Қоғамды жерге қарататын 13 мың қасірет

Қоғамды жерге қарататын 13 мың қасірет

Қоғамды жерге қарататын 13 мың қасірет
ашық дереккөзі
202

Жетім баланың несібесіне ортақтасып, онсыз да көңілі жарымдарды соққыға жығатын тәрбиешілер табылады екен. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жетімдер үйінен шығатын қыздардың 60 пайызы – жезөкше, ал 70 пайыз ер бала – қылмыскер болады дейді тәуелсіз сарапшылар. Бұған кім кінәлі? Ананың аялы алақаны мен жан жылуына зәру балапандарды сағаттар бойы тізерлетіп отырғызып қойып, құлшылық етуге мәжбүрлейтіндер, оларды үнемі ашқұрсақ ұстайтындар Құдайдан қорықпай ма? Шетелге бала сату неліктен тоқтамай тұр?

«Жетімдер үйі жабылсын»

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің жетекшісі Раиса Шердің айтуынша, ата-аналар жыл сайын жетімдер үйі мен интернаттардан 3 мың баланы асырап алады. Осының арқасында былтыр 14 интернат жабылған: «Соңғы бес жылда жетімдер тізіміндегі балалар саны 16,5 мыңға қысқарды». Ресми деректерге сүйенсек, 2012 жылдың маусымынан бастап Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі интернет-қор мен жетімдер үйі, интернаттар мен басқа да мекемелердегі жетімдер мен асыраушыларынан айрылған барлық балалардың аты-жөні жазылған электронды база қалыптастырылған. Ал Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, 1999 жылдан бері 47 мың жетім бала асырап алынған. Олардың 38 мыңы отандастар отбасында тәрбиеленуде, 547 баланы шет елдерде тұрып жатқан туыстарына аманаттаған, 8806 балақай жатжұрттықтардың жетегіне шекара асып кеткен.

Адами құндылықтарға жүгінген Қазақ қоғамында бұрын жетімдер үйі болмаған. Тентегін тезге сала білген қазақ жетімі мен жесірін де жылатпаған. Өткен аптада Астанада ұйымдастырылған «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» деген тақырыптағы азаматтық форумда жетімдер үйлері жайында ұсыныс айтқан «ДОМ» қайырымдылық қорының жетекшісі Аружан Саин еліміздегі барлық жетімдер үйін 7-8 жылда жабуға болатынын айтады. Қазақстанда 11 мың балапанның 196 интернаттық мекемеде өмір сүріп жатқанын көлденең тартқан А.Саин оларды асырауға мемлекеттік бюджеттен 8 млрд. теңге жұмсалатынына және әр балаға орташа есеппен алғанда, 1 млн. теңге бөлінетініне тоқталды: «Осы ақшаны ата-аналарға берейік деп көлгірсігім келмейді. Қаржыландыру мәселесін ойластырып, бүге-шігесіне дейін саралап алған жөн. Егер бала ауру боп туылса немесе нәрестелі болған отбасы не жалғызбасты ана баспанасыз жүрсе, баланы жетімдер, үйіне өткізбес үшін мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаражатты сол отбасыларға көмек ретінде беру керек».

Астанадағы Азаматтық форумда ҚР Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Мемлекет жетімдер үйі мен интернаттарға орасан зор көлемде қаржы бөледі. Жыл сайын әр балаға 1 млн. теңгеден келеді. Бірақ ешқандай ақша бала үшін отбасы, ата-ана махаббаты мен жан жылуын айырбастай алмайтынын мойындауымыз керек» дей келе, 2011-2012 жылдардағы оқу жылында Қазақстандағы жетім балалар саны 36 800-ге жеткенін, олардың 21 мың 600-і асырау­шысын тапқанын айтты. Ал мемлекеттік мекемелерде 13000 бала тәрбиеленуде. «Бүгінде екі-үш баланы асырап алғанын қанағат тұтпауымыз керек. Жетімдер үйі мен интернаттардағы 13 мың бала – 13 мың қасірет. Сағағынан ерте үзілген он үш мың тағдыр», – деді депутат ханым.

Жетімдер үйінен – жезөкшелікке…

Сол тағдыр тәлкегіне ұшыраған жетімдердің жайын жуырда прокуратура қызметкерлері де қозғаған болатын. ҚР Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы Қанат Сейдіғаппаров жетімдер үйінде тәрбиеленген 12 мыңнан астам жастың баспанасы жоқтығын және олардың тек жартысы ғана үй кезегінде тұрғанын мәлімдеген еді: «Соңғы 7 жылда жетімдер үйінің 14 мың түлегінің 832-сі ғана (6 пайызы) баспанаға мұқтаж болмаған. Ал мемлекеттен үй алғандары – 823 (5,8 пайыз). Осыған орай, 12 мыңнан астам жетімнің бастарында үйі жоқ, олардың тек жартысы ғана үй кезегінде тұр».

Қ.Сейдіғаппаровтың айтуынша, жетімдер үйіндегі он баланың сегізі әлеуметтік тұрғыда ғана жетім, яғни, әке-шешесі тірі. ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 12 860 әлеуметтік ахуалы төмен отбасы есепке алынған. Оларда әлеуметтік жетімдер қатарына қосылу қаупі бар 19 500 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 1 744 балаға артыпты. Соңғы екі жылда 2 мың 500 баланың туғандары ата-ана құқығынан айрылған. Демек, бала тәрбиесіне мән бермейтін, жауапкершілік жүгін сезінбейтін ата-ана көбейіп келеді: «Қазақстанда ата-анасыз қалған 34 мың баланың 2 жарым мыңы ғана асыраушылардың қамқорлығына берілген. Соңғы бес жылда интернаттардағы балалар саны 32 пайызға, ал интернаттық мекемелердің саны 14 пайызға азайды».

ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев ата-ананың қарауынсыз қалған жасөспірім қыздар (15-16 жастағы) арасында 3 қыздың аяғы ауыр боп қалғанын айтқан болатын: «Ең сорақысы, осы жайтты сырт көзден жасырып, оларға жасанды түсік жасатқан. Бұл балалардың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіргені анық». Азаматтық форумда көтерілген тағы бір мәселе, жетімдер үйінен түлеп ұшқандардың келешек тағдыры. Осы мәселемен айналысатын үкіметтік емес ұйым белсенділерінің айтуынша, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жетімдер үйінде өскен қыз балалардың 60 пайызы жезөкшелікпен айналысатын көрінеді. Ал ер балалардың 70 пайызы қылмыскер атанады. Мамандар пікірінше, осындай адам шошырлық жайттар жетімдерді ересек өмірге бейімдеу мәселесінің ақсап қалғанын көрсетеді. Сол себепті, жетімдер үйінің орнына патронаттық, яғни, қамқор отбасылардың санын көбейткен жөн. Қазір мұндай жанұялар баршылық. Бірақ олардың әлеуметтік жағдайы. Мәселен 2 мың баланы асырап алған отандастар балалардың әрқайсысына 17 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұл қаражат лайықты өмір сүруге жеткіліксіз. Алайда, ҚР білім және ғылым министрлігінің өкілдері «Балалар құқығын қорғау» қоғамдық қозғалысының өкілдері асыра сілтеушілікке ұрынды деген уәж айтып отыр. Олай болуы да ғажап емес…

Жетімнің несібесіне ортақтасқандар

Басынан сипап, арқасынан қағатын жанашыры жоқ жетімнің өмірі мен тағдырына жауап беретін мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында да Құдайдан қорықпайтын қатыгездері бар екен. Таяуда арнайы тексеру жүргізген прокуратура қызметкерлері біраз былықтың бетін ашқан. Қанат Сейдіғаппаров: «Жыл са­йын жергілікті бюджет пен демеушілерден тәрбиеленушілерге 8 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Ай сайын мемлекет әр балаға 70 мың теңге бөледі. Алайда, Балалардың құқығын қорғау комитетімен бірлесіп өткізген тексерулер кейбір мекемелерде балалардың өмір сүруіне керекті қарапайым жағдай жасалмағанын көрсетті», – деп мәлімдеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпектідегі жетімдер үйіндегі 4 бала қыста киетін етігі жоқ болғандықтан, бірнеше күн бойы сабаққа бармаған. «Тәрбиешілердің еңбегіне құрметпен қарасақ та, олардың кейбірі жетімдердің несібесіне қол сұғатынын айтпасқа болмайды» деген Қ.Сейдіғаппаров Алматыдағы №8 мектеп-интернаттың директоры (қазір ол жерде басқа директор) ол жерде жұмыс істемейтін жұмыскерлердің шотына 1,5 млн. теңгені аударып жібергенін айтты. Дәл осындай жағдай Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы мен Жамбыл облысы Меркі ауданындағы жетімдер үйінде қайталанған. Ал Батыс Қазақстан облыстық көмекші мектеп-интернаттан 2 млн. теңгеден астам қаражатқа азық-түлік сатып алуға ақша төленгенмен, тауар әкелінбеген.

Қарағандыдағы «Жалғас» жасөспірімдер үйінің 16 жастағы тәрбиеленушісі мас болып, далада ұйықтап қалған. Осының салдарынан бала аязда үсіп өліпті. Бұл қарауындағы балалардың тәрбиесіне мән бермеген қызметкерлердің кінәсінен екені анық. Ең сорақысы, Алматыдағы психикалық дамуы шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттағы 96 баланың 37-сі тексеру кезінде жоқ боп шыққан. Мекеме қызметкерлері, тәрбиешілер олардың қайда екенін, не істеп жүргенін білмейді… Бас прокуратура өкілдері мұндай жайттардың жиілеуі интернаттық тәрбие жүйесіне жасалатын қадағалаудың әлсіреуінен дейді. Оған кінәлі – жергілікті атқарушы органдар. ЮНИСЕФ балалар қорының өкілдері жетімдер үйі мен интернаттардағы балаларға қол жұмсау фактілерінің жиілегенін айтады. Бұл орайда, Қанат Сейдіғаппаров: «Балаларға зорлық-зомбылық жасау мәселесі өте өзекті мәселелер қатарында. Оған аталған мекемелердің белгілі бір деңгейде жабық болуы себеп. ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірігіп жүргізген тексерулер нәтижесінде тәрбиеленушілердің жартысы өздерін тәрбиешілері күн сайын ұрып-соғатынын айтты», – дейді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары