РЕСЕЙ КӨНБЕСЕ, ҚЫТАЙ ҚҰШАҚ АШПАҚ

РЕСЕЙ КӨНБЕСЕ, ҚЫТАЙ ҚҰШАҚ АШПАҚ

РЕСЕЙ КӨНБЕСЕ, ҚЫТАЙ ҚҰШАҚ АШПАҚ
ашық дереккөзі
168

Өткен аптада ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев ресейлік шенеуніктердің төбесінен жай түскендей мәлімдеме жасады. Себеп, Ресейдің қазақ газын арзан бағалауы. Орыстар түркімен және өзбек газын бізден әлдеқайда қымбатқа импорттауы Қазақ үкіметінің қытығына тисе керек. Сондықтан да «Егер Ресей біздің бағаға келіспесе, «көгілдір отынды» қытайларға сатамыз», – деп ашық айтты ашынған министр.

Мыңбаев неге ширықты?

Егер Ресеймен арадағы газ бағасына қатысты келіссөздер нәтижелі болмаса, Қазақстан 2015 жылға қарай Қарашығанақ кен орнында өндірілетін «көгілдір отынды» еліміздің оңтүстік аймағы мен Қытайға қарай бағыттауы мүмкін. Осы мәселеге орай Сенат депутаттары алдында мәлімдеме жасаған ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «Ресеймен арадағы қарым-қатынасты реттеуге қатысты бірқатар мәселелермен бірге арнайы топ қазір газ мәселесі бойынша жұмыс істеуде. Егер бағаны теңдестіруге байланысты ортақ шешімге келе алмасақ, 2015 жылға қарай газды оңтүстікке және Бейнеу – Бозой – Шымкент құбырының құрылысы аяқталса, Қытай Халық Республикасына қарай бағыттауымыз мүмкін. Жоспар бойынша құбыр 2014 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Оның бір бөлігі күзге салым аяқталады. Демек, келесі қыста ақтөбелік газды Алматы мен Алматы облысына жеткіземіз», – деді.

Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Ресейдің бүкіл оңтүстік аймағы Қарашығанақ газын своп-операциялау бойынша қамтамасыз етіліп отыр. Осы тасымалданатын шикізаттың 7 миллиард текше метрі Орынбордағы газ өңдеу зауытқа жөнелтілсе, 4,5 миллиард текше метрін Қазақстан своп-операция есебінен кері қайтарып алады. Оның ішінде, еліміздің оңтүстігі мен Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарының тұтынушылық сұранысы қанағаттандырылады: «Қалған 2,5 млрд. текше метр газдың бағасын теңдестіру бойынша шешілмеген мәселелер бар. Бейнеу тармағы арқылы Батыс Қазақстан облысына бағытталатын газ құбыры Бозой – Шымкент құбырына қосылатын газға тек 2015 жылы қол жеткузіге мүмкіндік бар. Газ туралы заңға сәйкес, кез келген облысқа жіберілетін газдың қолжетімді көтерме бағасы бекітіледі. Өкінішке қарай, заңдағы барлық бап толық жүзеге асырылып отырған жоқ. Әсіресе, баға мәселесі өте күрделі. Экономика министрлігі мен монополияға қарсы комитет дәл осы мәселені қарастыруда». Бүгінде Қазақстан Ресейге мың текше метр газды 200 доллардан сатуда. Есесіне, орыстар Түркіменстан мен Өзбекстаннан алатын «көгілдір отынның» мың текше метрін 300 доллардан, яғни, 100 долларға қымбатқа алады. Қазақ билігінің сеніп отырғаны – аспанасты елі бағаны кем дегенде 300 доллардан бастайтыны анық. Өйткені өндіріс қарқыны ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қытайда көмірсутегі тапшы. Мыңбаевтың айтуынша, Қарашығанақ кен орнынан газ тасымалдаудың арқасында ішкі нарықты газбын қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппақ. Әрі шикізатты Қытайға экспорттаудың нәтижесінде еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын қайта құрылымдап, оларды қайта іске қосқаннан кейін ішкі нарыққа бағытталатын мұнай көлемі артады. Осыған кететін бюджеттік шығын газ бағасын қымбаттатудың арқасында жабылмақ. Қуаттылық қарқынның төмендігінен былтыр мұнай аз өндірілген. Мұның себебін Мыңбаев: «Былтыр мұнай мен газ конденсатын өндіру деңгейі төмендеу болды. Бұл кейбір кен орындарындағы техникалық, биологиялық процестер мен бірқатар кәсіпорындағы жөндеу жұмыстарына байланысты орын алды», – деп түсіндірді.

Ресейдің қолдан жасаған кедергісі

Күрделі жөндеуден өткеннен кейін Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына 12 млн. тонна шикізат өндіреді. Қазіргі қуаты 6 млн. тоннамен шектелетін зауытты ұлғайту жоспары кеңестік үкіметтің кезінде қарастырылған екен. Мыңбаев мырза: «Бұл дұрыс шешім, бірақ басқа министрліктер мен мемлекеттік органдармен келісу қажет», – дейді. Еліміздегі өңдеу кәсіпорындарының тапшылығы салдарынан біз ресейлік жанар-жағар майға тәуелдіміз. Қазақстанның орталық аймағынан салынуы тиіс мұнай өңдеу зауытының іргетасы әлі қаланған жоқ. Тіпті, дайындық жұмыстары да аяқталмаған. Мамандар пікіріне сүйенсек, 2014 жылға қарай АИ-80 маркалы бензинді тұтыну көлемі төмендейтін көрінеді. Ал Мыңбаев болса, жыл сайын барлық жанар-жағар май түріне деген тұтыну деңгейі орташа есеппен алғанда, 5-6 пайызға өсіп отыратынын айтады. Есесіне, мазутты тұтыну көлемі ішкі нарықтағы «көгілдір отынға» деген сұранысты қанағаттандыру деңгейіне тәуелді. Жыл басында «Алдымен қаңтар айына дейін Қарашығанақ жобасын жүзеге асыруға байланысты өнімдер бөліміне 38 млрд. доллар түсті. Оның 17,3 млрд. доллары мердігерлер мен инвестицияларға қайтардық. Жобадан келген таза пайда 20,7 млрд. доллар, Қазақстан үлесіндегісі – 13,3 млрд. Анығында, 9,3 млрд. долларды салық түрінде, 4,1 млрд. долларды көмірсутегі шикізатының есебінен түсірдік», – деп мәлімдеген Мыңбаев мердігерлердің қолына тиген қаражат 7,5 млрд.-қа жеткенін айтқан болатын. Осылайша, шығындардың барлығын алып тастағанда, елімізге тиген таза кіріс – 64 пайыз. Ал кен орнындағы шикізат қоры әзір түгел игерілген жоқ. Небары 10 пайызы ғана өндірілуде. Министр аталған жобадан мемлекеттің 10 пайыздық үлесті сатып алғанына да тоқталды. Келісімдерге сәйкес, мердігер Қазақстанға 5 пайыздық үлесті жобадан береді, ал қалған 5 пайызды ешқандай салықсыз 1 млрд. долларға сатады. Осы қаражатқа қарыз беріп, ірі инвестициялық жобаларға кететін шығындардың тетіктерімен бөліседі. Алайда, сметадан тыс кеткен кез келген шығынды Қазақстан жағы қайтармайды. Мыңбаев мұндай келісімге алғаш рет біздің еліміз қол жеткізгенін айтты. Осы он пайыздық үлес бізге 3,3 пен 5 млрд. доллар арасында «ҚазМұнайГаздың» ақша ағыны есебінде қосымша кіріс кіргізетін көрінеді.

Жанар-жағар май тапшылығы туралы сөз қозғалғанда авиакеросиннің проблемасы бірге көтеріледі. Қазіргі кезде ішкі нарыққа қажетті авиакеросиннің 20 пайызын Қазақстан сырттан тасиды. Бірақ С.Мыңбаевтың айтуынша, отандық үш мұнай өңдеу зауыты алдағы 3-4 жылда қайта құрылымдалып біткеннен кейін бұл қиындық түбегейлі шешілетін көрінеді. Ал Ресей қазір баға мәселесінде ғана емес, тіпті тасымалдау мәселесінде де қиындықты қолдан жасап отыр: «Биыл қаңтар айында 20 мың тонна авиакеросинді тасыған «ҚазМұнайГаз» шығынға батты. Біздің министрлік тарапынан көтерілген мәселе: шығынды кім өтейтінін анықтап алу керек. Егер баға мөлшері айқын болса, шығынды қалай жабуға болатыны да айқындалар еді».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары