2 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ТАПҚАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ
2 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ТАПҚАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ
Қызылорда облысы, Тереңөзек кентінде баспанасын сатып, басқа жұртқа көшпекші болған қарт әжеміз сол күні 2 миллион теңгесін жоғалтам деп әсте ойламаса керек. Үйді сатып алған кісі әжеміздің қолына сол күні қыруар ақшаны санап беріп, шығарып салады.
Ақшаны қағазға орап, одан соң бет орамалға, содан соң пакетке салған әжей базар аралап жүріп, ақшаны қолындағы зат салынған үлкен қол сөмкесіне сүңгіте салған. Мұнан соң кент орталығындағы бір дүкенге кіріп, зейнетақысына біраз сауда жасаған Зерлаш Әлшерова әжеміз қол сөмкесін сол дүкенге ұмыт қалдырып, үйіне келеді.
Қарттық жеңіп, ұмытшақтыққа бой алдырған Зерлаш әже күні бойы ақшаны іздей қоймайды. Кешкілік отбасы үйдің ақшасын әңгіме қылғанда Зерлаш әжеміз ақшаны сандықтың түбіне салдым деп ойлап, еш алаңсыз отыра береді. Бірақ әжейдің отбасы сандықтан да, басқа жерден де ақшаны таппай дал болады. Әжейден сұраса, ол кісі есіне түсіре алмайды. Бір күн бойы өздері іздеп, таппаған соң, келесі күні Сырдария аудандық ішкі істер бөліміне хабарласып, болған жағдайды баяндап, көмек сұрайды. Сонымен бірге ақшаны ешкімнің тартып әкетпегенін немесе ұрлап алмағандығын да айтады.
Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Тереңөзек кентінде орналасқан сауда дүкенінде қызыл түсті пакетке салынған көрпешенің тысына ораулы 2 миллион теңге ақшаны табады.
Дүкен сатушысының айтуы бойынша, кешке дүкенін жабарда сауда жасайтын орында ақ түсті сөмкені көріп, «біреуден қалып қойған шығар, іздеп келсе, берермін», – деп қоймаға қоя салған. Сырдария АІІБ-нің учаскелік полиция инспекторлары келіп, дүкен иесінен сұрастырғанда, сатушы әлгі сөмкені көрсетіп беріпті.
Жоғын тапқан Зерлаш Әлшерованың учаскелік полиция қызметкерлеріне деген алғысы шексіз. «Полиция қызметкерлері көмек сұрап барғанымда, 2 миллион теңгені түп-түгел өзіме қайтарды. Олар болмағанда мен үйімнің ақшасын таппас едім», – деп өз ризашылығын білдірді. Полиция қызметкерлері Зерлаш әжейдің ұмытшақтығын ескеріп, әжейдің жақын туысын шақырып, ақшаны иесіне қайтарып берді.