Түркі әлемінің басты білім ордасы

Түркі әлемінің басты білім ордасы

Түркі әлемінің басты білім ордасы
ашық дереккөзі
395

Гүлзина БЕКТАС

Білімді жас – ертеңгі ел тірегі. Қазақ халқында “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөз бар. Білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігі, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіруші күш екендігі белгілі. Бүгінде еліміздегі осындай үлкен өндіргіш күшке, ғылым-білімнің ордалы ортасына айналып отырған жоғары оқу орындарының бірі – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті екені рас.

Халықаралық университеттің алғашқы баспалдақтары

Наурыз айы – жаңару мен жаңғырудың басы саналатын ай. Бұл айда көктем келіп, айнала көкке оранады. Жылғалардан су ағып, бұлақ басын аршитын да кез осы. Қарғын сулар еріп, олардың орнына бәйшешектер бой көтереді. Тебіндеп өскен көк белеске бүршік атқан ағаштардың гүлдері қосылып, айнала ерекше шуаққа, нұрға бөленеді.

Көктемнің алғашқы күндері бір топ тілші қауым киелі Түркістанға табан тіреген едік. Мақсат – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу. Естеріңізде болса, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 1991 жылы 6 маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Бастапқыда Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті болып аталған бұл жоғары оқу орнына 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия Рес­публикасы премьер-министрі С.Демирел кездесуінде Түркістан университетіне “Халықаралық университет” мәртебесі берілді. Осы жылдың 31 қазанында “Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін құру туралы” салалық келісім-шарт жасалды. Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы Тәуелсіздік тұсындағы аса биік жетістік еді. Аталған университет – түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие болған бірден-бір оқу орны. Бүгінде ол әлемнің түркі халықтары мекен еткен 32 елінен келген жастарға білім беруде. 300 гектар жерді алып жатқан университет қалашығында ботаника бағы, профессорлық оқытушылар құрамына арналған тұрғын үйлер, оқу корпусы сынды ғимараттар орналасқан, сонымен қатар кілем тоқу, үлгілеу, киім тігу, шаштараз цехтары жұмыс істейді. Университетке алғаш небәрі 332 студент оқуға қабылданса, бүгінгі күні қазір мұнда 30 мыңға жуық студент бар. Олар қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алуда. Мұнда 75 бакалавриат, 20 магистратура және аспирантура бағдарламалары бойынша жоғары білімді кәсіби мамандар даярланады. Білім ордасы Қазақстан мен Түркия Республикалары тарапынан құрылған 10 мүшеден тұратын Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылады. Университеттің алғашқы президенті профессор Мұрат Жұрынұлы Жұрынов. Мұрат Жұрынұлы 1991-2001 жылдар аралығында университет басшылығында болды. 2001-2003 жылдар аралығында академик Оразалы Сәбден басқарса, 2003-2007 жылдары билік тізгіні профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевке бұйырды. 2008 жылдың қаңтар айынан бас­тап техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі Лесбек Тәшімұлы Тәшімов басқарып келеді.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті туысқан екі халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймайды, ол белді ғылым шаңырақ­тарының қатарына қосылады», – деген болатын. Түркия мемлекеті атынан келісімге қол қойған Сүлеймен Демирел университет туралы былай деген еді: «Ұлы ойшыл бабамыз Қожа Ахмет Ясауиге топырағы бұйырған қасиетті ата қонысымыз – Түркістанда шаңырақ көтерген бұл университет әлемдегі ең озық ғылым мен білім ордаларының біріне айналатынына кәміл сенемін».

Басты байлық – сапалы білім

Халықаралық қазақ-түрік универ­си­теті бүгінде Қазақстандағы ең ірі оқу орын­дарының бірі болып табылады. Бұл жөнінде тілші қауыммен кездес­кен Ректор өкілі, профессор Салих Айнурал айтып берді. Салих мырзаның пікірінше, бүгінде екі бауырлас елдің күш-жігерінің арқасында құрылған оқу орны өз мүмкіндігінің аясын тұрақты кеңейтіп келеді және бүгін екі елдің басшылары жалпы ауданы 24 827 шаршы метрді құрайтын және 1850 орынға есептелген жаңа оқу корпусының және 400 мың бірлік кітап қорына арналған кітапхананың құрылыстарының іргетасын қалады.

«Біздің ұрпақ үшін кемел келешек пен баянды болашақ бүгінгі күннен бас­тау алады. Қазақ елінің Тәуелсіздігінің арқасында қанатын кеңге жайған Қ.А. Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік университе­ті­нің бұл сәтте өзіндік орны бар. Білім мен ғылымның көш басында тұрған оқу ордасы білімді жастардың ме­кеніне айналғандай. Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінен және басқа шет мемлекеттерден келіп оқып жатқан білімгерлер осының дәлелі бола алады. Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі білім ордасы қысқа мерзім ішінде аяғынан тік тұрып, өзге оқу ордаларымен тең келер дәрежеге қол жеткізді», – дейді Салих мырза.

Универ­ситеттегі әрбір факультеттің өзіндік маңызы мен ерекшелігі бар. Тарих-педагогика факультеті әрдайым студенттердің толағай жеңісімен көзге түсіп жатса, филология факультеті жан-жақтан келген түркі елдерінің жастарын білім нәрімен сусындатуда. Бұдан өзге университет медицина, экономика, заң, жаратылыстану, спорт және өнер, инженерлік-педагогикалық сала мамандарын даярлайды. Медицина факультеті бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл факультетте студенттер теориялық біліммен қатар, тәжірибені де ұштастырып келеді. Жаңа үлгіде салынған жаңа оқу ғимараты да анадайдан менмұндалап көзге түседі. Медициналық факультетті аралап жүріп, студенттердің тәжірибелерімен де бөлістік. Арнайы технологиялармен жабдықталған оқу корпусында студенттер озық ойлы медицина мамандарынан дәріс алуда.

Сонымен қатар, аталмыш оқу ордасында Түркия Республика­сының жоғары оқу орындарының білік­ті профессор-оқыту­шылары медицина факультетінің сту­денттеріне тіке­лей телекөпір арқылы дәріс оқуды дәс­түрге айналдырған екен. Ал ақпан-наурыз айларында бірнеше магистранттар мен докторанттар бауырлас елде тәжірибе алмасу мақсатында бір айға университет қолдауымен жіберіледі. Білім мен ғылым шыңына талпынған жас білім­герлердің Түркияға оқуға баруы әрбір жас шәкірт үшін үлкен тәжірибе болары сөзсіз. Алайда мұндай мүм­кін­дік кез келген студентке берілмейді. Халықаралық қолданыстағы ағылшын тілін жетік мең­­герген, түрік тілінде еркін сөйлеп, өз маман­ды­ғы­ның қыр-сырына терең бойлай алатындар ғана университеттің осын­дай мүм­кін­дігіне ие бола алады.

Бүгінде Қазақ-түрік университеті барлық факультетімен мақтана алады. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл университет үлкен білім оша­ғына айналды, материалдық база то­лық қалыптасып, бірқатар ғалымдар мен оқытушылар құрамы қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда, бұл оқу ордасы Түркістанды тү­летті. Рухани астанаға университет қалашығы мен мәдениет орталығы көрікті кескін-келбет сыйлап, көне қалаға әр беріп тұр. Түркі әлемінің екі үлкен мемлекеті бірлесе отырып, жас ұрпаққа осындай тамаша, ерекше келбеттегі білім ордасын тарту етті.

Бұлақ көрсең – көзін аш

«Университет өнерпаздары әркез түрлі байқау, сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Университет басшылары өз оқу орындарының жетістіктерімен әрдайым мақтана алады. «Мәселен, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін «Бисұлтан» бишілер тобы иеленсе, «Тұран» бишілер тобы Орал қаласында өткен Ш.Жиенқұлова атындағы республикалық конкурстың екі дүркін жеңімпазы атанды. Бүгінде еліміздің үлкен сахнасынан көрініп жүрген Нұржан Қалжанов «Жас қанат» байқауының «Алтын қанатын» ием­денді. Университетіміздің түлегі Алтынай Жорабаева Голливудта өткен дүл­дүлдер додасында бас жүлдені иемден­гені де университет үшін үлкен абырой. Спорт саңлақта­ры­ да талай елдің жанкүйерлерін тән­ті етті. Айтулы айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков те осы білім ордасынан қанат қақты. Талай талантты жас­тар өнер өлкесі мен спорт алаңдарына Түркістаннан түлеп ұшты», – дейді Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Талжан Раймбердиев.

Қазақстандағы ең ірі оқу орындарының бірі Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болашақта ел тізгінін ұстайтын сапалы мамандар санын арттыруда бар күш-жігерін жұмсай бермек.

Серіктес жаңалықтары