Қоғамдық қабылдауда – Божко

Қоғамдық қабылдауда – Божко

Қоғамдық  қабылдауда – Божко
ашық дереккөзі
419

Өткен аптада төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Бұған дейін министр партия кеңсесінде бір жарым ай бұрын алты азаматты қабылдаған екен. Бұл жолы төтенше жағдай министрінің қабылдауына сегіз адам жазылыпты. Оның төртеуі жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша өтініш берген.

Төтенше жағдайлар министрі соңғы кезде жұмысқа қабылдау туралы өтініштердің көбейіп келе жатқанын айтып өтті. «Осыдан алты-жеті жыл бұрын бұл салада қырық пайызға дейін маман жетіспеушілігі байқалатын», – деді министр. «Біздің жұмысымыздың абыройы өскендігінің әрі жалақы көлемінің артқанының белгісі», – деді Божко.

Ақмола облысындағы Воздвиженка ауылының тұрғындары көпір салу мәселесін айта келсе, осы облыстың Зеренді елді мекенінің тұрғыны Дмитрий Куликов өртеніп кеткен екі үйдің шығынын жабуға қатысты көмек сұрайды.

Министр ауылға көпір салу мәселесін облыс әкіміне дереу хабарласып, септігін тигізуге уәде берді.

Сондай-ақ министр Астанадағы төтенше жағдайлар департаментінен «Мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарын бұзғаны үшін қызметтен босатылған қызметкерлердің біразын басқа жұмысқа орналастырып жатқанын да мәлімдеді.

Жалпы, жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігіне ғаламтор арқылы 1500 арыз-шағым келіп түскен, министрдің айтуынша, оның жартысына жуығына жауап берілген.

Көлбай ЖЕҢІС

Астана

Серіктес жаңалықтары