Франция” деп айтылмайды. Француз мемлекетi, азаматтары тең. Конституция, “Азаматтық кодекс” бойынша да бiз бәрiмiз теңбiз, бәрiмiз қазақ елiнiң азаматымыз. Сондықтан көпұлтты екендiгiмiздi қайта-қайта көтерiп айта берiп, тiптi жiкке бөлiп, жеке бiр ұйым құрып, ең сорақысы одан Парламентке адам жiберу – бiзден бөлек екендiгiн бiлдiру үшiн жасалынып жатқан шаруа сияқты. Керек десеңiз, унитарлы мемлекетте бiлiм ошақтары, мектеп, балабақшаның өзi тек қана мемлекеттiк тiлде болуы тиiс. Егер қазақ тiлiн бiлмесе, ешқандай саяси, қоғамдық өмiрге араласа алмай қалатындай етуiмiз керек.

– Елiмiздегi диаспора өкiлдерi бүкiл халықтың қамын емес, әрқайсысы өз қамын күйттеп жүрген сияқты.

– Ондай мәселе бар екенiн жоққа шығаруға болмайды. Және оған қабақ шытудың қажетi жоқ. Өз ұлтының жағдайын жақсартып, өз мәселесiн шешуге ұмтылуы – табиғи талпыныс. Негiзi заң жобасы бойынша құрылымның мақсатына қарасақ, “Бiр ғана этностың емес, жалпы Қазақстанның мәселесiн көтеремiз…” делiнген. Бiрақ бiздегi этно-мәдени орталықтардың кез келгенi өздерiнiң қауашақтарының iшiнде ғана отыр. Тiптi, солардың бәрi жиналып, қазақ мемлекетiнiң болашағын анықтайтын құрылым құратындығы көңiлге күдiк ұялатады. Сондықтан әуелi ассамблеяның мiндетiн анықтап алуымыз керек. Қазақ мемлекетiнiң болашағын, тыныс-тiршiлiгiн, бүгiнгi өзектi мәселесiн шешуде басқа ұлт өкiлдерiнiң бiрiгуi керек едi. Бiздiң алдымызға қойған мақсат – осы екi мәселенi үйлестiру.

– Тоғыз депутаттың Парламентте отырғанына бiр жылдан асты. Мемлекеттiк тiлге, ұлтаралық кикiлжiңдерге қатысты қандай да бiр депутаттық сауал жасағаны есiңiзде ме?

– Өкiнiшке қарай… Қазақ ұлтының мәселесiне байланысты бiрдеңе айтса, еститiн едiк.

– Ал билiк “жәй ғана төбелес” деп санайтын ұлтаралық қақтығыстарға келгенде неге жұмған аузымызды ашпаймыз. Нелiктен қазақ ұлты мен басқа этнос өкiлiнiң арасында болып жатқан қайшылықтарды халықтың көпшiлiгi “ұлтаралық қақтығыс” деп түсiнедi? “Халық айтса қалт айтпайды” дейдi. Билiк осы сөздiң астарына неге терең үңiлмейдi?

– Осыны мемлекет бiр сәт ойлануы керек сияқты. Бiрауыздан “Жоқ, бұл ұлтаралық қақтығыс емес” деп айтып қана қоймай, “Нелiктен халық осылай ойлайды? Неге жұрттың басында мұндай пiкiр қалыптасты?” деген мәселенiң астарына үңiлуi тиiс. Демек, осындай тұжырым қалыптаспайтындай жағдай жасап әрi қақтығысқа әкеп соғатын мәселердi шешуге тырысу керек. Бiз де “қазақтар мен ұйғырлар бiр-бiрiн қырып жатыр, ұлтаралық қақтығыс орын алуда” деп айта алмаймыз. Мүмкiн, ұйғырлардың белгiлi бiр тобы арандатқан шығар. Бiрақ “Халық нелiктен мұны “ұлтаралық қақтығыс” деп түсiнедi?” дегенге Үкiметке көзiңдi салшы деуге шақырамыз. Көздi жұмып алып, “ұлтаралық қақтығыс жоқ” деу саналы, сабырлы мәселенi шешуге ұмтылу емес. Бұл проблеманы жоқ деу, яғни, оны шешудiң қажеттiлiгi шамалы деген сөз. Мәселеге дәл осылай селқос, немкеттi қарау, белгiлi бiр топтардың ашу-ызасын келтiредi, бiр ұлтқа деген жаман көзқарасты қалыптастырады, мiне, соны мемлекет түсiнуi керек.

БIР ҒАНА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨП МӘСЕЛЕ ТIРЕЛIП ОТЫР

– Ассамблеяның ХII сессиясында Елбасының өзi тiлге қатысты “15 жылда аюды да сөйлетуге болады” деген едi. Жақында ассамблеяның кезектi отырысы өтедi деп күтiлуде. Бұл жолы Елбасының не дейтiнi белгiсiз әрине. Десек те, басқа ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлдi меңгеруi көңiл көншiте ме? Не өзгердi?

– Менiңше, ештеңе өзгерген жоқ. Оны бiр-ақ нәрседен аңғаруға болады. Қазақ мектептерiнде қанша басқа ұлт өкiлi оқиды десеңiз, Кеңес Одағынан берi қуанатындай сең қозғала қойған жоқ. Елiмiздегi басқа ұлт өкiлдерi қазақ тiлiнiң мемлекеттiк беделi жоғарылап, оның қазiр де, тiптi, болашақта да қоғамдық-саяси өмiрiмiзде негiзгi рөл атқаратынын бiлсе де, бала-шағасын қазақ тiлiнде оқытуға келгенде тайып кетедi. Мiне, мемлекеттiк тiл саясатында үлкен өзгерiстердiң болмағанын осыдан бiлуге болады. Құдайға шүкiр, қазақ ұлты мен қазақтың ұлтшыл азаматтарының осы мәселеге мәдениеттi, сабырлы қарауы ұлтаралық тұрақтылықты сақтап отыр деп айта аламын. Жалпы, қазақ жерiнде тұратын ұлт өкiлдерi басқа елдердегi, айталық, Қарабахтағы, Әзiрбайжандағы, Армениядағы қақтығыстарды көре отырып, ұстамдылыққа үйренген сияқты.

– Қазақстан халқы ассамблеясы атынан тағайындалған сегiз депутат өз диаспорасы арасында мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейтуде бiрдеңе тындырды ма, әлде әлi күнге “Күл болмасаң бүл бол” саясатын ұстанып жүр ме?

– Әйтеуiр, орыс ұйымдары жексенбiлiк мектептерiнiң “жастарды қазақ тiлiне үйретемiз” деген бағдарламалары бар екенiн естiдiм. Бiрақ оның тиiмдiлiгiн, нәтижесiн әлi көрген жоқпыз. Бұл мәселенi мемлекеттiк деңгейде шешу керек. Бiз “Мемлекеттiк тiл туралы” заң қабылдайық деп, ұсыныс жасап, тiптi, заңды дайындап бердiк. Дәл сол сияқты мәселенi басқа диаспора өкiлдерi де қолдаса, жақсы. Егер Қазақстандағы халықтың бәрi қазақ тiлiн бiлетiн болса, орын алып жатқан қырғиқабақтың, күрмеулi мәселенiң 90 пайызы көп ұзамай шешiлер едi. Бiр ғана мемлекеттiк тiлге көп мәселе тiрелiп отыр.

– Неге қазақ билiгi осы аты дардай ұйымға мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн дамытуға байланысты бағдарлама құрып, оны орындауға мiндеттiлiк жүктеп, арнайы тапсырма бермейдi?

– Әрине, билiк өз саясатын түрлi құралдармен жүргiзедi. Ассамблеяны сондай бiр құралға айналдыруы мүмкiн билiк өзiне қажет болған уақытта саяси бастама көтеруге пайдаланады. Демек, ассамблеяның көтерiп отырған мәселесiн – мемлекеттiң көтерген мәселесi деп ұғуымыз керек. Сол жерде ассамблеяның қажеттiлiгiнiң екiншi дәлелi туады. Бұл сан түрлi халықтың ой-пiкiрлерiн емес, билiктiң ой-пiкiрiн жүзеге асырушы ұйым болып отыр. Мұның бiр жақсы жерi – егер билiктiң мойны қазақтың ұлттық құндылықтарын оятуға бұрылса, ассамблея арқылы сол бағытқа қолдау жасалуы мүмкiн.

– Бiрақ олар әзiрге елiмiзде 130 ұлттың тату-тәттi, ынтымақ-бiрлiкте өмiр сүрiп жатқанын насихаттап, бар болғаны концерттiк қойылымдар қоюдан әрi аса алмай жүрген жоқ па?

– Қазiр көп жерде сондай. Бiзде сан түрлi этностың бар екенiн көрсетудi еске салу әдетке айналды. Екiншi жағынан бұл дұрыс нәрсе. Өздерiнiң мәдениетiн, салт-дәстүрiн сақтап қалып, ұрпағына аманат ету, ана тiлiн оқытып, үйретуiн түсiнуге болады. Бiздiң анау Германиядағы қазақтардың қазақ тiлiн құрметтейтiнi сияқты ғой. Бұған бола ассамблея құрудың түкке де қажеттiлiгi жоқ. Қазақ халқының мемлекетiндегi ұлттық саясатты диаспора өкiлдерiнен тұратын құрылымның қолына беру – ұлтаралық тұрақтылықтың кепiлi болады деу үлкен саяси қателiк.

– Қысқасы, “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заң тұрмақ, Қазақстан халқы ассамблеясының керегi жоқ демекшiсiз ғой…

– Асссамблеяның керек бiр-ақ жерi бар, бұл қазақ мемлекетiнiң тыныштық пен ұлтаралық тұрақтылықты сақтай отырып, дамуына қолдан келген көмегiн жасау кезiнде. Қазiрше бұл мақсатқа байланысты еш жұмыс жасалып жатқан жоқ.

– Бәлкiм, Заң қабылданса, мәртебелi құзыретiмен бiрге қызметi де жан-жақты сараланатын шығар…

– Оны болашақ көрсетедi. Бiрақ заң әлi шикi, дайын емес. Мiндеттi түрде халықтың талқылауына жiберiлiп, әлi де түзетулер енгiзу керек. “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заң жобасы наурыз айында дайындалды, оны ассамблея мүшелерiнiң өздерi талқылап, Парламентке ұсынса да, керi қайтарылды. Бәрiбiр жаңадан дайындалды десе де, еш өзгешелiк жоқ, 80 пайызы сол күйiнде. Қолымда екi заң жобасының нұсқасы да бар. Неге олар асығып отыр? Әрине, үлкен құрылымның заңсыз қызмет етуiне болмайды ғой.

– Сонымен, жаңа заң жобасы қашан жүзеге асады? Жыл аяғына дейiн қабылдануы тиiс деген тапсырма бар емес пе?

– Мәжiлiстен өттi, Сенат оны кейiн қайтаратын болса, екеуi бiрiгiп келiсiм комиссиясын құрады. Маңызды шешiлмей тұрған мәселе болса, қарайды. Мәжiлiстен майға кiрген пышақ сияқты өтiп кеткенiндей, Сенаттан да дәл солай мақұлданып шығуы ғажап емес. Бiрақ қоғамдық палата заңның әрбiр бабына байланысты айтқан пiкiрлерiмдi ескерiп, алып қалды. Егер жiберiлген кемшiлiк, қателiктердi қаперлерiне алса, Заң жобасын бiр күнде-ақ жөндеуге болады.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары