УГО ЧАВЕСТІҢ ҚҰПИЯ ӨЛІМІ

УГО ЧАВЕСТІҢ ҚҰПИЯ ӨЛІМІ

УГО ЧАВЕСТІҢ ҚҰПИЯ ӨЛІМІ
ашық дереккөзі
232

Өткен аптада әлемнің назары Оңтүстік Америка құрлығындағы Венесуэлаға ауды. Республиканың вице-президенті Николас Мадуро телеарналардан ел Президенті Уго Чавестің сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 16 сағат 25 минутта ұзаққа созылған науқастан қайтыс болғанын хабарлады. Бұл суық хабар венесуэлалықтарға ауыр соққы болып тиді. Сол күні-ақ әлемнің көптеген елдерінің басшылары оларға көңіл айтуларын жолдап, бірқатары марқұмды ақтық сапарға аттандыруға келді. Сондай-ақ ел астанасы Каракастың көшелері алыс-жақын провинциялардан жиналғандарға толып, Уго Чавестің бальзамдалған мәйітін 8 наурыз күні Каракастағы әскери музейге қоюды ұйғарған.

Уго Рафаэль Чавес Фриас 1954 жылы 28 шілдеде елдің Баринас штатындағы Сабанета қаласында өмірге келген. Оның әкесі Уго де лос Рейес Чавестің ата-тегі африка-үнді нәсілінен. Анасы Елена Фриас де Чавес креол қызы. Атасы 1859-1863 жылдары болған азамат соғысына араласып, халық көсемі Эсекиеля Самораның басшылығымен талай ұрыстарға қатысады. Ол сонымен бірге 1914 жылы ел басқарған диктаторға қарсы көтерілісті бастап, соңы қатал жазалауға ұшыраған. Оның екі қызы бар еді. Солардың бірі Уго Чавестің әжесі Роза. Анасы Елена ұлын болашақта дінбасы болады деп үміттенетін. Ал өзінің бала кездегі арманы кәсіпқой бейсболшы болу. Чавес кәсіпқой болмаса да өмірінің соңына дейін бейсболмен айналысуын тастаған жоқ. Ол жас кезінде сурет салумен де айналысып, аймақтық көрмеде сыйлық та алып жүрді. 1975 жылы Венесуэла әскери академиясын бітіріп, кіші лейтенант шенін алды. Ол сондай-ақ Каракастағы Симон Боливарь атындағы университетте де оқыған көрінеді. Чавес әуе-десант бөлімінде қызмет етіп, қызыл берет нормасын да ойдағыдай тапсырған. Өзінің сенімді қызметтестерімен бірге СОМАСАТЕ жасырын ұйымын құрады. Кейін бұл ұйымның аты Латын Америкасының тәуелсіздігі үшін күрескен Симон Боливардың есімімен Боливариан революциялық қозғалысы болып өзгереді.

Елде жүргізілген экономикалық саясат оң нәтиже бермеген соң, халық наразылығы күшейіп, жаппай ереуілдей бастаған. Үкімет оларды әскер күшімен басып тастап отырды. Жаңа саяси ағымдар пайда болып, әскерилер арасында да ашу-ыза туғыза бастады. Үкіметке қарсы шерулер барған сайын ұлғайып, 1991 жылдың 7 қарашасында шарықтау шегіне жетті. Жалпыхалықтық ереуілдерден қанаттанған кіші офицерлер подполковник Уго Чавестің маңайына жиналды. Чавес бастаған революционерлер 1992 жылы 4 ақпанда мемлекеттік төңкеріс жасауға Каракас көшелеріне шықты. Олар өкіметті басып алуға мақсат етпегендерін, тек қайта құруды және жемқор билік топтарын қолдап отырған екі палаталы парламент орнына, Венесуэла қоғамындағы барлық топ өкілдерінен құрылған Ассамблея орнататындарын мәлімдеген. Бұл көтеріліске 133 орта шенді офицерлер мен мыңдаған солдаттар және қала халқы қатысты. Алайда Жоғары әскери басшылық бұл көтерілісті қолдаған жоқ, көтерілісті басуға әскери бөлімдерге бұйрық берді. Екі жақтың қақтығысы сол күні түс ауғанша созылды. Ұрыс кезінде 17 солдат өліп, 50-ден астам әскерилер мен бейбіт адамдар жараланған. Көп әскерге қарсы тұра алмайтынын сезген Уго Чавес өкіметке беріліп, өз жақтастарын қаруларын тастауға шақырды. Чавес өзін тұтқындап жатқан кезде анталаған телеарна журналистеріне көп шығын келтіретін қантөгісті болдырмау үшін қаруларын тастағандарын, бұл жолы алдарына қойған мақсаттары орындалмай қалғанын, алайда күрес жалғаса беретінін жеткізе отырып, көтерілісті дайындап, ұйымдастырушы өзі екенін мойнына алды. Чавес пен біраз жақтастары түрмеге жабылды.

Чавес екі жылдан соң, яғни 1994 жылы ел президенті Рафаэль Кальдердің кешірім жасауымен түрмеден босатылған. Ол босаған бойда «Бесінші республика қозғалысын» құрды. Сол жылдың желтоқсан айында алғаш рет Кубада болып, Гаванна университетінде ол қашан өз мақсатына жетпейінше революциялық бағытынан қайтпайтынын ашып айтты. Чавеске идеология жағынан ықпал еткен аргентиналық Норберто Сересол әрдайым Ливия басшысы Каддафидің ісіне көңіл қоюды ұсынып отыратын. Арада санаулы жылдар өткен соң Триполиде оған адам құқын қорғауға қосқан үлесі үшін Муамар Каддафи атындағы халықаралық сыйлық тапсырылды. Ол кейін республика Президенті болысымен басқа елдермен экономикалық қатынасқа тыйым салынған Иракқа барып, Саддам Хусейнмен де кездескен.

1998 жылы қараша айында өткен парламент сайлауында «Патриоттық полюс» құрамына біріккен «Бесінші республика қозғалысы», «Еврокоммунистік», «Социализмге қарай қозғалыс», «МАС», «Отан барлығымыз үшін», «Венесуэла коммунистік партиясы» және басқа да топтар Уго Чавесті қолдап, 34 пайыз дауыс жинады. Депутаттар палатасында 189 орынның 76-сын, ал Сенаттағы 48 орынның 17-сін иемденді. Чавес басқарған «Бесінші революциялық қозғалыстың» бағдарламасы жалпылама негізде болды. Олар конституциялық реформа жасауға, саяси элитаның қызметті жеке бас­тарына пайдалануы мен елді жемқорлардан тазартуға, әлеуметтік әділеттілікке негізделген демократиялық қоғам құруға, мемлекетті басқаруға жалпы жұртты тартуға уәде берген. «Бесінші революциялық қозғалыс» қала кварталдарының кедей тұрғындарынан Чавестің өзі құрған «Боливариандық комитетке» арқа сүйеді. Сол жылы Президент сайлауында Уго Чавес сайлаушылардан 55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Алайда оның біріккен құрамасы Ұлттық конгресте көп орын ала алмады.

Елде 2000 жылы жаңа конституция қа­был­данған соң парламенттік және президенттік сайлау қайта өтті. Бұл сайлауда да Уго Чавес 60 пайыз дауыс жинап, Президент тағына отырса, ал оның қозғалысы Ұлттық ассамблеяда 165 орынның 92-сін иемденді. Республика Президенті Чавестің жақтастары мен бұрынғы элита өкілдері жыл бойына қарсыласып келіп, ақырында ашық айқасқа шықты. Қарсыластар жағы Чавестің жаңадан тағайындаған директорлар кеңесіне қарсы мемлекеттік мұнай компанияларының басшылары мен қызметкерлерімен біріккенін көрсететін ұлттық ереуілдерді ұйымдастырды. Оларды Венесуэла кәсіпкерлер бірлігі мен ірі кәсіподақтар ұйымдары қолдаған кезде 48 сағаттық жалпы ереуілді мерзімсіз уақытқа созамыз деп жағдайды бұрынғыдан да ушықтыра түсті. Сол жылдың 16 сәуірінде Каракастағы Мирафлорес алаңында Чавестің жақтастары мен қарсыластар арасында қарулы қақтығыс орын алып, 60 адам қайтыс болды. Ал 18 сәуірде әскери көтеріліс басталды. Каракас мэрі А.Пен мен құрлық әскерінің қолбасшысы Э.Васкес бастаған әскери бүлікші топтар Уго Чавесті тақтан түсіруге әрекеттер жасаған. Олар Президентті тұтқындап, белгісіз бағытқа алып кетті. Генерал Лукас Ринкон Ромеро елге Чавес орнынан өз еркімен кетті деп хабарлады. Ал қауіпсіздік министрінің орынбасары, ұлттық гвардияның қолбасшысы генерал Альберто Комачо Кайрус: «Президент Уго Чавес үкіметі елді басқаруға қабілетсіз болғандықтан, биліктен кетірілді. Ел ұлттық қарулы күштер бақылауында болады», – деп жарияға жар салды. Генерал Комачо Кайрус жергілікті телеарнадан үкіметке қарсы шеруді қанды қырғынмен басқаны үшін құлатылған Президент жауап береді деп мәлімдеген. Бүлікшілер өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Педро Кармонды уақытша ел Президенті міндетін атқару үшін тағайындады. Ол Парламентті таратып, мемлекеттік бақылау мен бас прокурордың жұмыстарын тоқтатты. Сондай-ақ, Президент Чавес басқарған жылдардағы кедейлер пайдасына шешілген ұлттық байлықты бөлу жөніндегі қабылданған заңды бұзды. Америка бұл төңкерісті бірден қолдаған. Алайда армияның көп бөлігі Президент Чавесті қолдайтын еді. Сонымен бірге «Боливарлық комитеттің» ұйымдастыруымен қала көшелеріне кедей кварталдарынан сан мыңдаған Чавестің ісін қолдаушылар шығып, Президентті тұтқыннан босатуды талап етті. Халық толқуынан қорыққан Кармон Президент міндетін орындаудан бас тартты. Ал бүлікшілер алыстағы аралда екі күн бойына қамауда жатқан Уго Чавесті босатып, билікті қайтарып беруге мәжбүр болды. Сонымен бүлікшілердің ісі Чавестің жеңісімен аяқталып, бүлік ұйымдастырушылардың бәрі де тұтқынға алынды. Қауіпсіздік саласының арнайы қызметкерлері Сыртқы істер министрі Энрике Техердің үйіне тінту жүргізіп, астыртын әрекеттерге қатысты материалдар тапқан. Алайда министр жанын жалдап, барлық айыпты мойындаудан бас тартты.

Каракастың «Мирафлорес» сарайында өткен Уго Чавестің өз міндетіне қайта кірісу салтанаты телеарналар арқылы әлем­ге таратылды. Чавес қамауда жатып, енді қайтып өз міндетін орындаймын деп ой­ла­мағанын, поэма жазуға кіріскенін, дегенмен алғашқы жырын жағдайдың күрт өзгеруінен аяқтай алмағанын айтқан. Сондай-ақ ол бұрын өзі тағайындаған мемлекеттік мұнай компанияларының директорлар кеңесін бейбіт түрде таратқанын мәлімдеді. Алайда сәтсіздікке ұшыраған сәуір төңкерісімен Венесуэладағы саяси дағдарыс біте қойған жоқ. Экономикалық қиындықтардың өріс алып, инфляцияның шарықтауын пайдаланған оппозиция өкілдері жыл соңына дейін Президент Чавестің үкіметіне қарсы төрт рет жалпыхалықтық ереуіл ұйымдастырды. 2002 жылы желтоқсан айында басталған ереуіл екі айға созылды. Бұл қарсылықты Венесуэла еңбекшілер конфедерациясы мен «Демократическая координация» саяси блогы кәсіподақтарының басшылары ұйымдастырған еді. Олар Чавестің қызметінен кетуін және оның президенттік басқару кезіндегі жұмысына референдум өткізуді талап етті. Бірақ олардың бұл әрекеттерінен де түк шықпады. Оңшыл оппозиционерлердің Чавесті президенттік тақтан шұғыл түрде түсіруді талап етуі бойынша 2004 жылы 15 тамызда референдум өтті. Сайлау учаскелеріне келгендер оппозиция талаптарына қарсы 59,10 пайыз дауыс берді. Чавес бұдан басқа да бірнеше рет сынға ұшырады. Қарсыластары «Чавес сайлау заңдылығын сақтамады, адам құқы мен саяси репрессия талаптарын бұзды, Куба мемлекетінің шығындарына жөн-жосықсыз қаржы жұмсады» деген айыптар таға отырып, олар Чавесті «Жаңа типтегі диктатор» деп атады. Осылардың бәрі Чавестің жалпы халық алдындағы беделін түсіре алған жоқ. Қайта оны қолдаушылар бұрынғыдан да көбейе түсті. Содан бастап Венесуэла мен Куба басшылары арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да күшейді. Олар өздерін айнала қоршаған жауларға жалғыз төтеп бере алмастарын біліп, біріккен антиимпериалистік майдан құруға шешім қабылдады. Чавес мұнымен де тоқтамай өзінің боливариандық идеясын қолдайтын Венесуэла маңындағы мемлекеттерді де тартты. Боливияның жаңа сайланған Президенті Эво Моралес те сондай режим орнатты. «Моралес Боливияны социалистік мемлекетке айналдыратынын ешкімнен жасырмайды. Оның мақсаты елде «XXI ғасыр социализмін» орнату». («Известия» 27 наурыз 2007 жыл). 2006 жылдың соңына таман пікірлес республикалар қатарына Орталық және Оңтүстік Америкадағы Никарагуа басшысы Даниэль Ортега мен Эквадор Президенті Рафаэль Корреа қосылды. АҚШ-тың мәліметі бойынша, Венесуэла жыл сайын Кубаға 90 мың баррелге жуық жеңілдетілген бағамен мұнай өнімдерін береді екен. Ал Куба Венесуэлаға он мыңға жуық техника мамандары мен отыз мыңдай білікті дәрігерлерін жіберген дейді. Көрші Боливия үшін Венесуэла газ кеніштерін табуда инвестиция көзі болып табылады. Уго Чавес сол жылдың шілдесінде Гамбидегі Африка елдерінің бірлігі саммитіне қонақ ретінде қатысып, америкалық отарлау саясатына қарсылық көрсетуге Африка елдерін бірігуге шақырды және Латын Америка елдерімен тығыз байланыс орнатуды ұсынды. Ол сол айда Фидель Кастромен кезекті кездесуінен кейін тағы бірқатар шетелдерге ресми сапар жасап, келіссөздер жүргізді. Атап айтсақ Белоруссия, Ресей, Иран, Вьетнам, Катар, Мали, Бенин және Солтүстік Кореяда болып, біріккен антиимпериалистік майданға мүше болу жөнінде келелі кеңес өткізді. Ол Иранға бес рет сапар шеккен. Иран басшыларымен кездесуде ол: «Кез келген жағдайда Венесуэла Иранмен бірге. Біз бірге болсақ қана империализмге қарсы тұрып, оны жеңе аламыз», – деді. Бұл мәлімдемені ол БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшелері 28 шілдеде Иранға уран байытуды тоқтатуды соңғы рет ескерткен күннің ертеңіне жасады. Иран Президенті Махмуд Ахмадинежад өз кезегінде: «Мен қазір бір окоптағы жаны бір бауырымды кездестіргендей күй кешіп тұрмын. Иран мен Венесуэла қатар тұрып, бірін-бірі қолдайтын болады. Президент Чавес Оңтүстік Америкада прогрессшіл және революциялық ағымның қайнар көзі бола отырып, империализмге қарса тұруда елеулі үлес қосуда», – деді. Екі ел басшылары өзара тиімді 29 экономикалық келісім-шарт жасасты. Әсіресе солардың ішінде аса маңызды мұнай кен орындарын іздестіру мен өндіру, өңдеу және металлургия, машина жасау, фармацевтика салалары да қамтылған. Уго Чавес Ислам Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік орденімен наградталды. Ол Иран сапарынан оралған бетте теледидардан тікелей жүретін «Алло, президент!» бағдарламасынан бес сағат бойына көрермендер сұрағына жауап берді. Сөз арасында ол бүкіл Кариб әуе қорғанысының ұлттық жүйесін жасайтынын да жасырған жоқ.

Уго Чавес қай елде де өз ойын батыл айтатын. Ол 2006 жылдың 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Америка президенті кіші Бушты «сайтанға» теңеді. Чавестің сөзіне қарағанда Буш жуырда ғана осы БҰҰ мінберінен өздерін әлемді билеуші ретінде сөйлеп, дүние жүзі Америка басшылығының ықпалымен жүруге тиіс екенін құлаққағыс етсе керек. Венесуэла энергетика және мұнай министрі Рафаэль Рамирес: «Егер біздің ел, біздің конституция Буш әкімшілігі жағынан шабуылға ұшы­райтын болса, біз оларға мұнай сатуды тоқ­татамыз. Сонда екі жақ үкіметінің қайсысы жағдайды тез жақсарта алатынын көреміз. Бізге мұнайымызды өткізетін елді табу аса қиындыққа соқпайды», – деді. Америкада күн сайын Венесуэладан тасымалданған 859 мың баррель мұнай өңделеді екен. Президент Уго Чавес: «Біз күн сайын Америкаға 1,5 млн. баррель мұнай жібереміз. Егер мен ертең осы тасымалды тоқтатуға бұйрық берсем не болар еді? Мұнай бағасы сол елде қандай деңгейге көтеріледі деп ойлайсыздар? Әр баррелдің бағасы 100 доллардан асып түсері хақ. Оның үстіне Америкадағы біздің 8 мұнай өңдеу зауытымызды жапсақ ше?» – деді ол телеарнадан сөйлеген сөзінде. («Курсив», 2 наурыз, 2006 жыл). «Келесі жылы Қытайға күн сайын 630 баррель мұнай тасымалдайтын боламыз. Біз бұл көрсеткішпен шектеліп қалмаймыз. Біздің мақсат Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін миллион баррельге жеткізу, – дейді Чавес венесуэль-қытай іскерлік форумында сөйлеген сөзінде». («Капитал», 24желтоқсан, 2009 жыл).

Венесуэлада 2006 жылы 4 желтоқсанда кезекті Президент сайлауы өтіп, Уго Чавес тағы да жеңіске жетті. Кезінде Аргентина президенті Кристина Фернандес: «Сіздің жеңісіңіз – бүкіл латын Америкасының жеңісі!», – деп құттықтады». («Известия», 10 қазан, 2012 жыл). Оның жалғыз қарсыласы оппозициядағы штат губернаторы Сулия Мануэль Росалес болды. Ол сайлауалды өз бағдарламасында: «Мен Президент болсам Чавес Ресейден сатып алған истребительдердің бәрін азаматтық ұшақтармен ауыстырамын», – деп мәлімдеген болатын. Чавес сайлаудан екі апта өткен соң басқарушы «Бесінші революциялық қозғалыс» партияны таратып, орнына 20 саяси ұйымнан құралған бір партия құратынын мәлімдеді. Уго Чавестің ойынша бір күшті партиямен «ХХI ғасыр социализмін» орнату жеңілге түседі. «Бізге көптің жиынтығынан гөрі бір партия керек. Біз ишарат жасайтын сиқырлы таяқпен ғана социализм орната алмаймыз. Социализм – бұл күн сайын жетілдіріліп отыратын жасампаздық», – деді. Ол жаңа партияны «Венесуэланың біріккен социалистік партиясы» – деп атады. Ел конституциясына да өзгеріс ендіріп, президенттік билікті екі мерзімге түсірді. 2007 жылы қаңтарда елдегі ең ірі америкалық фирмалардың бақылауындағы телекоммуникация мен электр қуатын өндіретін компанияларды мемлекет қарамағына алуды жариялаған болатын. Көп ұзамай-ақ олар мемлекет меншігіне өтті. Сонымен бірге Exxon Mobil, Cevron Total, Conoco, Pillips Statoil, BP секілді алпауыттардың мұнай өндіру мен өңдеу кәсіпорындарының бақылау пакеті акцияларын алу да қозғалған. 2007 жылы 18 қаңтарда Венесуэла Парламенті Чавес ұсынған заңды қолдап, бір жарым жыл ішінде Оринеко өзені бойындағы шетелдік мұнай компанияларының бақылау пакеті акцияларын мемлекетке өткізуге, елді Венесуэла социалистік республикасы деп атауға құқық берді. Чавестің ойынша бұл революциялық қайта құрулар Венесуэлада «XXI ғасыр социализмін» құруға зор мүмкіндіктер береді екен. Ал оппозиция мұны кезекті диктаторлық шешім деп қабылдады. Чавес сол жылдың 1 наурызында-ақ АҚШ, Франция және Ұлыбритания елдері компанияларының бақылауында болған мұнай кен орындарын мемлекеттік меншікке өткізу жөніндегі жарлығына қол қойды. «Осылай Венесуэла мұнайын шетелдіктердің жекешелендіру дәуірі бітті. Венесуэла аса маңызды стратегиялық құрылымды бақылауды өз қолына алды», – деп мәлімдеді ол. («Время», 1 наурыз, 2007 жыл). Үкімет мелекеттік меншікке өткізуден жапа шеккен компанияларға өтемақы төлейтіндерін де білдірді. 25 мамырда елдегі жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын алып тастады. Ол мұны ескірген тәсіл деді. Таяу уақытта студенттер стипендиясын 100 долларға көтеріп, аудиторияларды жаңа құралдармен жабдықтауға уәде етті. Ал 2008 жылы 1 мамырда Президент Чавес Венесуэладағы ең төменгі жалақы 372 доллар болады деген жарлығын бекітті. Тіптен соңғы жылдары орташа еңбек табысы ай сайын 500 долларға жетті. («Аргументы недели», 28 мамыр, 2009 жыл) Елде 5 миллион жұмысшы мен қызметкердің жалақысы 30 пайызға көтерілген. Бұл Латын Америкасы бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бұған жыл сайын ел бюджетінен 2,5 миллиард доллар бөлінетін болады. Елдегі жұмыссыздар саны 2000 жылы 16,6 пайыздан 6 пайызға дейін төмендеді. Уго Чавес мұның социалистік бағыттағы боливариандық революцияның арқасында болып отырғанын айтты. Чавес Парламент белгілеген бір жарым жыл ішінде Венесуэладағы энергетика секторын және барлық мұнай шығару кеніштерін мемлекет меншігіне өткізіп, қатаң бақылауға алды. Ал америкалық компаниялар жаңа жағдайда жұмыс істеуден бас тартып, ел нарығынан кетті. Елдің басқа да стратегиялық маңызды салалары мемлекет қарамағына өтті. Халықты тұрғын үйлермен қамтамасыз ету үшін цемент өнеркәсібі орындарын да мемлекет меншігіне алды. Чавес Венесуэланың социализмі КСРО социализм жүйесінен мүлдем бөлек болатынына саясаткерлерді сендіре білді.

Уго Чавес 2011 жылы 1 шілдеде Кубада екі рет қатерлі ісік ауруына ота жасатты. Ал қазан айында төрт курс химиялық ем қабылдаған. 2012 жылы 28 ақпанда Кубаның «Симек» клиникасында науқасына тағы да ота жасатуына тура келді. Сол жылдың 9 желтоқсанында Кубада төртінші рет отаға түсті. Алайда денсаулығы бұрынғыдан да нашарлап кетті. Уго Чавес 2013 жылдың 5 наурызында мәңгілікке көз жұмды. АҚШ құпия қызметкерлері оған қарсы бірнеше рет қастандық жасауды ұйымдастырмақ болған еді. Тіпті, Уго Чавесті уландырған деген де ақпарат бар.

Уго Чавес ел Президенті кезінде халықтың төменгі бөлігінің экономикалық саясатқа көзін ашып, тұрмыстық жағдайларын жақсартты. Болашақ Президентке Венесуэланың «XXI ғасыр социализмінің» жолын салып берді. Жаңа сайланған ел Президенті оның бастаған ісін жалғастыра ала ма, жоқ па? Бар гәп сонда!

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ,

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары