«СОҢҒЫ ПЕРҒАУЫН» КЕТСЕ ДЕ...
«СОҢҒЫ ПЕРҒАУЫН» КЕТСЕ ДЕ...
Мысырдағы басбұзушылықтар қайта басталды. Каир, Порт-Саид және Суэц қалаларында ереуіл оты бұрқ етті. Қалаларды талқандауға кіріскен қара халықтың көпшілігі өлім жазасына қарсы наразылық танытуда.
МЫСЫРЛЫҚТАР
ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА ҚАРСЫ
2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында ислам елдерінің бірқатары көтерілісті бастан өткерді. Ақырында Мысырдағы көтеріліс ел президенті Хосни Мубаракты тақтан түсіріп тынды. Мысырдың «соңғы перғауыны» деп айдарланған Мубаракқа 2012 жылы тиісті жаза кесілді. Бірақ президентпен бірге отставкаға кеткен билік қайта жасақталып, жаңа президент те сайланып, бірқатар іс-шараларды жүргізіп келеді. Десе де батыс сарапшылары мен журналистері жаңа президент – Мысырдың әскери барлауының бұрынғы басшысы Мохамад Мурси Иса әл-Аййаттың ел экономикасы мен саяси жағдайын түзеудегі әлсіздігін бетіне басуда. Өйткені нақты саяси жоспардың жоқтығы елдегі капиталдың сыртқа кетуіне әсер етті, билік басындағылар қордағы алтынның үштен бірін қолдана бастады, ал халықтың әлеуметтік талаптарын орындау жағы мүлде тоқтап тұр. Екі жыл бұрынғы көтеріліс Мысыр халқына түбегейлі өзгеріс әкеледі деген жорамалдар айтылған еді. Мұнай бағасы қымбаттайды, биліктің салықтық саясаты әлсірейді делінді, онымен қоса мысыр фунтының құны құлдырап, халық валютасын жаппай долларға ауыстыра бастады. Сонда Ал-Ахрам газеті былай деп жазды: «Сенбі күні долларға деген сұраныс 100 пайызға артты. Долларға сұраныс нарықтағы курс пен дефициттің көтерілуіне соқтырды. Ақшаны инкассаторлық көлікпен алып жүру өте қауіпті. Оны тонап кетеді». Міне, осы жағдай елде бас көтеруге себеп болды. Порт-Саид қаласын ереуілшілер жаппай талқандауға көшті. «Перғауынның» билігі тұсындағы тұрмыс әлі де ешбір өзгеріссіз. Көтеріліске еті үйренген халық қайтадан үдере көтерілді. Оған себеп – 21 адамның өлім жазасына қиылуы.
БЛАТТЕР МЫРЗА
САБЫРҒА ШАҚЫРДЫ
Қыс айларында Порт-Саид қаласында жергілікті Аль-Масри және астаналық Аль-Ахли футбол командалары кездесуінде екі тараптың жанкүйерлері төбелескен болатын. Нәтижесінде үлкен тобырдың нөпірінен 74 адам көз жұмды. Олардың көпшілігі 18 жасқа толмаған бозбалалар болатын. Осы істің кінәлілері ретінде 21 адам өлім жазасына кесіліп, қалған 28-і ақталып шықты. Порт-Саид қаласының тұрғындары жаппай наразылық білдіруде. Олар тіпті Синай түбегінде мұнараны өртеген және полиция өкілдеріне тиесілі кеңсені жағып жіберген. Мысырдың ІІД басшысы Мұхамед Ибрахим бұл бұзақылықтар полицияға қарсы қасақана ұйымдастырылған лаңкестік әрекет дейді. Оның ойынша, елдегі құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіру үшін баспасөз өкілдерінің әдейі ұйымдастырған шарасы. Әлбетте, бұл істің полицияға қатысы шамалы, бірақ Суэц каналы қайраңын басып алып, кеме қатынасын бөгеп тастау халықаралық жанжалға ұласты. Осы тұста ФИФА президенті Иозеф Блаттер мысырлық жанкүйерлерді зорлық-зомбылықтан бас тартып, сабырға шақырған еді. Бірақ Блаттер мырза мәселенің футболда ғана еместігін түсінбесе керек. Оған құлақ асқан халық та болмады.
ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ ШЫҒЫНҒА БАТЫРАДЫ
Осыдан біраз жыл бұрын Ислам мемлекеттерін үлгі тұтатын әлем елдері Мысыр жайында «диктаторлар елі» деген байламға келген. Өйткені Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мубарак 30 жылға жуық билік құрды. Осы жылдар ішінде ол АҚШ-пен тиімді байланыс орнатып, басқа да ислам мемлекеттерімен қарым-қатынасты жақсартты. Міне, Мубарактың билік құрған жылдарында атқарған шаруасы осы ғана. Одан кейінгі жылдарда халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кетті. Көтерілісшілердің саны күннен-күнге артып, тонаушылардың көбеюі – әлеуметтік жағдайдың қиындығынан.
Көпшіліктің көкейінде бір сұрақ – жаңа президент Мурси елдегі жағдайды жақсарта ала ма? Елдің экономикалық жағдайы нашар, оның үстіне қазынадан алынған қаржы сәуір айында болатын Парламент сайлауына жұмсалмақшы. Халықтың наразы болған бір тұсы осы. Бірақ Мурси оппозиция өкілдерімен келіссөз ұйымдастырды. Жалпыхалықтық диалогта Конституциядағы даулы мәселелерді талқылау үшін саяси қайраткерлер мен адам құқықтары жөніндегі өкілдер, сондай-ақ салафиттер де қатысты. Осы жиында келеңсіз жайттарды ортаға салып, конституцияның кейбір заңдарын қайта қарастырды. Бірақ билік осы шара арқылы уақытты созуды ғана көздеп отырған сияқты, себебі баскөтерулер басылар емес.
Ал «Ад-Дәстүр» партиясының басшысы Мухамед әл-Барадеи парламент сайлауы шығынға белшеден батырады деген пікірде. МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы әл-Барадеи мырза «саяси дағдарыс кезінде сайлау өткізу өте жауапсыз қадам, бұл – кедейлікті ұлғайту деп білемін» деді. Мысыр парламентін жасақтау 6 шілдеде аяқталады. Дәл осы кезде рамазан айы да басталады. Биліктің көздеп, күтіп отырғаны да осы сияқты. Рамазан айында барша мұсылмандар тыныштық жариялайды, сөйтіп араб елдеріндегі баскөтерулер уақытша болса да тоқтайды. Мысыр да демін алады.
Солтүстік пен оңтүстікті түгел қамтыған көтерілістен жапа шегетін тек қара халық. Каирдің солтүстігіндегі Эль-Мансұр қаласында полиция мен халықтың қақтығысы ұрысқа ұласты. Жұртшылықты тыныштандыра алмаған құқық қорғаушылар бронекөліктерден оқ жаудыра бастаған. Біраз адам оққа ұшты, ал жарақат алғандар көзден жас ағызатын газбен уланған. Мысырдың СІМ Мухамед Камел Амер АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесті. Елдегі жағдайды реттеу үшін билік пен оппозиция өкілдері бірігуі тиіс, сол кезде ғана саяси дағдарыстан шығар жол табылады. «Мысыр халқы үшін екі тарап маңызды деген сұрақтарға жауап беріп, бір мәмілеге келуі керек. Мен алдағы уақытта қандай көмек бере алатынымыз туралы президенттің өзінен сұраймын», – деді Дж.Керри мырза. Дүниежүзінде туындаған қандай да бір мәселелерге АҚШ-тың араласуы әдетке айналған. Әсіресе шығыс елдеріне тұмсық сұғуы таңдандырмайды. Бұл жолы да АҚШ өз көмегін ұсынып, қалай да іске кірісудің жолын аңдып отыр. Керри АҚШ-тың бағытын анық танытты: «Мен тағы да қайталап айтқым келеді. Біз бұл жерде араласу үшін емес, тыңдау үшін келдік. Мен Барак Обаманың және америка халқының атынан мысыр халқына достық ниетпен келдім. Біз бір билік, бір партия, бір идеологияны көздеп емес, халық үшін келдік», – деді.
Батыс халқы өздері Таяу Шығыс деп атайтын араб елдерінде қырып-жоятын қару бар деп сенеді. Палестина және Сирия елдерінде де осы қару-жарақ тақырыбы ушығып тұр. Жалпы мұсылман мемлекеттеріне іріткі салушы кім деген сауал туындайды. Мысырда көтерілісшілердің басқы шебінде бастан-аяқ қара киінген, қару асынған адамдар тұрады. Олар өздерін «Қара блок» деп атайды екен және полицияға бірінші болып оқ атады. «Халықтың жағдайын жақсартамыз» деп ұрандатады, бірақ қара бетперденің артында кім тұрғаны белгісіз…
Ақниет ОСПАНБАЙ