Жыланмен жекпе-жек

Жыланмен жекпе-жек

Жыланмен жекпе-жек
ашық дереккөзі
277

Әли ата Мырзалиев көпті көрген көнекөз қария. Көкірегі сайрап тұрған шежіре қарт. Ол кісімен әңгімелесудің сәті түскенде та­лай қызықты жайттарға қанық боласыз.

– Әли ата, өзіңіз 1928 жылы дүниеге келіпсіз. Ұлы Отан соғысы жылдарын бастан кешіп, көп өміріңізді жарылыс сынақтарын жүзеге асыратын мекенде өткеріпсіз. Елден жырақта, сынақ алаңында болуыңыздың себебі неде? – 1944 жылдың шілде айы болатын. Соғыстың нағыз қызып тұрған шағы. Сол замандарда қару-жарақтың дені Үстірт пен Барсакелместе сыналатын. Ол аймақтар Арал теңізі мен Каспий теңізінің аралығында орналасқан. Әлі күнге дейін Тайсойғанның батыс жағы түгелдей Ресейдің қарамағына қарайды дейді. Ресей қазір де қару-жарағын сол жерде тексеріп, сынақтар өткізетін көрінеді. Мен ол кезде жасым жаңа 16-ға толған жас баламын. Жетімдер үйінде тәрбиеленген, қарайтын, пана болатын ешкім жоқ болғандықтан мені және қасымдағы достарымды көшеден ұстап алып, әуелі Барсакелмеске, кейін Тайсойғанға алып кетті. Кейінірек алғашқы атом бомбасына сынақ жасаған соң, малға қалай әсер ететінін мен арқылы біліп жүрді. Атом жарылған соң бір күннен кейін алдыма қой, сиыр айдатып, жарылыс болған жерге жібереді. Сонда малдың терісі сыпырылып түседі. Мен үстіме жел өткізбейтін қалың күпәйке, дененің температурасын біршама көтеретін қалың шалбар киіп аламын. Жуыну деген атымен жоқ, қолаңса иісі мүңкіп тұрады. Кеңес өкіметі кезінде қару-жарақ, атом бомбасына сынақты көбіне Қазақстанда жасайтын. Мен бәрін өз көзіммен көрген адаммын. Кейбіреулердің естіп едім, алыстан көрдім деген әңгімелері көбіне жалған. Себебі адам көзбен көргенді ғана ақиқат дейміз. Мен сол сынақ кезінде адамдардың қалай қайтыс болып, жылқы, қой, ешкі, сиырлардың қырылғанын өз көзіммен көрдім. Сонда көріп, білгендерім кезінде «Жалын» журналында жарияланған болатын. – Тайсойғанда басыңыздан өткерген бір қызық оқиғаны айтып берсеңіз. – Өмірімдегі бір сұрапыл оқиғаның мазмұнын баяндайын. Сынақтан соң әдеттегідей қой-ешкілерді айдап кетіп бара жатқам. Кенеттен алдымнан терең құдық кез болды. Қалай құлағаным есімде емес. Шамасы 4-5 метр тереңдікке жалпамнан түстім. Іші тас қараңғы. Айналам түк көрінбейді. Төбеде қарлығаштар қалықтайды. Бірде жоғары, бірде төмен ұшып, маған да таяу келіп кетеді. Көзім үйренді. Кенет ысылдаған жыланның даусын естідім. Менен бір метр қашықтықта ысылдап тұр. Басында елес сияқты болып көрінген. Жылан одан да қатты ысылдағанда, не істерімді білмей әрі тырп ете алмай қорқып қалдым. Әкемнің маған егер жыланмен қарама-қарсы келсең, оған тайсалмай тіке қара, қозғалма дегені есіме түсті. Содан жыланмен көзбе-көз сайысқа түстім де кеттім. Жылан шамалы саябырсығандай болды. Оңтайлы сәтті пайдаланып, шұбар жыланның алқымынан алдым. Құйрығы қолыма орала бастады. Қатты қысып жіберіп, аяғымның астына салып езіп тастадым. Өлді. Қолымнан оралып қалған бөлігін айналдыра лақтырып тастадым. Сосын асықпай өрмелеп сыртқа шықтым. Күндердің бір күнінде Алматының зообағына жол түсті. Онда әлгі кішкентай кезімде қолыммен өлтірген жыланның түрін көріп, таң-тамашаға қалдым. Алдында ілініп тұрған тақтайшаға: «Бір шаққандағы уы бір пілді өлтіреді» депті. Сонда мені ажалдан алып қалған күпәйке мен күрте, бастысы батылдық еді. Өмірде де жауларыңды қарсы тұрып қасқайып жеңесің. Бұғып қалсаң, бітті дей бер. Қазір жасым сексен бесте. Өмірім жырылған жарды жағалап жүргендей өтті десе болады. Жыланмен жекпе-жекке түсу көрген қиыншылықтарымның ең жеңілі екен. Айта берсем, әңгіме көп. Қызықты хикаяңызға рахмет!
Әңгімелескен Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

Серіктес жаңалықтары