«Көңіл күйі...» көрмесі

«Көңіл күйі...» көрмесі

«Көңіл күйі...»  көрмесі
ашық дереккөзі
289

«Өнер – адамдарды біріктіретін құралдың бірі» деген екен орыс данышпаны Л.Н. Тол­стой. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде қазақ суретшілері Жұмағазы Сағымбаев пен Жанар Перуджинидің Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына арналған «Көңіл күйі…» атты көрмесінің ашылу салтанаты болды.

Аталған көрмеге қос суретшінің 70-тен астам туындылары қойылды. Жұмағазы Сағымбаевтың «Кеңістіктер байланысы», «Қазақ келіндері», «Сарын», «Ертегі», «О, Тәңірім! Жорытқанда жолымды ашып, қолдай гөр!», «Қошқар мүйіз» атты өнер туындылары қойылса, Жанар Перуджини көрерменге «Құмдағы балдырлар», «Ымырттағы аспан», «Әткеншекте», «Мейрамнан кейін», «Өткен шақтан», «Сығандар», «Ақтау», «Түс» атты шығармаларын ұсынды.

Жұмағазы Сағымбаевтың кескіндеме кенебі табиғаты жағынан сан алуан жанрлар – графика, мүсін, кескіндеме, гратография, сәндік-қолданбалы өнер туындыларына толы. Сонымен бірге қазіргі заманға сай көріністер, қазақ этнографиясы тақырыбы да суретшінің назарынан тыс қалмаған. Өнер иесі өз картиналарында өткен мен бүгінді, болашақты шебер байланыстыра білді. Жұмағазы Сағымбаевтың ерекшелігі – гратаж техникасын қолдануы. Бұл техниканы қолданатын суретшілер Қазақстанда қазір жоқтың қасы. Суретшінің бұл саладағы туындылары көп мағыналы. Тәлім-тәрбие мен философиялық ойларға бай туындылар әркімді ойға жетелейді. Шебер қолынан шыққан өнер туындыларының шоқтығы бір төбе. Тек шағын мүсін туындылары ғана емес, алып ескерткіштерді де дүниеге әкелген өнер иесінің әрбір туындысынан көшпелілердің иісі аңқып тұрады.

Кәсіби білімді суретші Жанар Перуджини табиғат көріністерін шебер суреттейді. Қылқалам шеберінің шығармашылық қолтаңбасы туындыларының айшықтылығынан, кескіндемелік бояу тілінің жарқын түсінен, нұрлы шуақты ортаны нәзік жеткізуінен көрінеді. Өзге мамандықпен айналысса да өнерге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін жоғалтпаған автордың туындыларында терең ойлы астар мен қуаныш сыйлар көз қуанышы бар. Жанар Перуджинидің туындылары бірнеше мемлекеттің жеке коллекцияларда сақталған.

Суретші Жұмағазы Сағымбаев: «Өнердің қай саласы болмасын қызығушылықпен жұмыс істеу керек. Негізгі мамандығым зергер болғандықтан, бүгінгі көрмеге зергерлік туындыларымды да қойдым. Негізінен тарихи тақырыптарға көп мән беремін, бүгінгі заман мәселелеріне де бей-жай қарамаймын. 1995 жылдан бастап бүгінге дейінгі еңбектерімді көрермен назарына ұсынғалы отырмын. Мен туындыларымды сатқан жоқпын, барлық еңбектерімді өз қолымда сақтадым» дейді. Ал жас суретші Жанар Перуджини бұл өзінің алғашқы көрмесі екенін айтады. «Жұмағазы аға сенімен бірлесіп көрме өткізуге еш қарсылығым жоқ, мұндай жауапты істі атқару сенің қолыңнан келеді дегені мені алға қарай жетеледі. Маған демеу көрсетіп, өнерімді қолдады», – дейді Жанар Перуджини.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары