Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні
Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні
15 наурызда Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы жобаларды жүзеге асырып жатқан нысандарда «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясы өтті.
Акция барысында партия төрағасының бірінші орынбасары үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті. «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысындағы тапсырмасын орындау үшін партияның Орталық аппараты жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесі республика көлемінде бірыңғай қабылдау күнін өткізді. Осы мақсатта партия республика көлемінде 87 нысанға барып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Қазір Индустрияландыру картасы аясында ашылған өндіріс ошақтарында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан билік партиясы еңбек ұжымдарымен ой бөлісіп, олардың мәселесін тыңдады.
Партияның Орталық аппараты және Астана қалалық филиалының өкілдері «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-нің еңбек ұжымына барып, жұмыс қарқынымен танысты. «Бұл зауытта заманауи жолаушылар және жүк вагондары шығарылады. Телефон байланысы, балабақшаға орналастыру, тамақтандыру, медициналық көмек қолжетімділігі тәрізді мәселелер былтыр айтылған еді. Олар шешілді. Бүгін тағы да келіп, зауыт жұмыскерлерін алаңдататын түйткілдерді тыңдап отырмыз. Бұл жолы қарапайым еңбек адамдары оқу мәселесін көтерді. Өндіріс ошағында «Болашақ» бағдарламасымен оқыған он маман жұмыс істейді. Өзгелердің де оқуға деген ниеттері жоғары. Бүгін осы жағы кеңінен сөз болды. Мұнымен қатар баспана мәселесі көтерілді. Келешекте осында банктің өкілдерін әкеліп, олардың қызметін көпшілікке таныстырамыз», – деді «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Жұмажан Жүкенов. Бұл шара аясында партияның өңірлердегі филиалдары да өндіріс ошақтарында болып, қарапайым еңбек адамының тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлді. Партия белсенділері Қоғамық қабылдау кезінде айтылған өтініш-тілектердің орындалып, жұмыс жағдайын жақсартуға қатысты мәселелерді шешуге уәде берді.
Ақниет ОСПАНБАЙ