ШЕКАРАШЫЛАР «ҰСТАХАНАСЫНА» – 81 ЖЫЛ

ШЕКАРАШЫЛАР «ҰСТАХАНАСЫНА» – 81 ЖЫЛ

ШЕКАРАШЫЛАР «ҰСТАХАНАСЫНА» – 81 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
268

Биыл ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы құрылғанына 81 жыл толды. Осы жылдар ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясы мен оның түлектері мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.

Мемлекеттің тұтастығы үшін жау­ға­ кеудесін тосып, ерлік көрсеткен сарбаз­дардың аты-жөндері алтын әріптермен батырлар тарихының беттеріне жазылды. Ұлы Отан соғысында фашистердің алғашқы соққысына төтеп берді, Хасан, Даманск мен Жалаңашкөл оқиғалары кезінде де табандылық көрсетіп, өз күштерімен шекара бұзушылардың бетін қайтарды. Ауғанстан тауларында ТМД елдерінің сыртқы шекарасын күзетудегі міндеттерді атқаруда да Алматы шекара училищесінің түлектері биіктен көрінді. Оқу орнының 44 түлегі осы соғыста Кеңес Одағының Батыры деген жоғары марапатқа, тағы 3-еуі Ресей Батыры атағына ие болды. Әскери оқу орнындағы жаңа буын осы батырлардың рухында тәрбиеленуде. Солардың бірі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шығыс шекара округының бұрынғы қолбасшысы және сол кездегі Алматы шекара училищесінің бастығы, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант М.Меркуловтың әскери жолын бүгінге дейін әрбір курсант өнеге тұтады. Қазір Шонжы шекара отрядындағы заставалардың бірі М.Меркуловтың атымен аталады. Әскери оқу орнының мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіңірген еңбегін марапаттарына қарап білуге болады.

Алғашында Ф.Дзержинскийдің атымен аталған Алматы шекара училищесі бұрынғы Кеңес Одағы аумағына, тіпті одан тыс жерлерге де әйгілі. Қай кезде болмасын Алматы шекарашылар училищесіндегі білім беру, кадр дайындау сапасы жоғары деңгейде болды. Мұнда мыңдаған шекара офицерлері оқыды, соның ішінде шетелдіктер де дайындалып келеді. Бүгінде оқу орны еліміздің Шекара қызметіне ғана емес, ТМД елдеріне танымал.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін шекарашылар жоғары оқу орны бірнеше рет қайта құрылудан өтті. 1992 жылы Ф.Дзержинский атындағы ҰҚК Алматы Жоғары шекаралық командалық училищесі, ал соңғы рет 1999 жылы ҰҚК Әскери институты болды. Ол өзінің ұзақ жылғы жетістіктерін, ескі дәстүрлерін жоғалтпай жылдан-жылға дамып келеді. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күресе білуге лайықты, мұндай талапқа бейімделген кадрларды дайындауды қамтамасыз етуге қабілетті жоғары оқу орнының тиімді құрылымын іздеу нәтижесінде, өзінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу орны Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ҰҚК Шекара академиясы болып қайта құрылды.

Қасиетті алтын босағаңды ардақ тұтып, күміс белбеулі шекараңды ар-ожданыңмен қорғау – тәуелсіз елдің әр азаматына сын, парыз. Әйгілі қолбасшы, қазақтың бір туар ұлы Бауыржан Момышұлы: «Парыздан мықты күш жоқ, парыздан берік сауыт жоқ», – деп бекер айтпаған ғой.

Ж.ЖАБЫРБЕКОВ,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары