1733
Асылдың сынығы, тектінің тұяғы
Асылдың сынығы, тектінің тұяғы
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың қызы, белгілі қоғам қайраткері Гүлнәр Дулатова 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, өткеніміз бен бүгінімізді түгендеп, ел тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан қазақтың қайсар қызы әке аманатына адал болды.
Гүлнәр Міржақыпқызы – ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың артында қалған жалғыз ұрпағы. 1915 жылы Орынборда туып, зұлмат жылдарды бастан өткерген Гүлнәр анамыз небәрі 14 жасында әкеден тірідей айрылады. 1939 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін үздіксіз 48 жыл бойы дәрігер-дерматолог болып қызмет істеді. Мамандығына сай еңбек ете жүріп қазақтың қайсар қызы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауымы өкілдерінің, яғни Алаш арыстарының ақталуына ұйытқы болды. Сөйтіп, ол алғаш рет сталиндік репрессия құрбандарын саяси ақтау комитетіне Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. қоғам қайраткерлеріне қатысты материалдарды жолдады. Олар ақталғаннан кейін Гүлнәр Дулатова Қазақстан мұражайларына көптеген экспонаттар берді. Г.Дулатова әке жолын қуып, қолына қалам алып, артына мол мұра қалдырды. Ол 1988 жылдан бастап мерзімді баспасөз беттеріне көптеген мақалалар, очерктер, естелік-эсселер жазып тұрды. Апамыздың қарымды қаламынан туған Алаш арыстарының өмір белестері суреттелген бұл дүниелер жинақталып, «Алаштың сөнбес жұлдыздары» (2010 ж.), «Шындық шырағы» (2012 ж.) деген атпен жеке кітаптар болып жарыққа шықты. Гүлнәр Дулатова Қазақстан және шетел ғалымдарының әдеби, тарихи-этнографиялық зерттеулеріне үлкен үлес қосты. Әкесі Міржақып Дулатовтың бірнеше шығармалар жинағын құрастырды. 2010 жылы республикада медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Алтын медалі берілді. Гүлнәр Міржақыпқызы сондай-ақ айрықша еңбегі үшін 2011 жылы Алаш арысы Әлихан Бөкейханов атындағы тәуелсіз қоғамдық төсбелгімен марапатталды. Алаш арыстарының көзін көрген, олардың ақталуына саналы ғұмырын арнаған аяулы ана, ардақты жан Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова көпшіліктің жадында әрдайым сақталады.
«Түркістандықтар»