Асыл азамат, ұлағатты ұстаз

Асыл азамат, ұлағатты ұстаз

Асыл азамат, ұлағатты ұстаз
ашық дереккөзі
274

Біз мәңгі кімді жоғалтқанымызды бағамдай алғанымыз жоқ әлі. Кенет тосыннан келген ажал оны арамыздан жұлып әкетті. Оның ақсары жүзінде ар нұры шалқып, қай ортада болса да жұмсақ жымиыспен мәйін мінез білдіріп, үлкеннен үлкен, кішімен кішідей сөйлесіп, кесек тұлғаға тән қасиет танытатын еді. Орны толмас ауыр қаза қабырға қайыстырып, жанымыз үнсіз егіліп жылатты. Асыл азаматтығын аңсап, ұлағатты ұстаздығын құрмет тұтып, оны ұзақ сағынатын боламыз. Амал жоқ. Әбілмәжін Жұмабайұлы көркем өнерді кие тұтып, қазақ тәржімә мектебіне өлшеусіз үлес қосты.Біз қатты сыйлас болатынбыз. Әне бір жылы мен Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенде нағашы, жақсы ақын, Нармахан Бегалұлының тұңғыш кітабы жарық көрмей біраз уақыт сергелдеңмен күн кешіп, әуре-сарсаңға түсті. «Жазушы» баспасының сол кездегі директоры Әбекеңе кіріп жағдайды түсіндіріп, өз жинағымды сызып тастап, орнына оны ащы маңдай терін төгіп, ұйқысыз түндерде кірпік қақпай тудырған тырнақалдысын шығарып беруді өтіндім. Қайта сөзге келмей, екеуімізді де ризалықпен аттандырып салды. Қандай кісілік! Ә,Жұмабайұлы осы биік ұстанымнан айнымай жоғары ту көтеріп өтті. Оның шарапаты көп адамға тиді.Алматыда өткен Азия-Африка қаламгерлері құрылтайы қарсаңында үздіктерді жаппай аудартып, «Достық» кітапханасын ұйымдастыруға ұйытқы болды. 1976 жылы мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың қос томдығы шығатын болып, соңғы сөзді қолқалап маған жаздырған еді. Қайсы бірін айтып тауысуға болады.Қайтеміз енді! Басқа салды. Оған көнбеске болмай тұр. Ағатай, қош! Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын.

Інілік ізетпен Аян НЫСАНАЛИН

Серіктес жаңалықтары