Ғажайыпқа толы Мұғла

Ғажайыпқа толы Мұғла

Ғажайыпқа  толы Мұғла
ашық дереккөзі
187

Жуырда Алматыдағы Анкара қонақ үйінде Түркия елшілігінің Мәдениет және Ақпарат бөлімінің шақыруымен қаламызға келген Мұғла шаһарының губернаторы Фатих Шахин мырза мен Даламан әуежайының Бас директоры А.Хамди Гювенч мырза баспасөз өкілдерімен кездесті.

Түркия десе, қазақстандық туристер үшін көбіне көңілді Бод­рум, жанға жайлы жағажайлы Аланья, күн сәулелі Анталья және тарихи Фетхие елестейтіні анық. Ал Мұғла да табиғи ғажайыптарымен ерекшеленетін тарихи туристік орталық болып саналады екен. Ғажайыпқа толы Мұғла жайында қала губернаторы Фатих Шахин мырза кеңінен тоқталып өтті.

Губернатордың айтуынша, елдің бұл әсем аймағында өткен өркениеттердің көптеген ескерткіштері сақталған. Мұғла – континент тереңінде жатқан про­винцияның астанасы. Ол өзінің дәстүрлі архитектурасымен танымал. Қаланың шығыс бөлігінде Озлюдже ауылының маңында аспан астындағы ашық музей болып табылатын Тюролиан паркі бар. Бұл жерде қонақтар бес миллионнан тоғыз миллион жылға дейін жатқан тастарды көре алады.

Қала губернаторының сөзіне сүйенсек, Мұғлаға жақын маңайда орналасқан жағажай да өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Мұндағы су таза әрі жылы. Аквалангке құмарлар көптеген рифтерді, су асты үңгірлері мен жартастарды зерттеуіне мүмкіндігі бар. Теңізде түрлі форма мен өлшемдегі губкалар, сегізаяқ пен су асты әлемінің басқа да көптеген жәндіктері мекен етеді.

«Біздің мұнда келгендегі бас­ты мақсатымыз – Мұғланы таныс­тыру. Мұғланың кереметін айту. Жұмақты көргіңіз келсе, Мұғлаға келіңіз дер едім. Шын мәнінде, Мұғла кереметтерге толы аймақ. Мұнда Стамбулдағы сияқты екі әуежай бар», – дейді губернатор.

Фатих Шахин мырзаның Қазақстан жеріне алғаш аяқ басуы екен. Оған дейін Қазақстан туралы, қазақтар туралы көп естігенін айтады. «Қазақтың қонақжайлылығын көрдім. Екі күн ішінде көптеген қазақтармен таныстым. Сіздердің бауырмал, мейірбан, қонақжай қалыптарыңыз ұнады», – дейді қала мэрі.

Мұғлаға былтырғы жылы 3 132 000 туристер аяқ басқан екен. Теңіз бен жағалаулардан бөлек, Мұғла тарихи көне ескерткіштерімен де көз тартатынын да жеткізді қала губернаторы.

Ғажайып Мұғланы көруге асыққан туристердің саны жыл санап артып келеді екен. Жыл сайын мұнда еуропалықтар көп ат басын тірейтін көрінеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан қонақтардың Мұғланың әсем тіршілігімен танысуына мүмкіндігі мол.

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары