КҮНГЕЙДЕ ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚҰРЫҚТАЛУДА

КҮНГЕЙДЕ ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚҰРЫҚТАЛУДА

КҮНГЕЙДЕ ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚҰРЫҚТАЛУДА
ашық дереккөзі
249

Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары соңғы кездері қылмысқа көбірек ұрынып, ұятты жағдайға жиірек тап болуда. Таяуда ғана шымкенттік үш бірдей полицейге «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылды. Сөйтсек олар көшедегі мастарды ұстап, айықтырғышқа жаппас үшін ақша талап етіп отырған көрінеді. Полицейлердің бұл заңсыз әрекетін мастардың өздері әшкерелеп беріпті. Сөйтіп қызыл жағалылар кезекті рет ақша алып жатқан жерінен қолға түсті. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, олардың басшылары да жауапқа тартылуда.

Қолға түсіру операциясын өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары жүргізген. Екі кештің арасында шұғыл жүргізілген операция кезінде патрульдік полицейлер тырп ете алмай қалған. Тінту кезінде күдіктілердің қалтасынан «Пара» деген таңбасы бар теңгелер табылды. Олар мас азаматты айықтырғышқа апарудың орнына олардан 11 мың теңге талап етіпті. Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұралы Қырғызалиевтің сөзіне қарағанда, өңірде соңғы кездері тәртіп сақшыларының теріс қылығы жиілеп кеткен. Патрульді полк қызметкерлерінің арасында қызмет бабын теріс пайдаланатындар көбейген. Медициналық айықтырғышқа апарудың орнына көшеде күдікті ретінде қолға түсірген масаң адамдарды қызметтік көлікке отырғызып, қалтасындағы ақшасын қағатын «әдет» шығарыпты. «Бізге осындай мәліметтер түсті. Осындай дәйектер бойынша барлық дәлелдеу жұмыстарын жүргізіп, сезіктілерді құрықтадық»,– дейді басқарма бастығының орынбасары.

Қазіргі таңда пара алған полицейлер қамауда отыр. Енді олар қызметтен қуылып қана қоймай, дүние мүлкі де тәркіленуі мүмкін. Ал енді полицейлердің неше жылға кесілетінін сот шешеді. Погондылардың заңсыз әрекеті мұнымен де шектелмейді. Заң қызметкерлерінің арасында жезөкшелермен сыбайласып, пайданың соңына түсіп жүргендер де бар көрінеді. Олар жігіттерге жеңіл жүрісті қызды өздері жіберіп, «қыз зорлағаның үшін қылмыстық іс қозғаймыз» деп қорқытып, бопсалаған фактілер тіркеліп отыр. Жуырда ғана облыста жүргізушіні бопсалап, 700 мың теңгеге иелік етпек болған екі полицей ұсталды. Олар бұл қылмысқа жүрісі жеңіл бір қызды тартқан. Оқиға былай өрбіген. Бойжеткен Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылына баратын жолда өтіп бара жатқан бір көлікті тоқтатып, жүргізушіден жеткізіп салуды өтінеді. «Ақшам жоқ, бірақ, көмектесіңіз», – депті жолаушы. Қыз жолшыбай жүргізушіні жыныстық қатынасқа азғырады. Сол екі ортада аңдып келген полицей «қызды зорладың» деп, қорқытып, бар ақшасын «сыпырып» алған. Әділетсіздікке ашынған көлік жүргізушісі бұл туралы Ішкі істер департаментіне өзі барып хабарлапты. Қызметін асыра пайдаланған тәртіп сақшыларының бірі – Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор, екіншісі – «Күзетте» қызмет атқарады екен.

Қазіргі таңда қос сақшы жауап­кер­шілікке тартылуда. Сондай-ақ жақында ғана Сарыағаш аудандық ІІБ бастығының орынбасары пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Ол Өзбекстан азаматының жұмыс жасауына кедергі келтірмеу үшін пара талап етіпті. ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен қаржы полициясының қызметкерлері бірлесіп өткізген жедел-іздестіру шарасы барысында Сарыағаш аудандық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі 30 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түсті.

Бір айта кетерлігі, жыл басынан бері ОҚО-да полиция қызметкерлеріне қатысты 23 қылмыстық іс қозғалған. Оның тең жартысы қазір сот қарауында жатыр. Осылайша қоғам қауіпсіздігі сеніп тапсырылған құқық қорғаушылар абыройдан жұрдай болып тұрған жайы бар. Заңсыздықтардың жолын қиюға тиісті олар қызмет бабын пайдаланып, неше түрлі қитұрқылықтарға баратын болып алған. МАИ қызметкерлері жол бойында жүргізушілердің, патрульдік полиция ішкіштердің қалтасын қағуда.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары