Ұлыстың ұлы күнінде...
Ұлыстың ұлы күнінде...
Жуырда Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ашық есік күнін ұйымдастырып, ҚазҰУ-дің және Д. Қонаев атындағы университеттердің заң факультетінің студенттері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында наурыз мерекесіне арналған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты тақырыбында сот қызметкерлерінің арасында мерекелік викторина өтті. Аталмыш викторинаның жүргізушісі судья Г. Қонақбаева болды. Сот қызметкерлері «Жас қыран» және «Қарлығаш» топтары болып екіге бөлініп, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, өздерінің ауылдарын безендіріп, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар туралы білімдерін ортаға салды.
Ашық есік күнінде жастардың сұрағына сот төрағасы Ж. Кәрібаев жауап берді. Судья Г. Қонақбаева сот қарайтын істердегі психологиялық зерттеу қорытындыларының тиімділігін, 10 жастан бастап бала пікірі тыңдалатынын, әрбір істе баланың тағдыры шешілетінін айтты. Судьялар барлық дәлелдемелер мен уәждерді жан-жақты саралап, таразыға салып, жүрегінен өткізіп барып, үкімін айтады дейді судьялар. Ал судья Е. Қасымбеков кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапқа тартылуы мен жазасы және қолданылатын заңнамаға қатысты туындайтын мәселелері туралы студенттердің сұрақтарына жауап беріп, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық заңнамада ізгілендіру үрдісі болып жатқандығын баса айтты.
Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ