ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ... ТІЛЕМСЕКТЕР... ЖЕМҚОРЛАР...

ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ... ТІЛЕМСЕКТЕР... ЖЕМҚОРЛАР...

ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ... ТІЛЕМСЕКТЕР... ЖЕМҚОРЛАР...
ашық дереккөзі
207

Оңтүстік Қазақстан:

ЖОЛ ЖӨНДЕЛМЕЙ –

ДАМУ ЖОҚ

Маңызды күре жолдардың нашар күйі айтыла айтыла жауыр тақырыпқа айналып барады. Жырға айналған Сарыағашқа барар республикалық маңызы бар жолмен апта басында еліміздің көлік және коммуникациялар вице-министрі Азат Бектұров жүріп өтті. Шұрқ тесік шұңқырлар вице-министрді қуанта қойған жоқ. «Өңірлік инфрақұрылымды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасына арнап, аумақтық жиын өткізген ол, облыстың жолды жөндеуге 117 млрд. теңге қажет деген ұсынысын тыңдап, еш қарсылық жоқ екенін, көмегін беруге, қаржыны бөлдіруге жәрдемдесетінін айтты.

Яғни, оңтүстікте автовокзал, темір жол вокзалы, аэропорт, логистикалық орталық және күре жолдар жөндеуден өтіп қана қоймай, жаңалары салынады екен. Бірден емес әрине, біртіндеп. Егер жауапты министрлік керек деп тапса, санитарлық авиация да салынып, шағын қалаларды дамыту бағдарламасына кірген Кентаудың темір жол торабы қайта іске қосылады. Сондай-ақ, Шардара, Түркістан, Мақтаарал аудандарында жергілікті аэропорт салынбақшы.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі­нің орын­ба­сары Болатбек Әлиев: «117 млрд. теңгелік ұсы­ныстың бірден қана­ғаттандырылмайтынын тү­сінеміз. Алайда 2020 жылға дейін бас­та­йын деп отырған істеріміздің жүзеге аса­ты­ны­на сенімдіміз», – дейді. Жиынның Сары­ағашта өтуінің де өзіндік себебі бар. Мұнда Өзбек­с­танмен шекаралас жатқан Қапланбектегі жол өте тар. Облыс басшылығы соны кеңейтсек де­ген жоспары бар екенін айтты. Сондай-ақ Б.Әлиев: «мұндағы тағы бір мақсатымыз, ұсы­ныстарымыздың маңыздылығын көрсетіп, бізге кө­бірек көңіл бөлсе, біз жақтағы осы жолдарды дұрыстаса деген ниеттен туып отыр», – деп атап өтті.

Расымен де транзиттік потенциалды көтер­месек, экономиканы дамыту баяу­лайтыны анық. Инфрақұрылым, жол мәселесі дұрыс шешіл­мейінше халықтың да тұрмысы көтеріледі деу қиын. Оңтүстік өңір халқының тығыз орна­лас­қанын есекерсек, күре жолдардан өзге қала, ауда­­наралық жолдар да жөнделсе, құба құп болар еді.

ҚАЙЫРШЫЛАР

ҚАПТАП БАРАДЫ

Шымкентте қайыршылар қаптап барады. Алақан жайып, күн көретіндерден аяқ алып жүргісіз. Мұны ескерген ішкі істер басқармасы үстіміздегі аптада қаланы қайыршылардан тазартуға кірісті. Айналдырған жарты сағаттың ішінде полицейлер ондаған қаңғыбасты ұстады.

Жасырып не керек, бүгінде Шымкенттен қайыршының түр-түрін көресіз. Бірі шын мәнінде жоқшылықтың зардабын тартса, бірі бір жұтым араққа тиын жинап жүр. Ал кейбіреулері мұны тіпті кәсіпке айналдырған. Соңғы кездері оларға сығандар да көптеп қосылып жатыр екен. Полицей көлігінің қала орталығын бір айналым жасауы жеткілікті көрінеді. Автобус іші әп-сәтте лық толған. Әрқайсысының тағдыры әрқилы болғанымен, барлығының бірдей құжаты жоқ. Кейбірі тура жұмысқа шыққандай күні бойы қйыаршылық етіп, табысын иесіне апарып береді екен.

Ұсталған қайыршылардың барлығын қалалық ішкі істер басқармасына әкелді.Елімізде қайыршыларға арналған заң жоқ. Бірақ олардың қандай адам екендігін білуіміз керек дейді полицейлер. Қайыр­шылармен күрес уақытша жағдай. Тыйым салатын арнайы заң болмаған соң, құқыққорғаушылардың да қолы байлаулы. Ал әзірге қайыршылық біраз адамдар үшін жақсы дамыған, шығынсыз кәсіп болып тұр.

ҮШ АЙДА 83 ЖЕМҚОРЛЫҚ

ФАКТІ ТІРКЕЛГЕН

Таяуда Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Мұнда тек Оңтүстік Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлық фактілері жөнінде ғана деректер келтірілді. Сондай-ақ Шымкентте 13 лауазымды қызметкердің парамен ұсталғаны белгілі болды. Бірақ қала­лық әкімдікте өткен жемқорлыққа қарсы комиссия­ның отырысында олар туралы жақ ашылмады. Ал қаржы полиция­сы қызметкерінің баяндамасы комиссия мүшелерінің наразылығын тудырды.

Қалалық комиссияның отырысында Шым­кенттегі ақша көрсе, қолын созбай отыра алмайтын жемқорлар туралы айтыла ма деп еді көпшілік. Бірақ олай болмай шықты. Биылғы жылдың үш айында сыбайлас жемқорлық бойынша 83 факті тіркелгені айтылды. Оның 13-і Шымкенттің лауазым иелері екен. Қызық болғанда қаржы полициясы тек облыс аудан­дарындағы деректерді келтірді. Айтуынша соңғы кездері білім саласы қызметкерлері пара алу бойынша алдына қара салмайтын болған.

Қаржы полициясының өкілі Мақсат Тұрлыбаев пара алғандар туралы деректерімен бөлісті. Оның айтуынша қаладағы бір бастауыш мектептің директоры Бейсеева азаматша Пашкеевадан мектепке техникалық қызметкер етіп жұмысқа алу үшін пара алып жатқан жерінде ұсталыпты. Бәйдібек ауданындағы балабақша директоры да парамен ұсталған. Ол еден жуушы мен аула сыпырушыдан осы жұмысыңда қалдырамын деп 40 мың теңгеден пара алыпты. Сөйтіп 6 жылға түрмеге тоғытылған. Отырыста ірі көлемде пара алған шортандар емес, шабақтар туралы ғана айтылғаны ко­мис­сия мүшелерінің ашуын туғызды.

Алқа отырысына аталмыш сала басшыларының келмеуі ашуландырса керек, Шымкент қала­сының әкімі Қайрат Молдасеитов қаладағы полицейлердің парақорлығы туралы да айту керек деп үн қосты. Әкім маңызды отырыс деп атаған жиында облыс аудандарындағы фак­тілер нақты айтылғанымен, Шымкент туралы сөз етілгенде тек газетте шыққан мақалалар мен өткізілген дөңгелек үстелдер ғана сөз етілді. Айтпақшы сондай конференция­лар, дөңгелек үстелдер мен түрлі буклеттер шығаруға бақандай 1 млн. теңге кеткен көрінеді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары